- Біздің стадионның қосалқы алаңы салынғалы бері жөндеу көрмеген екен. Орындары сынып жатыр. Қалғаны күнгі күйіп, қарайып кеткен. Уақыты келген. Қазір біз осыны өз қолымызға алып, биыл қаржяы тауып жөндеу жұмыстарын жүргіземіз. Төбесіне шатыр қойып, көлеңке жасамасақ болмайды. Әйтпесе, ата-аналар келіп отырады, балалар отырады, әбден ыңғайсыз. Бұл жерде футбол орталығының балалары таңертеңнен кешке дейін жаттығады.
- Ал Қызылорда қаласында жаңа стадион салынады деген ақпаратқа байланысты не айтасыз?
- Қазір жобалау жұмыстары жүріп жатыр. "Жоба" деген компания тендерді жеңіп алды. Сол компания стадионның сызбанұсқасын даярлайды. Бұл шамамен маусым айының соңында дайын болуы тиіс. Содан кейін стадионның құрылысы басталады. Стадионның орнын әкім белгілеп берді. Қызылорда қаласының сол жағалауында салынатын болды. Стадион 7-8 мың адамды қамтитын болады. Алайда, біз қосымша орындар қалдырып, түбі трибунаны көбейте аламыз. Ал жалпы стадионның құрылысы биыл басталуы тиіс. Оны облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев өзі бақылауда ұстайды.
- Футбол клубының базасы да жөндеу жұмыстарын өткізе ме?
- Дәл қазір базада барлығы отыр. Клубтың басшылығы, қызметкерлері түгелімен сонда. Осы жақында біз Ғани Мұратбаев атындағы стадионды футбол клубының еншілігіне алдық. Сондықтан осындағы ғимаратқа көшеміз де, базаны түгел командаға береміз. Ол жерде баро-бөлме мен медицина штабына арнайы кабинет болады. Сосын, футболшыларға керекті мұз бөшкелерін қоямыз. Демек, бапкерлер мен футболшыларға ғана арналған кешен болады. Жарақат алғандарға ем алатын жер де соның ішінде орналасады.
- "Қайсардың" биылға қойған мақсаты қандай?
- Алғашқы алтылықтың ішінде болу деген мақсат қойып отырмыз. Алдыңғы арба қайда жүрсе, артқысы да солай жүреді дегендей негізгі командамыз жетістіктерге жетпесе, басқаларына да қиын болады. Сонымен бірге футбол орталығының жұмысын жөнге қоюымыз керек. Келесі жылы 4 футбол алаңын саламыз деп жоспарлап отырмыз. Бір жабық манеж саламыз. Қалғаны жасанды және табиғи алаң болады. Қазір біздің облысқа ыңғайлы болатын футбол академиясының нұсқаларын қарастырып жатырмыз. Солардың ішінен таңдау жасап, өзіміздің нұсқамызды облыс басшылығына ұсынамыз. Міне, осындай шаруалар күтіп тұр бізді. Рет-ретімен осының барлығын іс жүзіне асыра берсек деген мақсатымыз бар.