Рыбакина "Уимблдонның" 1/8 финалына шықты

1707

Турнир аяқталғаннан кейін еліміздің бірінші ракеткасы әлемдік рейтингтегі орнын біршама жақсартатыны сөзсіз.

Рыбакина "Уимблдонның" 1/8 финалына шықты

Әлемнің 23-ші ракеткасы, қазақстандық Елена Рыбакина "Уимблдон" турнирінің үшінші айналымында WTA рейтингінің 52-ші сатысында тұрған қытайлық Цинвэнь Чжэнді 7:6 (7:4), 7:5 есебімен жеңді. Матч 1 сағат 22 минутқа созылды. Жеке кездесулерде қазақстандық теннисші алға шықты – 1:0. Елена жарыстың төртінші айналымында әлемнің 80-ші ракеткасы, хорват қызы Петра Мартичпен ойнайды. Матч 4-маусымға жоспарланған.  

Сонымен қатар әлемнің бірінші ракеткасы, польшалық Ига Швентек күтпеген жерден Уимблдонның үшінші айналымында жеңіліп қалды. Ол франциялық Ализе Корнеге (WTA рейтингінде 37-ші) 4:6, 2:6 есебімен есе жіберді. Матч бір сағат 33 минутқа созылды. Осылайша, поляк теннисшісінің 2022 жылдың 16 ақпанынан бастап жалғасқан 37 ойыннан тұратын жеңіліссіз рекордтық көрсеткішіне нүкте қойылды. Корне алғашқы айналымда қазақстандық Юлия Путинцеваны да жеңген болатын. Ол уақытта франциялық теннисші Юлиядан  6:3, 7:6 есебімен басым түсті.

Биыл бұл турнирде әлемнің ең мықты деген теннисшілері жарысты күтпеген жерден ерте аяқтауда. Солардың бірі қазіргі таңда ерлер арасында әлемнің нөмірі бесінші ракеткасы, Грециядан келген Стефанос Циципас. Ол Уимблдонның 3-айналымынан әрі аса алмады. 1/16 финалда 23 жастағы Циципастың қарсыласы 27 жастағы аустралиялық Ник Кирьос болды. Матч 3 сағат 15 минутқа созылды. Қорытынды есеп 6:7 (2), 6:4, 6:3, 7:6 (7). Ник үшін бұл Циципасқа қарсы бес кездесудегі төртінші жеңіс. Енді әлемдік рейтингте 40-орында тұрған аустралиялық Уимблдондағы жеке рекордын қайталауға бір қадам қалды. Ол 2014 жылғыдай қайтадан ширек финалға шығу үшін 20 жастағы Брэндон Накасимадан басым түсуі керек.

Сондай-ақ әлемнің 38-ші ракеткасы, қазақстандық Александр Бублик Уимблдон-2022 турнирінің төртінші кезеңіне өте алмады. Жекелей сында үшінші айналымдағы кездесуде Бублик АҚШ өкілі Фрэнсис Тиафодан 6:3, 6:7 (1:7), 6:7 (3:7), 4:6 есебімен жеңіліп қалды. Кездесу 3 сағатқа жуық уақытқа созылды.

Тағы бір қазақстандық Александр Недовесов пәкістандық Айсам Курешимен дуэтте өнер көрсетіп, Рафаэль Матос (Бразилия)/Давид Вега-Эрнандес (Испания) жұбынан 6:3, 6:7 (6:8) есебімен жеңіліп қалды. 3:5. Үшінші сетте қазақстандық-пәкістандық жұп Айсамның жарақатына байланысты ойынды жалғастырудан бас тартты.

Ермұхамед Мәулен

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу