Рыбакина US Open-2021 турнирінің жеңімпазын жеңді

1743

Қазіргі таңда Елена Рыбакина әлемдік рейтингте 13-орынға жайғасты. 

Рыбакина US Open-2021 турнирінің жеңімпазын жеңді

Қазақстанның бірінші ракеткасы Елена Рыбакина Сиднейде (Аустралия) өтіп жатқан WTA 500 турнирін сәтті бастады. Аталған додада тоғызыншы нөмірмен өнер көрсететін Елена алғашқы матчта қарсыласына жеңіске жетуге еш мүмкіндік қалдырмады. Әлемнің 13-ші ракеткасының қарсыласы US Open-2021 жеңімпазы британиялық Эмма Радукану болды. Кездесу 22 жастағы теннисшінің тамаша жеңісімен аяқталды. Қорытынды есеп 6:0, 6:1. Бұл спортшылар арасындағы алғашқы кездесу болды.

Ойын бар болғаны 56 минутқа созылды. Осы уақыт ішінде Елена қос қателік жіберіп, төрт мәрте допты ойынға қосу барысында қателесті. Әлемдік рейтингте 18-орында тұрған 19 жасар Эмма алты қосарлы қателікке жол берді. Өткен күзде Радукану АҚШ-тың ашық чемпионатында үздік нәтиже көрсетіп, WTA-дың жаңа жұлдызы атанғанын айта кетейік. Ол үшін бұл жаңа маусымдағы алғашқы матч болды.

Рыбакинаға келер болсақ, өткен аптада Аделаидада (Австралия) ұйымдастырылған WTA 250 турнирінде финалға шығып, әлемнің бірінші ракеткасы және корт иесі Эшли Бартиден 3:6, 2:6 есебімен ұтылып қалды. Елена келесі кезеңде америкалық Джессика Пегуланы екі сетте де, 6:4, 7:6 (3) есебімен ұтқан франциялық Каролина Гарсиямен айқасады. Осы уақытқа дейін Рыбакина Гарсияға қарсы екі рет ойнап, екеуінде де жеңіске жеткен еді.

Сондай-ақ Рыбакина өзінің жеке және Қазақстан рекордын жаңартып, алғаш рет әлемнің 13-ші ракеткасы атанды. Дегенмен қазірдің өзінде Live-рейтингте Елена Сиднейдегі жарыстың алғашқы кезеңінде жеңіліп қалған америкалық София Кенинді айналып өтті. Турнир қорытындысы бойынша қазақстандық теннисші қыз 11-ші орынға дейін көтерілуі мүмкін. Сондай-ақ келесі аптада Мельбурн қаласында Australian Open турнирі басталады. Елена бұл турнирге де дайындықты бастап кетті.

Осылайша қазақстандық спортшы өзінің рекордтық көрсеткішіне қол жеткізіп, үздік ондыққа жақындады. Тағы бір қазақстандық теннисші Юлия Путинцева 43-сатыда болса, Зарина Дияс 102-ден 108-ге сырғыды. Жұптық сында Рыбакина 50-ден 52-орынға дейін төмендесе, Анна Данилина 75-орында қалды. Жібек Құламбаева бірден 56 саты жоғарылап, 319-орынға жайғасты.

Ермұхамед Мәулен

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу