Екі боксшы арасындағы кездесу 29-қаңтарда Мексиканың Куэрнавака қаласында болатын бокс кеші аясында өтеді. Бірінші орта салмақта төрт титул - WBA Continental, NABF, WBC Francophone және NABO сарапқа салынады.
"Бұл мен үшін жақсы сынақ болады. Даньо ең мықты қарсыластардың бірі болайын деп тұр. Біз бірнеше аймақтық белбеулер үшін күресетін боламыз. Мансабымды жаңа парақтан бастаймын. Даньо мықты әрі мығым қарсылас. Оның маған қарағанда тәжірибесі көп. Бірақ мен бұл жекпе-жекте өзіме сенімдімін. Біраз уақыт рингке шықпадым деп шағым айтқым келмейді. Дәл қазір көптеген адамдар өте қиын кезеңді бастан кешуде. Басқалары жекпе-жек өткізбей жатқанына қарамастан промоутерімнің маған жекпе-жек өткізуге көмектескеніне қуаныштымын", - деді Ахмедов.
Eye of Tiger Management промоутерлік компаниясында Ахмедовтың мәселелерімен айналысатын жетекшісі Камиль Эстефан да шет қалмады.
"Садриддин жас және бұл оның спорттық мансабындағы үлкен қадам. Даньо - өте тәжірибелі боксшы. Демек, жанкүйерлерді тартысты жекпе-жек күтіп тұр", - деп қоса кетті промоутер.
Соңғы рет Ахмедов рингке былтыр желтоқсанда Монреалда (Канада) шыққан. Ол жетінші раундта аргентиналық Хосе Антонио Вильялобосты (13-6-2, 8 КО) нокаутқа жіберген. Ал алдағы жекпе-жек Ахмедов үшін Мексикада өтетін бірінші айқас болады. Ол өзінің кәсіби рингтегі дебютін 2018-жылдың сәуірінде өткізіп, 11 жекпе-жегінің барлығында жеңіске жетті.
Ермұхамед Мәулен