Рыбакина мен Путинцеваның Мельбурнде жолы болмады

2377

Қазақстандықтар Елена Рыбакина мен Юлия Путинцева Мельбурнде өтіп жатқан Grampians Trophy WTA 500 турнирінің ширек финалына шыға алмады.

Рыбакина мен Путинцеваның Мельбурнде жолы болмады

Қазақстанның бірінші, әлемнің 19-ыншы, осы жарыстың 4-ракеткасы Елена Рыбакина екінші айналымда әлемдік рейтингте 66-орындағы чехиялық Барбора Крейчиковамен шеберлік байқасты. Бірінші партияны қазақстандық теннисші брейктің нәтижесінде өз есебіне жазды – 6:4. Екінші сетте есеп 1:1 болған мезетте Крейчикова брейк жасап кетті – 2:1. Ол өз мүмкіндігін мүлт жіберген жоқ – 6:2. Шешуші тай-брейкте Барбора ептілік көрсетті – 10:6. Чехиялық спортшы жарыстың жартылай финалына шығу үшін әлемнің 24-ракеткасы, америкалық Дженнифер Брэйди немесе рейтингте 78-орында тұрған, украиналық 18 жастағы Марта Костюктың біреуімен таласады. Бұл туралы Қазақстан теннис федерациясының баспасөз қызметі хабарлады.

Дүниежүзілік рейтингте 28-орында тұрған Юлия Путинцева осы доданың екінші айналымында Аустралия ашық чемпионатының екі мәрте жеңімпазы, әлемнің 13-інші, осы доданың 3-ракеткасы, Беларусь өкілі Виктория Азаренкомен кездесті. Матчты өте сәтті бастаған қазақстандық теннисші 4:0 есебімен алға шықты. Алайда бұдан кейін Азаренко қатарынан алты геймді алды – 6:4. Екінші сетте де Юлия алға кетті – 2:0. Ақыры айқын басымдылық таныта алды – 6:1. Тай-брейкте Азаренко жеңісті жұлып алды – 11:9.

Путинцева мен Рыбакина  Grampians Trophy WTA 500 турнирінде қарсыластарына жеңілгендеріне қарамастан енді 8 ақпан күні олар Аустралияның ашық чемпионатына қатысатын болады. "Үлкен дулыға" турнирінің жеребе тарту рәсімі бастапқыда жоспарланғандай бейсенбі емес, бүгін, жұма күні өтеді. Tennis Australia басшысы әрі Australian Open директоры Крэйг Тили теннисшілер тоқтаған Мельбурн қонақүйі күзетшілерінің бірінен коронавирус табылғаннан кейін қандай іс-шаралар қабылданатынын әңгімелеп берді. Ковидке 500-ден астам адам тест тапсырады, соның ішінде 160 теннисші бар. Нәтижесі көп ұзамай белгілі болады. Ұйымдастырушылар жұқтыру деңгейі өте төмен болады деп есептейді. Күзетшіден індет табылуына байланысты Мельбурнда өтіп жатқан ATP және WTA турнирлерінде бейсенбіге белгіленген матчтар кейінге қалдырылды. WTA жарыстары бүгін, 5 ақпан күні жаңа сипатта жалғасады. Яғни теннисшілер толық екі сетті өткізеді. Үшіншісі қажет болған жағдайда тай-брейк түрінде 10 ұпайға дейін созылады.

Аустралия ашық чемпионатында Қазақстаннан жеті теннисші бақ сынайды. Әйелдер арасында Елена Рыбакина, Юлия Путинцевадан бөлек, Зарина Дияс және Ярослава Шведова, ерлерден Александр Бублик пен Михаил Кукушкин ойнайды. Оған қоса А.Бублик Андрей Голубевпен бірге жұптық сында өнер көрсетеді.

Ермұхамед Мәулен

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу