Рыбакина неге құлдырады?

1899

Қазақстанның үздік теннисшісі, әлемнің 20-ракеткасы Елена Рыбакина Дохада (Катар) өтіп жатқан беделді WTA 1000 турнирінің бірінші айналымындағы кездесуінде жеңіліп қалды. 

Рыбакина неге құлдырады?

Рыбакина Аделаидада (Аустралия) өткен турнирде финалға шығып, жаңа жылды тамаша бастады. Бұл  жарыстар Аустралияның ашық чемпионатына дайындық болып саналады. Елена ол жарыстарда финалға шығып, тек жергілікті теннисші, әлемнің бірінші ракеткасы Эшли Бартиден жеңіліп қалды.

Дегенмен бұл матчтан кейін Елена физикалық жағдайын жақсартып, психологиялық тұрғыдан шыңдалды деуге болады. Алғашқы аптадан бастап көпшілік бұл маусым Елена үшін нағыз серпіліс болады деп болжаған еді. Аделаидадан кейін ол Аустралияның бұрынғы астанасы – Сиднейге аттанды. Онда қазақстандық теннисші АҚШ ашық чемпионатының қазіргі чемпионы 19 жастағы Эмма Радуканға жеңіске жетуге еш мүмкіндік қалдырған жоқ – 6:0, 6:1.

22 жастағы теннисшінің қаңтар айының екінші аптасынан бері жолы болмай жүр. Елена жарақатына байланысты келесі кездесуге шыққан жоқ. Ол Сиднейдегі турнирді аяқтамады. Ал Аустралияның ашық чемпионатының басталуына бір аптаға жуық уақыт қалған болатын. Дегенмен Рыбакина алғаш рет әлемдік рейтингте 12-орынға көтеріліп, еліміздің рекордын тағы да жаңартты.

18 қаңтарда Елена Australian Open турнирінде өзінің отандасы Зарина Диясты оңайлықпен жеңген жоқ – 6:7 (3), 7:6 (3), 6:1. Матч кезінде Рыбакина аяғындағы жарадан қатты қиналды. Екі күннен кейін Елена қытайлық Чжан Шуаймен кездесті. Бірақ жерлесіміз алғашқы сетте жеңіліп қалды. Содан кейін жарақатына байланысты кездесуді мүлде аяқтай алмады.

Рыбакина ақпанның екінші аптасында Санкт-Петербургтегі (Ресей) турнирді сәтті бастады. Алайда екінші айналымда денсаулығына байланысты чех Тереза ​​Мартинцовамен кездесуге келмеді. Аустралияның ашық чемпионаты мен Сидней чемпионатын аяқтай алмағанын ескерер болсақ, Рыбакина үшінші рет қатарынан жарыстан шығып қалды. Бұл жанкүйерлерді алаңдатпай қоймады. Теннисшіден де бұған қатысты ресми мәлімдеме болған жоқ.

14 ақпандағы жаңартылған рейтингте Рыбакина 16-шы, ал 21 ақпанда 20-сатыға дейін түсті. Содан кейін Елена әлемнің 20-ракеткасы ретінде Дохадағы ең беделді турнирлердің біріне жол тартты. Бастапқыда Рыбакина әлемнің 35-ші ракеткасы чехиялық Маркета Вондроусовамен кездесуі керек еді. Бірақ ол турнирден шығып, оның орнын Румыниядан келген Жаклин Адина Кристиан басты. Іріктеу кезеңінде әлемнің 71-ракеткасы француз Оушен Додиннен (93) екі сетте ұтылды – 2:6, 6:7 (4). Бірақ, Кристиан Вондроусованың турнирді жалғастырудан бас тартуына байланысты екінші мүмкіндік алып, Рыбакинамен ойнады. Жаклин Адинаның жеңісіне сенгендер аз еді. Дегенмен Жаклин 6:4, 6:3 есебімен жеңіске жетті. Осылайша, іріктеуде жеңілген румыниялық теннисші үлкен турнирдің екінші кезеңіне дейін жетті.

Рыбакина үшін бұл кездесу кезекті сәтсіздік болды. Бұған дейін денсаулығына байланысты Дубайда (БАӘ) өткен турнирге де қатыспады. Енді міне Дохада сәтсіздікке ұшырады. Елена рейтингте бұдан кейін төмендеуін тоқтатпайды деген ой келеді. Бірақ бабына қайта келеді деген үміт те бар. 

Ермұхамед Мәулен

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу