Сағынтаев әкімдерді алтын компьютер сатып алудан сақтандырды

Бақыт Көмекбайұлы Бақыт Көмекбайұлы
4593

Бизнесмендер "құлағына алтын сырға": облыстар компьютер алуға мол ақша бөлуде.

Сағынтаев әкімдерді алтын компьютер сатып алудан сақтандырды

Қазақстандықтар тағы бір паспортқа ие болатын болды. Бұл ретте бір ерекшелік бар: егер шетелге шығуға мүмкіндік беретін Қазақстанның көгілдір төлқұжатын алу-алмау азаматтардың өз еркінде болса, ал мына төлқұжат еңбектеген баладан еңкейген кәріге дейін міндетті болады.

Үкімет мүшелері бүгінгі отырысында денсаулық сақтау министрлігінің ісін қарады. Дәлірек айтқанда, елбасы тапсырған "Цифрлық Қазақстан" бағдарламасы аясында "денсаулық сақтау жүйесін ақпараттандыру және оған ақпараттық технологияларды енгізу", сондай-ақ "барлық дәрі-дәрмектердің бағаларын мемлекеттік реттеу" бағыттарында осы ведомствоның нендей іс атқарып жатқанын талқыға салды.

Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртановтың айтуынша, қазіргі кезде тек осы салада ғана онлайн-режимде статистикалық ақпаратты жинауға және денсаулық сақтау саласын қаржыландырумен қамтамасыз етуге арналған 22 ақпараттық жүйе жұмыс істейді екен. Бюджеттік қаржыларды тоқтаусыз "жұтатын" осы қаптаған ақпараттық жүйелерді біріктіріп, деректердің біртұтас сақтау орны мен оған пайдаланушылар кіретін бірыңғай орынды құру үшін биылғы жылдың соңында пилоттық режимде "интероперабелдік платформа" іске қосылатын болыпты. Әйтпесе, сол 22 ақпараттық жүйеге ұлан-байтақ Интернеттің қай жерінен кіруге болатынын қарапайым қазақстандықтар түгіл, мамандардың өздері біле бермейді.

"Ақ халатты абзал жандардың" министрі басқа да жаңалықтарын жария етті. Мысалы, ол дәрігерлерді қағазбастылықтан арылтқысы келеді. Рас, оның орнын "компьютербастылық" баспақ. Себебі, медицина мамандары сырқаттардың денсаулығының жай-күйі, өз қызметтерінің есептері және басқа да барлық жазбаларды қолмен жазуды қойып, енді компьютерде теруге және ақпараттық жүйеге жолдауға үйренуге міндеттенеді.

"2018 жылдан бастап емделушінің "Жеке кабинеті" қолжетімді болады, ол арқылы денсаулық сақтау қызметтері туралы ақпарат алуға мүмкіндік туады. Биылғы жылдың соңына дейін барлық медицина ұйымдары ақпараттық жүйелермен қамтамасыз етіледі. Бұл 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап жұмыстың қағазсыз форматына ауысуға мүмкіндік береді. 2020 жылға қарай халықты "Электронды денсаулық паспортымен" қамтамасыз ету жоспарланған. Сондай-ақ, министрлік Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының ақпараттық жүйесін құру бойынша жұмыстар жүргізіп жатыр", – деді Елжан Біртанов.

Министр бұған дейін хабарлағандай, "электронды денсаулық паспорты" азаматтар үшін "емделуді тұрғылықты және емделу орнына тәуелсіз, кез келген жерден қолжетімді етуге" бағытталады. Сонымен бірге "әрбір қазақстандықтың денсаулығы туралы маңызды мәліметтердің барлығын өмір бойы сақтауға жол ашылады". Өйткені қазір адамдар емханаларда амбулаториялық қағаз кітапшаларды құшақтап жүр. Ол құжатты емханалар жоғалтып алып та жатады. Сондай-ақ бұл кітапшалар аурушаң адамдарда немесе тұрақты қадағалауда тұрған сырқаттарда тез толып қалып, жаңасымен жиі ауыстырылады, тиісінше, сырқаттың "ауыру тарихын" және сырқат динамикасын тұрақты қадағалау мүмкін болмай жатады.

Сондықтан оның орнын басатын, бір тілім пластик түріндегі жаңа паспорт өз иесінің өмірі бойында дәрігерге қаралуларына қатысты барлық ақпаратты бір өзінде сыйдыруға тиіс. Бұл бірқатар озық дамыған елдердің үлгісі.

Бірақ Қазақстанда ол қазірден көптеген кедергілерге кезігуде.

Соның бірі – емханалардың компьютерлермен және Интернетпен жабдықталмауы. Жаңалық өмірден өз орнын алуы үшін сырқатты күнделікті қабылдайтын әрбір дәрігердің алдында төл компьютерінің болуы, ол компьютер сынып, не "ілініп" қалса, оны ретке келтіретін маманның болуы, сондай-ақ осы ақпараттық техникалардың барлығы ғаламтордан лезде хабар алғызып-ақпарат жеткізіп тұруы шарт.

"Электронды денсаулық паспорты ойдағыдай енгізілуі үшін әрбір медициналық ұйым пациенттер туралы деректерді ұсынуға тиіс. ол үшін денсаулық сақтау ұйымдары қажетті компьютерлік техникамен, Интернет желісіне қолжетімділікпен және медициналық ақпараттық жүйелермен қамтамасыз етілуі тиіс. Қазіргі уақытта медициналық ақпараттық жүйелер денсаулық сақтау ұйымдарының 45 пайызын қамтиды. Өңірлерде әкімдіктер осы жүйелерді ендіру бойынша белсенді жұмыс жүргізуде. Алайда әлі күнге Шығыс Қазақстан, Қостанай, Жамбыл облыстарында және Астанада аз қамтылушылық сақталуда" – деп ұялтты министр Елжан Біртанов.

Айтқандай, осыдан тура бір жыл бұрын министр мырза денсаулық сақтау ұйымдарын компьютерлік техникамен қамтамасыз етіп, жергілікті медициналық ақпараттық жүйелерді енгізу үшін облыстардың, Астана және Алматының әкімдіктерімен бірлесіп, тиісті ІТ-инфрақұрылымды құру шаралары қабылданып жатқанын мәлімдеген болатын.

"Министрлік пен өңір әкімдері арасында денсаулық сақтау ұйымдарын 2017 жылы 50%-ға дейін және 2018 жылы 100% қажетті компьютерлік техникамен қамтамасыз ету жөнінде меморандумдарға қол қойылды. Биыл жергілікті бюджет қаражаты есебінен 16 мыңнан астам компьютер техникасын сатып алу жоспарланған", – деген еді ол.

Содан бері жағдай қаншалықты өзгерді?

"2017 жылдың бірінші жартысының қорытындысы бойынша денсаулық сақтау ұйымдарының компьютерлік техникамен жабдықталуы республика бойынша орташа есеппен 74 пайызды құрады. Яғни, жыл басынан бері екі есе артты. Сонымен қатар бұл көрсеткіші орташа республикалық деңгейге де жетпейтін өңірлер бар. Бұлар – Оңтүстік Қазақстан, Жамбыл, Шығыс Қазақстан облыстары. Бұл ретте біздің министрлік өңірлермен бірлесіп, арнайы "жол карталарын" бекітті. Оларға сәйкес, барлық өңірлер әкімдіктері келесі жылдың соңына дейін медициналық ақпараттық жүйелерді ендіріп шығуға және барлық мемлекеттік денсаулық сақтау ұйымдарын компьютерлік техникалармен жабдықтауды аяқтауға міндетті, – деді "бас дәрігер".

Өз сөзінде денсаулық сақтау министрі Интернетке шығу мүмкіндігі жоқ медұйымдардың жалпы үлесі 53 пайызды құрайтыны жөнінде хабардар ете кетті. Артта қалушылар қатарында Солтүстік Қазақстан, Ақмола, Шығыс Қазақстан және Қостанай облыстары аталды.

Өз кезегінде ақпарат және коммуникация министрі Дәурен Абаев "Ауылдық жерлерде талшықты-оптикалық байланыс желілерін орнату" жобасының І кезеңі аясында 900-ден астам денсаулық сақтау нысанын интернетпен қамтамасыз ету жоспарланғанын айтады.

"Дәурен Әскербекұлы, ауылды кеңжолақты интернетпен қамтамасыз ету мәселесі қашан шешіледі? 2020 жылға дейін қанша елді мекенді ғаламторға қосамыз?" – деп сұрады премьер Бақытжан Сағынтаев ақпарат министрінен.

"2019 жылдың соңына дейін 1900 ауылдық елді мекенді қосамыз. Яғни, 4,9 миллиондай қазақстандық тұратын жерлерге интернет барады деп есептейміз. Нәтижесінде, интернетпен қамтылу 85 пайызға құрап отыр", – деді Дәурен Абаев.

Ол ұлттық экономика министрлігі өздеріне "болашағы зор елді мекендерге" қандай ауылдар жататынын білдіріп, тізімін бергенін қосты. "Біз сол елді мекендерге интернет жеткізу бойынша Қазақтелекоммен және Транстелекоммен жұмыс жасап жатырмыз", –  деді министр.

Үкімет отырысында баяндаған Жамбыл облысының әкімі Кәрім Көкірекбаев: "өңірдегі денсаулық сақтау ұйымдарына 150 компьютер сатып алуға үстіміздегі жылы 300 миллион теңге бөлінгенін" мәлім етті. Бұл ақпарат үкімет басшысын тіксінтіп тастады: "150 компьютерге 300 миллион?" – деп қайтара сұрады Бақытжан Сағынтаев.

"Ол сомаға серверлері де, интернет желісін тартуы бар, бәрі кіреді", –деді әкім.

"Солай деп айтыңыз! Әйтпесе, "қандай алтын компьютерлер?" деп, біздің өзіміз таңғалып қалдық. Ақшаның қадірін ұмытып кетпеңіздер!" деп тапсырды премьер әкімдерге.

Ал денсаулық сақтау министрі бірнеше рет "артта қалушылар" қатарында атаған Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Ахметов "шынында, өңірде компьютермен қамтылу деңгейі небары 27 пайызды құрайтынын" растады. Сондықтан осы бағытқа 1 миллиард теңге арна тартуда екен. Осы қаржыға бизнесмендерден үш ай ішінде 3 177 компьютерлік техника сатып алынбақ.

"Яғни, биылғы қазан айында денсаулық сақтау мекемелерін компьютерлік техникамен жабдықталу 100 пайызға жетеді. 2018 жылдың үшінші тоқсанында барлық медициналық ақпараттық жүйелер өңірде іске қосылады. Мұның сыртында бізде медұйымдардың 26 пайызы, яғни облыстағы 721 денсаулық сақтау мекемесінің 242-сі интернетке қосылған. Бірақ осы 242 мекеме өңір тұрғындарының 77 пайызына қызмет көрсетеді. Келесі жылы тағы 140 медұйымды қосамыз. Сонда бізде интернетке қол жеткізген осы ұйымдар тұрғындардың 93,9 пайызын қамтитын болады. Ал қалған 6 пайызға қызмет көрсететін 336 медициналық бекетті интернетке қосу мәселесі шешілмеген күйі қалады. Себебі, оларды қосу үшін бізге 3 миллиард теңге қосымша қажет болады", – деген әкім Даниал Ахметов мұны "экономикалық тұрғыдан орынсыз" деп санайтынын жеткізді.  

Үкімет отырысын түйіндеген премьер-министр Бақытжан Сағынтаев мәселелерді қарау қорытындысы бойынша өңірлер әкімдеріне қажетті компьютерлік техникаларды сатып алып, медицина ұйымдарына ақпараттық жүйелерді енгізуді тапсырды. Сондай-ақ техникаға сервистік қызмет көрсету мен оның интернетке қосылуын ретке келтіру керектігіне назар аудартты.

Ақпарат және коммуникациялар, денсаулық сақтау министрліктеріне жауапты орталық және жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп ақпараттық жүйелердің бірлесу жұмыстарын биылғы жылдың 1 қарашасына дейін аяқтау, оның тоқтаусыз жұмыс істеуін қамтамасыз ету жүктелді.

Бақыт Көмекбайұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу