Рыбакина US Open турнирін жеңіспен бастады

595

Биылғы АҚШ ашық чемпионатының жүлде қоры рекордтық сомманы, яғни 65 миллион долларды құрайды.

Рыбакина US Open турнирін жеңіспен бастады Фото: ktf.kz

Қазақстанның бірінші, әлемнің 4-ракеткасы Елена Рыбакина АҚШ ашық чемпионатын жеңіспен бастады. Қазақстандық теннисші алғашқы айналымда дүниежүзілік рейтингте 39-орында тұрған украиналық Марта Костюкпен сынға түсті. Бірінші партияда Рыбакина 2:0 есебімен алға шықты. Бұдан кейін М.Костюк есепті қысқартқанымен, қазақстандық спортшы сетті тағы бір брейкпен түйіндеді – 6:2.

Екінші сетте Елена қарқынын тіпті үдетті – 6:1. Бір жарым сағат жуық уақытқа созылған бәсеке барысында Рыбакина 2 эйспен бірге 12 брейк-пойнттың бесеуін мүлт жібермеді. Қарсыласы 4 эйс, 1 брейкпен (5 брейк-пойнт) көзге түсті.

"Жақсы көретін іспен айналысып, бүгінгідей сіздердің қолдауларыңызды сезіну үшін US Open корттарына қайта оралғаныма қуаныштымын! Мен және менің командам үшін жақсы бастама. Әрі қарай екінші раунд", - деп жазды теннисші Instagram парақшасында видео жариялап.

АҚШ ашық чемпионатында 24 жастағы Елена Рыбакинаның келесі қарсыласы аустралиялық 30 жастағы Айла Томлянович болмақ. Теннисшілер екінші айналымда өнер көрсетеді. Олардың ойыны сәрсенбі, 30 тамызға жоспарланған. Алғашқы ойында Томлянович венгриялық Панна Удвардиді 3:6, 6:2, 6:4 есебімен ұтты.

Айта кетейік, Қазақстанның ең мықты теннисшісі әлемнің төртінші ракеткасы болса, аустралиялық WTA рейтингінде небәрі 127-орында тұр.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу