Рыпакова болмаса қайтер едік?!

Маруан Түсіп Маруан Түсіп
3011

Жеңіл атлетикадан Лондонда өтіп жатқан әлем чемпионатында Қазақстан қоржынында әзірше бір медаль.

Рыпакова болмаса қайтер едік?! Фото: zimbio.com

Бірдан айтайық, ХVІ әлем чемпионатын осы бір жүлдемен тәмамдауымыз бек мүмкін. Шыны керек, дәл қазір осы жүлдеге де қолымыздың жеткеніне қуаныштымыз. Егер Ольга Рыпакова болмаса, қайтер едік?! Басқа жеңілатлеттеріміздің деңгейі жүлдеге таласатындай емес...

Иә, жалғыз жүлдеге Қазақстан жеңіл атлетикасының қазіргі жұлдызы Ольга Рыпакованың арқасында жеттік. Ол әйелдер арасындағы үш қарғып секіру сайысында 14,77 метрді еңсеріп, үшінші орынға ие болды. Яғни 2017 жылғы әлем чемпионатының қола жүлдегері атанды.

Қалған спортшыларымыз әлемнің ең үздік атлеттерімен тайталаса алар емес. Мәселен, Ольга Рыпаковамен бірге үш қарғып секіру сайысында сынға түскен Мария Овчинникова іріктеу сынынан өте алмады. Яғни финалда бақ сынаған жоқ.

Әйелдер арасындағы марафонда Елена Наназиашвили 42 шақырым 195 метр ұзақ жолды 2 сағат 58 минут 32 секунд ішінде жүгіріп өтіп, 73-орынға ие болды. Осы ретте айта кетейік, алыс қашықтықтағы жарыста сөреден шыққан спортшылардың біразы көмбеге жете алмады. Ал біздің Елена шамасының жеткенінше тырысып бақты.

Бұдан кейін әйелдер арасындағы 200 метрлік бәйгенің іріктеу жарыстары өтіп, Виктория Зябкина жартылай финалға шыға алмады. Ол екінші топтағы жеті қыздың бірі болып жүгіріп, мәре сызығын тек бесінші болып қиды. Уақыты – 23,66 секунд. Өкінішке қарай, біз күткендегіден біршама төмен болып шықты.

Жақында ғана Үндістанда өткен Азия чемпионатында үш алтын алған (100 метр, 200 метр және эстафета) Зябкинаны жартылай финалға шығады деп ойлағанбыз. Бірақ жарақаты сыр беріп, өз қабілетін толықтай жүзеге асыра алмады. Әйтпесе, ол 200 метр қашықтықты 23,01 секунд ішінде жүгіріп өтіп жүрген.

Енді біздің спортшыларымыз 12 және 13 тамыз күндері бақ сынайды. Сенбі күні әйелдер арасындағы 4х100 эстафетасының іріктеу жарыстары өтеді. Бұл сында біздің елдің намысын қорғауға Виктория Зябкина, Ольга Сафронова, Рима Кашафутдинова, Светлана Голендова, Юлия Рахманова, Анастасия Тулапина сынды қыздар дайындалып жатыр. Бапкерлер эстафетада жүгіретін төртеуін сол күні атайды.

Ал жексенбі күні спорттық жүріп жарысу бәйгелері өтеді. Ерлер Георгий Шейко, ал әйелдер арасында Диана Айдосова, Полина Репина және Регина Рыкова сынды қыздарымыз бәйгеге түседі. Сөйтіп, 13 тамызда ХVІ әлем чемпионаты тәмамдалып, жалауын түсіреді.

Маруан Түсіп

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу