Бұл әлемнің оныншы ракеткасы Елена Рыбакина үшін Аустралия ашық чемпионатында сәтті өнер көрсетіп, финалға шыққаннан кейінгі алғашқы жарыс болмақ. Қазақстандық теннисшінің осы турнирдегі мақсаттары мен оның жетістікке жету мүмкіндіктеріне тоқтала кетейік.
БАӘ астанасында WTA 500 жарысы тарихта екінші рет өтуде. 2021 жылы белорусиялық Арина Соболенко ширек финалда Рыбакинаны 6:4, 4:6, 6:3 есебімен ұтып, турнир жеңімпазы атанды. Жақында ол Аустралия ашық чемпионатының финалында тағы да Еленадан басым түсті.
2022 жылы турнир өтпей қалды, бірақ бір жылдан кейін күнтізбеге қайта оралды. Әлемдік рейтингтегі позициясының жақсаруының арқасында Рыбакина жарыстың үшінші ракеткасы болып тіркелді. Дарья Касаткина (1) мен швейцариялық Белинда Бенчич (2) алғашқы екі орынға жайғасты. Турнирде рейтингі ең жоғарғы төрт қатысушы жарысты екінші турдан бастайды. Осы жарыстағы Еленаның басты қарсыласы Дарья Касаткина. Олардың жеке кездесулерінің есебі Дарьяның пайдасына 2:1. Дегенмен, Елена Аустралия ашық чемпионатынан кейін чемпиондық титулды иеленуіне мүмкіндігі зор.
Абу-Дабидегі турнирдің жүлде қоры 780,6 мың доллар, яғни 362,3 миллион теңге. Жекелей сында жеңіске жеткен теннисші 120 150 доллар немесе 55,7 миллион теңге және 500 рейтингтік ұпай жинай алады.
Бүгін елорда уақытымен 20:00-де еліміздің бірінші ракеткасы әлемнің 20-ракеткасы, чехиялық Каролина Плишковаға қарсы кортқа шықты. Ал 21:30-да Юлия Путинцева ширек финалға шығу үшін әлемнің 14-ракеткасы, бразилиялық Беатрис Хаддад Майямен кездеседі. Турнир Абу-Дабидегі "Зайед Спортс Сити" спорт кешенінде өтуде.