Сағатына 70 шақырым, шақырымына 1кВт

5296

Астанада электр автобус сынақтан өтті.

Сағатына 70 шақырым, шақырымына 1кВт

Аllur Group компаниялар тобы электробус жобасының үйлестірушісі Роман Кривопаленконың сөзінше, қоршаған ортаға зиян тигізбейтін, қозғалтқышы жоқ, май ауыстыруды қажет етпейтін қоғамдық көлік ең алғаш рет осыған дейінгі аяздарда сынақтан өткен.

"Электр автобустың Астананың қатаң климатына қаншалықты төзетінін тексеру үшін қатты аязда 24 сағат ашық аспан астында қалдырып, келесі күні от алдырып, сынақтан өткіздік. Қоғамдық көлік сыр берген жоқ, қалыпты жағдайда тиісінше жұмыс істеді. Қала көшелерінде емін-еркін жүрді. Бүгінге дейін электр автобус Астана көшелерімен 700 шақырым жүріп өтті. Орта есеппен 1 шақырымға 1кВт электр энергиясын жұмсады", – деді Роман Кривопаленко.

Оның сөзінше, электр автобустарда USB болады. Сол арқылы жолаушылар ұялы телефондарын қуаттай алады.

"СарыарқаАвтоӨндіріс" ЖСШ мен бірлесіп, №1 автопарк  экологиялық көлікті қолданысқа енгізуді жоспарлап отыр. Себебі электр автобустар барлық сынақтан сәтті өтті. Жолаушыларға электр автобуспен қызмет көрсеткен  экономикалық тұрғыдан алғанда өте тиімді. Қолданысқа электр автобустарды енгізсек, біз шамамен шығынымызды 6 есе азайтамыз", – деді №1 автопарктің директоры Жомарт Байбеков.

Айта кетейік, 2025 жылға қарай әлемдегі автобустардың тең жартысы электр қуатымен жүреді. Қазір әлем бойынша электр автобусын қолдану көрсеткішімен Қытай көш бастап тұр. Олардың автопарктерінің 99%-ын электр автобустар құрайды.

Еуропа елдері де экологиялық таза көлікке көшу үшін жанталасып жатыр. Мысалы Париж бен Амстердам билігі бұрынғы автобустарды қолданыстан мүлде алып тастау мәселесін күн тәртібіне қойса, Лондон тұрғындары электр автобустармен жүйткіп жүр.

Лос-Анджелес 2030 жылы қолданысқа 2 мың электр автобус енгізетінін жарияласа, биыл қаңтарда Нью-Йорке 10 электробусты сынақтан өткізді. Ал АҚШ жаңашылдыққа асықпай отыр.

Біздің ел электр көлігін қолданысқа енгізіп қойған. Көліктің дәл осы түрі ең алғаш рет Ақтау қаласында қолданылды. Онда Каспий маңы елдерінің V саммиті кезінде қызмет көрсеткен электробустар кейін халықаралық әуежай бағытында қатынайтын болды. Алдағы уақытта Ақтау 18 электробусты қалаішілік бағдарға шығармақшы.  

Қанат Махамбет

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу