Садриддин мен Сабыров қарсыластарын сұлатты

Маруан Түсіп Маруан Түсіп
2807

Канадада өткен кәсіпқой бокс кешінде қазақ боксшыларының екеуі жеңіске жетіп, көрермендерді сүйсіндірді.  

Садриддин мен Сабыров қарсыластарын сұлатты Фото: eottm.com

Соққысы қуатты Садриддин Ахмедов Мексика боксшысы Даниэль Вега Котамен жұдырық түйістірген болатын. Орта салмақтағы сегіз раундқа жоспарланған жекпе-жек бірінші рандта-ақ аяқталды. 21 жастағы талантты боксшымыз қарсыласын үш рет есеңгіретіп, соңғысында төреші жекпе-жекті тоқтатуға мәжбүр болды.

Садриддин құйындай орап соғып, 90 минуттың ішінде қарсыласын оңды-солды, толассыз соққылап, екі рет нокдаунға түсірді. Үшіншісінде төреші араға түсіп, Мексика боксшысын ауыр соққыдан аман алып қалды. Сөйтіп С.Ахмедов кәсіпқой бокстағы тоғызыншы жекпе-жегіне қол жеткізді (9-0, 8 KO).

33 жастағы Даниэль Вега Кота болса, төртінші рет жеңілістің кермек дәмін татты (14-4-1, 11 KO). Ол жұдырығы балғадай Садриддиннің пәрменді соққыларына шыдай алмай, екі рет жүрелеп отырып қалды. Үшіншісінде де қарсылық көрсетуге мұршасы болмай, дәрменсіз күй кешті. Әрі үшінші рет нокаутқа түсіп отыр.

Бұдан кейін шаршы алаңға Нұрзат Сабыров шыққан болатын. Ол Венгрия боксшысы Ласло Тотпен айқасты. Екінші орта салмақтағы бұл жекпе-жекте сегіз раундқа созылуы керек еді. Бірақ мерзімінен бұрын, екінші раундта аяқталды. Нұрзаттың ішінен тиген соққысынан соң мадияр боксшысы орнынан тұра алмады.

Сөйтіп, 25 жастағы Нұрзат оныншы жеңісіне қол жеткізді (10-0, 9 KO). Ал одан алты жас үлкен мадияр боксшысы кәсіпқой бокс рингінде бірінші рет жеңілістің кермек дәмін татты (7-1, 6 KO). Бұған дейін ол ешкімнен ұтылмаған болатын. Ал қазақ боксшысы жеңісті жолын одан әрі жалғай түсті.

Канаданың Тетфор Мин қаласында өткен бокс кешінде қазақтың жас таланттарының бірі кәсіпқой бокс рингіндегі тұсаукесер жекпе-жегін өткізді. Отандық мамандар болашағынан зор үміт күтетін Аман Қазанғапов 26 жастағы Мексика боксшысы Исмаэль Молина Моренамен жұдырық түйістірген болатын.

Қазанғапов пен Морено арасындағы жекпе-жек төрт раундқа созылды. Төрешілер 38:38, 38:38, 38:38 есебімен, екеуі тең түсті деп жариялады. Сөйтіп 21 жастағы жас боксшымыз, әуесқой бокстан жастар арасындағы Азия чемпионы кәсіпқой бокс рингіндегі алғашқы жекпе-жегінде тең түсті. Ал оның қарсыласы бұған дейін екі рет жеңіске жетіп, бір рет ұтылып қалған екен (2-1-1, 2 KO)

  Маруан Түсіп

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу