Саф алтынды бүгін тек арулар жеңіп алды

Маруан Түсіп Маруан Түсіп
4570

Көркем гимнастикадан командалық сында тал шыбықтай мың бұралған аруларымыз бірінші орынға ие болып, ел қоржынына жетінші алтынды салды.

Саф алтынды бүгін тек арулар жеңіп алды

Бүгін ел қоржынан екі-ақ жүлде түсті. Бірақ жүлде болғанда, қандай!? Екеуі де – алтын. Каратэші Гузалия Гафурова өзінің 2014 жылғы жетістігін қайталап, Джакартада да қарсылас шақ келтірмей, Азия ойындарының екі дүркін чемпионы атанды. Оны жазып, сүйіншісін "сұрағанбыз". Жалпы, Жасталап Санауов жаттықтыратын каратэшілер құрамасы сенімді ақтап, үш медаль (алтын, күміс және қола) жеңіп алды.

Ал кешке қарай көркемгимнасшы қыздарымыз командалық сында топ жарып, қуанышқа бөледі. Алина Әділханова, Адиля Тілекенова және Даяна Әбдірбекова үшеуі 159,850 ұпаймен теңдессіз шықты. Әлия Юсупованың шәкірттері ХVІІІ жазғы Азия ойындарындағы жетінші алтынымызға қол жеткізді. Ертең Әділханова мен Тілекенова жекелей сында бақ сынайды.

Артистік жүзу спортынан (бұрынғы мәнерлеп жүзу) жұптасып өнер көрсететін дуэттер арасындағы сын басталды. Еркін бағдарлама қорытындысы бойынша апалы-сіңілі Немичтер (Александра және Екатерина) әзірше үшінші орында тұр. Ертең техникалық бағдарлама бойынша өз өнерлерін ортаға салады. Осы орындарынан төмен түспейді деп үміттенеміз.

Су добынан Қазақстан ұлттық құрамасы екінші жеңісіне қол жеткізді. Бүгін ватерполшы жігіттеріміз Сингапур құрамасын ойсырата жеңді (15:4). Бұған дейін Оңтүстік Корея құрамасынан 16:9 есебімен басым түскен болатын. Ертең Иран жігіттерімен кездеседі.

Жағажай волейболынан Татьяна Машкова мен Ирина Цимбалова үшінші орын үшін өткен матчта Иордания қыздарынан ұтылып қалды. Екі партия жарты сағаттың ішінде аяқталып (11:21 және 10:21), қола жүлдеден үміттерін үзді.

Велотректен Қазақстан құрамасы командалық спринтте іріктеуден өте алмады. 10 команданың ішінде 6-орынға ие болып, жүлделі орындарды сарапқа салатын төрттікке ілікпеді.

Жеңілатлет Дмитрий Коблов 400 метрге тосқауылдар арқылы жүгіруден 6-орынға ие болды. Маргарита Мұқашева 800 метрлік қашықтықта үшінші нәтижемен финалға шықты.

Боксшылар арасындағы жекпе-жектерде де жеңілістің кермек дәмін татып үлгердік. 56 келі салмақ дәрежесінде бақ сынаған, 2017 жылғы әлем чемпионы Қайрат Ералиев Джакартадағы алғашқы айқасында тай тарланы Чатчай Бутдиден ұтылды.

56 келі: Қайрат Ералиев – Чатчай Бутди (Таиланд) – 0:5

75 келі: Әбілхан Аманқұл – Апхисит Кананхоккхруеа – 5:0

49 келі: Теміртас Жүсіпов – Томойа Тсубой – 3:2

64 келі: Бекдәулет Ибрагимов – Ганг Ванг (Қытай) – 5:0

Сөйтіп, ширек финалға 9 боксшымыз шықты. Кеше Асланбек Шымбергенов (69 келі), Саматәлі Төлтаев (69 келі), Азат Махметов (52 келі) үшеуі жеңіске жеткен. Қыздар арасында Назым Қызайбай (51 келі) және Сәния Сұлтанқызы (57 келі) да алғашқы қарсыластарын жеңген. Ал Рима Волосенко (60 келі) жеребесі жеңіл түсіп, Азия ойындарын бірден ширек финалдан бастайды.

Маруан Түсіп

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу