Бүгін, Астана уақытымен сағат 14:00 дүниежүзілік рейтингіде 21-орында тұрған жерлесіміз Елена Рыбакина WTA 500 Adelaide турнирінің бірінші айналымында әлемнің 14-ші, осы жарыстың 5-ракеткасы, америкалық Даниэль Коллинзбен кездеседі. Бұған дейін Елена Даниэлмен бір рет ойнаған. 2021 жылы американың Сан-Хосе қаласында өткен жарыста еліміздің бірінші ракеткасы қос тай-брейкте 6:7 (5:7), 6:7 (4:7) ұтылып қалды. Естеріңізге сала кетейік, өткен жылы осы Аделаидағы жарыста Елена Рыбакина финалға дейін жетіп, онда сол кездегі әлемнің бірінші ракеткасы, аустралиялық Эшли Бартиге 3:6, 2:6 есебімен есе жіберген еді.
Қазақстанның бірінші ракеткасына үлкен үміт артып отырғанымыз сөзсіз. 2022 жылы ол Уимблдонды жеңіп, бүкіл әлемді таң қалдырды. Сонымен қатар ол ел тарихындағы "Үлкен дулыға" турнирінде жеңіске жеткен алғашқы спортшы және оның соңғысы емес екеніне сенімдіміз. Тек "Уимблдонда" рейтингтік ұпайлардың болмағаны ғана қынжылтады. Нәтижесінде Қазақстанның мақтанышы маусымды WTA рейтигінде 21-орында аяқтады.
Ал Еленаның Аделаидадағы алғашқы қарсыласы Даниэль Коллинз өткен маусымда Аустралия ашық чемпионатында өзінің ең жақсы нәтижесін көрсетіп, финалға дейін жетті. Америкалық теннисші жылды әлемдік рейтингте 14-ші қатарда аяқтады. Биыл Аделаидада Коллинз мансабында үшінші рет өнер көрсетеді. 2020 жылы мұнда жартылай финалға, ал 2021 жылы ширек финалға дейін жетті.
Сонымен қатар бұл жарысқа әлемдік теннистің көшбасшылары да қатысады. Елена Остапенко - Каролина Плишковамен, Дарья Касаткина іріктеу кезеңінің жеңімпазымен, Вероника Кудерметова Аманда Анисимовамен ойнайды. Екатерина Александрова Маркета Вондроусовамен, Людмила Самсонова Чжан Шуаймен кездеседі. Онс Жабер мен Арина Соболенко турнирді екінші айналымнан бастайды.
Айта кету керек, Рыбакина жаңа маусымның басталуына қызу дайындалып, желтоқсан айында көрме турнирі аясында Соболенко, Гарсия және Швентекті жеңген болатын. Енді Аделаидада Елена өткен жылғы финалдың рейтингтік ұпайларын қорғауы керек.