S&P тапшылық салдарынан Delta Bank-тің рейтингін төмендетті

7929

Ұлттық банк жеке тұлғалардың депозиттерін қабылдау лицензиясын тоқтатуы мұң екен, корпоративті салымшылар тым-тырақай қаша жөнелді.

S&P тапшылық салдарынан Delta Bank-тің рейтингін төмендетті

Standart&Poor’s (S&P) халықаралық рейтинг агенттігі Delta Bank АҚ-ның ұзақ мерзімді және қысқа мерзімді рейтингін "В/В"-дан "ССС+/С"-ге, сондай-ақ ұлттық шкаладағы рейтингін "kzBB+"-дан "kzB-"-ға дейін төмендетті. Рейтингтің ауытқуы корпоративті салымшылардың кетуінен туындаған банк өтімділігінің жетіспеушілігі салдарынан болды деп жазылған агенттіктің 30 желтоқсанда жарияланған хабарламасында.

"... Корпоративті клиенттер өз депозиттерін алуына байланысты өткен бірнеше аптада "Delta Bank" АҚ өтімділікке қатысты қиындықты бастан өткерді. Біздің пайымдауымызша, бұл 2016 жылдың 7 қарашасында Ұлттық банк "Delta Bank" АҚ-ның бөлшек депозиттерді қабылдауға және 3 ай мерзімге жаңа шоттарды ашуға лицензияны тоқтатуымен байланысты болды", – деп баса айтты S&P Global Ratings.

1 желтоқсанда банктің жиынтық міндеттемелері 430,7 млрд теңге болды, бұл бір ай бұрынғы көрсеткіштен 5%-ға (шамамен 23 млрд теңгеге) төмен. Корпоративті салымшылардың жаппай кетуі негізгі қиындық тудырды – банк қараша айында 36 млрд теңгеге жуық қаражаттан айрылды. Басқаша айтқанда, бұл заңды тұлғалар депозиттерінің 15%-ынан жоғары. Желтоқсан айына арналған мәлімет әзірге жоқ. Бөлшек салым көлемі де 11,8 млрд теңгеден 9,2 млрд теңгеге дейін төмендеді.

29 желтоқсанда Ұлттық банк бөлшек салымдарды қабылдауға банктің лицензиясын мерзімінен бұрын қайта қосты. S&P-дің хабарламасында "Delta Bank" АҚ-ның акционерлері "капиталға айналдыру және/немесе өтімділікті қолдау" үшін 20 млрд теңге қосымша салым салуды келіскені айтылады. Теңгерім мәліметі бойынша банктің жеке капиталы 1 желтоқсанда 64,2 млрд теңге болды.

Қол жеткен жетістікке қарамастан агенттікте "банктің бүгінгі күнгі өтімділік көрсеткіші тұрақсыз" екені айтылады. Барлық рейтинг CreditWatch Developing – "қаралып жатқан рейтингтер", "жағдай даму деңгейінде" тізіміне енгізілген.

"Банктің көрсеткіштері "ССС" рейтинг санатына сай келеді, яғни біздің өлшемдерге сәйкес қарыз міндеттемелері бар эмитент қарызын төлей алмау қатеріне тап болуы мүмкін, ал қаржылық міндеттемелерді орындау іскерлік, қаржылық және экономикалық ахуалдың қаншалықты жайлы болатынына байланысты болады. Сондай-ақ біз банктің өтімділік көрсеткішін "әлсіз" деп бағалаймыз", – деп баса айтты S&P.

Агенттік банк рейтингін "корпоративті салымдар қоры тұрақталып", өтімділік жөніндегі күрделі мәселелер шешілгеннен кейін, акционерлер тарапынан қолдау көрсетілген жағдайда 3 айдан кейін CreditWatch тізімінен шығармақ.

"Егер біз өтімділік тұрақталғанын көрсек және банк клиенттердің депозитін тарту қабілеттілігін қалпына келтіре алса, банктің рейтингін бір сатыға көтере аламыз", – деп баса назар аударылған S&P шешімінде.

Банк менеджменті мен Ұлттық банк тарапынан әрекет жеткіліксіз болса, сондай-ақ банк одан әрі корпоративті депозиттерінен айрылатын болса рейтингті "СС" деңгейіне дейін төмендету мәселесін агенттік ашық қалдырды. Егер банк өзіне алған міндеттерінің кейбірін орындамағаны расталса, S&P рейтингті "SD" (таңдаулы дефолт) деңгейіне дейін төмендету мүмкіндігін жоққа шығармайды.

27 желтоқсанда Ұлттық банк басқа банктен – "ҚазИнвестБанк" АҚ-дан – банктік және өзге операцияларды өткізуге, сондай-ақ бағалы қағаздар нарығында қызмет етуге лицензияны алып қойды. Бұған дейін 7 қарашада "ҚазИнвестБанктен" де, Delta Bank-тен де халықтан салым қабылдауға банк лицензиясы тоқтатылған болатын. Ол кезде Ұлттық банк төрағасы Данияр Ақышев негізгі себеп екінші деңгейлі банктердің "тәуекел-менеджмент" мәселелері деген болатын.

"Delta Bank" АҚ – активтер мөлшері жөнінен Қазақстандағы 13-орындағы банк. 2016 жылдың 1 желтоқсанындағы жағдай бойынша қаржылық институттың активтері мен қарызы сәйкесінше 495 млрд теңге және 448 млрд теңге болды. Мерзімінен өткен қарыз сомасы – 3,77 млрд теңге, оның 1,28 млрд теңгесі үмітсіз. 2016 жылдың 11 айындағы таза табыс 10,51 млрд теңгеге жетті.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу