Кеше таңертең Голливудта (АҚШ) бокс кеші өтіп, шаршы алаңға қазақ боксшысы Сағадат Рахманқұл да шықты. Ол кәсіпқой бокс рингіндегі бесінші жекпе-жегін өткізіп, төртінші жеңісіне қол жеткізді (4-1, 1KO). Біз Сағадатпен олар ұйқыдан тұрған соң хабарласып (уақыт айырмашылығы – 13 сағат), тілге тартқан едік.
– Сағадат, жеңісіңіз құтты болсын. Кешегі жекпе-жегіңізді көре алмадық. Үшінші раундта техникалық нокаутпен жеңіске жетіпсіз. Қалай басым түстіңіз, қысқаша ғана өзіңіз сипаттап берсеңіз.
– Рахмет. 26 жастағы Америка боксшысы Брэндон Адамспен жұдырықтастым. Жекпе-жек барысында оның қабағы мен көзінің асты қатар жарылып, жарақаттанып қалды. Тіпті көзі ашылмай, көп соққы жібере бастады. Сондықтан, дәрігер оның жекпе-жекті жалғастыруына рұқсат берген жоқ. Сөйтіп техникалық нокаутпен жеңіске жеттім. Аллаға шүкір.
– Сізге қарағанда, Брэндон Адамстың кәсіпқой бокс рингінде өткізген жекпе-жектерінің саны көбірек екен. Тәжірибелі боксшы деп айтуға бола ма?
– Әрине ол кәсіпқой боксқа менен бұрын келген. 2013 жылдан бері шаршы алаң көрігін қыздырып жүр. Жалпы саны 12 жекпе-жек өткізіпті (4-7-1, 2 KO). Бір көңіл аударарлығы, негізінен жеңілістің дәмін татып көрмеген боксшылармен айқасқан (мұндай қарсыластарының саны сегіз екен). Әрине, азды-көпті тәжірибесі бар. Сондықтан, бұл жекпе-жек мен үшін баға жатпес тәжірибе болды.
– Осы жекпе-жекте секундантыңыздың бірі Марат Жақиев ағамыз болыпты. Енді осы бапкердің қарамағында жаттығасыз ба, әлде бұл білікті бапкердің көмегіне уақытша ғана жүгіну ме?
– Марат Жақиев ағамыз бұл жаққа, елдегі боксшыларымызбен оқу-жаттығу жиынына келген. Қазір Қазақстан ұттық құрамасының жаттықтырушысы екенін білесіздер. Мені жақсы білетін болғандықтан, осы жекпе-жекке негізінен өзі дайындады. Еңбегі еш болған жоқ. Бірақ бұл уақытша ғана... Бірер күннен кейін, яғни боксшыларымыздың оқу-жаттығу жиыны аяқталған соң елге қайтады.
– Кешіріңіз, Никлаус Фласпен өткен жекпе-жегіңізді тілге тиек етпей, үндемей қала алар емеспін. Өткен жолы өзіңіз ұтылып қалған осы жігіттен есе қайтару жағы ойыңызда бар ма?
– Әрине, Никлаус Фласпен рингте тағы да бір кездесіп, жұдырықтасқым келеді. Жолымыз түйісіп жатса, неге айқаспасқа?!
– Сізге қарсыластарды "Top Rank" промоутерлік компаниясы қарастыра ма? Енді қашан және кіммен жұдырық түйістіруді жоспарлап отырсыздар?
– Жоқ, менің жекпе-жектерім мен қарсыластарымды "Top Rank" қарастырмайды. Келесі жекпе-жегімнің қашан өтері әлі белгісіз. Алла қаласа, жақын арада шешіліп қалар.
– Рахмет, Сағадат. Жеңісті жолыңызды жалғастыра беруіңізге тілектеспіз.
Маруан Түсіп