Сағадиев 67 млн доллар жұмсамақ болған істі Аймағамбетов 17 млн доллармен тындырды

13060

Мәжіліс қабырғасында бүгін Білім және ғылым министрлігін бұрын басқарған Ерлан Сағадиевтің еңбегі "аталып өтті". 

Сағадиев 67 млн доллар жұмсамақ болған істі Аймағамбетов 17 млн доллармен тындырды

Бұрынғы министр білім саласындағы орта білім жүйесін жаңғыртамыз деп, Дүниежүзілік банктен 67 млн доллар қарыз алмақ болған. Алайда оның орнына келген Асхат Аймағамбетов ақшаның 50 млн долларын кері қайтарыпты, деп хабарлайды inbusiness.kz.

Ұлттық қордан былтыр біршама қаражат алынып, мұның салдары депутаттарды едәуір састырса керек. Мәжіліс спикері Нұрлан Нығматулиннің бүгінгі ашуы Үкімет мүшелерінің едәуір дегбірін қашырғаны анық. Отырыста Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев пен Үкімет басшысының орынбасары Әлихан Смайыловқа кезек-кезек сын садағын қадаған Мәжіліс төрағасы қаражаттың негізсіз жұмсалып жатқанын атап өтті.

"Жалпы Қаржы министрлігінде А жоспары, Б жоспары болуға тиіс. Бүгін сіз экономиканың нақты секторына жауапты Үкімет мүшелерінің бәрімен, әріптестеріңізбен дұрыс жұмыс жүргізуіңіз керек. Оларға "Әріптестер, Ұлттық қордан қол жайып ақша сұрай алмаймыз енді" деп айтуыңыз керек қой. Сыртқы нарықтан қарыз алып қашанғы өмір сүреміз? Қашан жұмыс істейміз? Мемлекеттік бюджеттің кіріс бөлігін қашан толтырамыз? Ерұлан Кенжебекұлы (Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаевқа), сіз осы сұрақты көтермейінше, басқалар Ұлттық қордан ақша сұраудың әдістерін тауып алады. Түсінесіз бе?",– деді Нұрлан Нығматулин.

Мәжіліс спикерінің айтуынша Қаржы министрі осы мәселенің бәріне жауапты болуы керек. 

"Ешкім таласпайды: кез келген мемлекеттің экономикасында қарыз ала тұру қажетті шаралардың бірі. Бірақ қол жайып тағы қарыз сұрамас бұрын оның алдында алынған қарыз бойынша жұмысты реттеу керек. Келісесіз бе, Ерұлан Кенжебекұлы? Бұған дейін алынған қарыздарды қараңыз. Мәселен, 2017 жылы Білім және ғылым министрлігі орта білім жүйесін жаңғырту мақсатында Дүниежүзілік банкпен 67 млн АҚШ долларына келісімге келді. 2020 жылы дәл осы Білім және ғылым министрлігі осы қарыздың біршама бөлігін, атап айтқанда 49,5 млн долларын алмайтынын мәлімдеп, шамамен 50 млн долларды қайтарды. Сонда осыншама ақшаны неге алмақшы болдыңдар? Осы қарыздың алынуы үшін бірінші күннен бастап мемлекет ақшасын шаштық емес пе? Әлбетте, бұл сұрақты қазіргі Білім және ғылым министріне қоя алмаймыз. Ол керісінше, мәселені шешіп, қарыз сомасын азайтып, осы жобаны бар-жоғы 17,5 млн долларға еңсерді. Яғни аталмыш істі осы ақшамен-ақ атқаруға болады екен ғой. Солай ма, Асхат Қанатұлы?", деп сұрады Нұрлан Нығматулин Мәжіліс отырысында қатысып отырған Асхат Аймағамбетовтан. 

"Иә", – деді Аймағамбетов. Нұрлан Нығматулиннің айтуынша, дәл осындай жағдай министрліктердің көбінде кездеседі. 

"Шешім шығару керек. Министрлер өзімбілемдікке салып, шетелден ақша сұрауын доғаруы тиіс. Әлихан Асханұлы (Үкімет басшысының орынбасары Смайыловқа қарата) сіз өзіңізде комиссия құрып, осы мәселені реттеп жатқаныңызды білемін. Бұл дұрыс. Біз де негізсіз сырттан қарыз алатын және сыртқы қарызды уақытында игере алмайтын бірінші басшыларды жауапкершілікке тартуды көздейдін заң жобасын әзірлеп жатырмыз. Жуық арада оны қабылдаймыз. Қосымша заңнамалық тетіктер керек болса, жұмыс тобына енгізіңіздер. Қолдаймыз. Сыртқы қарыз алатын басшыларға жауапкершілікті күшейту туралы бастама көтерсеңіздер де, айтыңыздар. Тіпті қылмыстық жауапкершілікке дейін тартуға болады. 50 млн доллар ала салуға болмайды. Қайта істің мән-жайын білгеніміз қандай жақсы болған. Қысқарттық. Ол болашақта мемлекет бюджетінен төленетін ақша ғой. Оны ұмытпау керек. Бәріміз де сол қарызды жабуға міндетті боламыз", – деді Мәжіліс спикері.

Аян Бекенұлы
 


Atameken Business Telegram каналына жазылып, маңызды ақпараттардан бірінші болып құлағдар болыңыз ! 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу