Рыбакина жеңіліп қалды

1642

"Дубай Дюти Фри" теннис турнирінің финалына шыққан Елена Рыбакина Симона Халепке шамасы жетпеді.

Рыбакина жеңіліп қалды

Жарыстың финалына шығып біршама сенсация жасаған Елена Рыбакина Қазақстан теннисіне керемет жарнама жасағаны анық. Көптеген мамандардың мақтауын естіп жүрген Елена осы жолғы жарыста берілген бағаның бекер еместігін дәлелдеді. 20 жасар теннисшіміз сенсациялар сериясын жасады. Алдымен София Кенинді, артынша Каролина Плишкованы жеңді. Жартылай финалда хорват қызы Петра Мартичті де аса қиналмай ұтты. Сөйтті де финалда Симона Халептің өзімен ракетка түйістірді. 

Симонаның сескенетініндей бар еді. Бірінші сетте жойқын соққыларымен шабуыл жасаған Рыбакина 6-3 есебімен жеңіске жетті. Екінші сеттің алғашқы 3 геймі де қазақстандық теннисшінің еншісінде болды. Сосын барып ұйқыдан оянған арыстандай айбаттанып шыға келген Халеп тәжірибиесінің молдығын паш етті. Екінші сетті 6-3 есебімен жеңіп, кездесуді үшінші сетке аударып жіберді. Үшінші сетте Елена еш қаймықпай, азулы қарсыласының апшысын қуырды. Ә дегеннен шабуылға шықпайтын Симона сыр алдырмады. Өз мүмкіндігін аңдып жүріп алға шықты. Рыбакинаның да бір атары бар екен. Есеп 6-5 болып, допты ойынға қосу кезегі румын қызына келген тұста брэйк жасап, матч тағдырын тай-брэйкке ойыстырды. 

Тай-брэйк футболдағы пенальти секілді лоторея емес пе? Алғашқыда Рыбакина 5 ұпай алып жақсы жағдай істеп алды. Бірақ, тәжірибиенің аты тәжірибие. Симона Халеп қатарынан екі ұпай алып, 7-5 есебімен жеңіске жетті. Дегенімен, атақты теннисші қыздардың арасында адасып кетпей, өзінің шеберлігін көрсете білген Елена Рыбакина енді Әлемдік рейтингтегі 19-орнынан тағы да көтеріле түсері анық.

Ермұхамед Мәулен

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу