Сағынтаев Сапарбаев басқаратын аймақты аралады

Бақыт Көмекбайұлы Бақыт Көмекбайұлы
2773

Үкімет басшысы отбасылық кәсіпкерлікті дамыту ісін жылдамдатуды тапсырды.  

Сағынтаев Сапарбаев басқаратын аймақты аралады

Елбасы тапсырмасы бойынша өңірлерді аралауды жалғастырған үкімет басшысы Бақытжан Сағынтаевтың жолы бүгін Ақтөбе облысына түсті.

Жалпы премьер сапары елбасы жолдауында мән берілген мәселелер желісіне құрылғанын байқауға болады.

Мәселен биылғы жолдауда ел экономикасының, мемлекеттің тұрақтылығының ұстыны ретінде кәсіпкерлікке баса мән берілгені мәлім. Осы аяда премьер-министр Бақытжан Сағынтаев "Атамекен" кәсіпкерлер палатасының өңірлік кеңесінің мүшелерімен кездесті. Премьер-министр отырысты бастай отырып, өңірдегі кәсіпкерлік секторын дамытудың өзекті мәселелері жөнінде пікір алмасуды ұсынды.

Кездесу барысында шара қатысушылары несие ресурстарының қолжетімділігі, субсидиялау, пайыздық мөлшерлемелер, салық саясаты мәселелерін, сонымен қатар "Бизнестің жол картасы-2020" мемлекеттік бағдарламасын іске асырудың түрлі аспектілерін талқылады. Сондай-ақ Ақтөбе облысының кәсіпкерлердің құқығын қорғау кеңесі көтерген мәселелер қаралды.

Кездесуге "Атамекен" КҰП төралқасының төрағасы Тимур Құлыбаев, "Атамекен" КҰП басқарма төрағасы Абылай Мырзахметов қатысты. 

Кеңес қорытындысы бойынша Бақытжан Сағынтаев жауапты мемлекеттік органдарға көтерілген мәселелерді бақылауға алуды тапсырды.

Айта кетелік, ел президенті Нұрсұлтан Назарбаев "Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік" атты жолдауында бизнестің еліміздің экономикалық өсімінің қозғаушы күшіне айналуы керектігін атап көрсеткен. Осы орайда үкімет шығындарды қысқарту, қайта реттеу бойынша және кәсіпкерлерге қаржылық әрі заңнамалық қолдау көрсету жөнінде кешенді шараларды жүзеге асыруда.

Сондай-ақ жолдау аясында қазір елімізде денсаулық сақтаудың заманауи жүйесін қалыптастыру бойынша көлемді жұмыстар жүргізуде, онда адам капиталының сапалы дамуы экономикалық өсімнің негізгі шарты ретінде көрсетілген. Бұл ретте елімізде мемлекеттік-жекеменшік әріптестік қағидаларын сәтті енгізу мен дамыту ерекше маңызға ие болуда.

Осыған байланысты үкімет жетекшісі жұмыс сапары барысында мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында салынып жатқан қалалық жедел және шұғыл медициналық көмек стансасына, сонымен қоса "Көз Жарығы" офтальмологиялық ауруханасына барды.

Стансаны аралау барысында премьер-министрге мекеменің оқиға болған жерде және оған барар жолда тұрғындардың өміріне қауіп төнген жағдайда тәулік бойы тегін шұғыл әрі жедел медициналық көмек көрсетумен айналысатыны туралы ақпарат берілді. Сонымен қатар құрылыстың ағымдағы жағдайы туралы хабарланды.

Ал "Көз Жарығы" офтальмологиялық ауруханасында оған медициналық офтальмологиялық оңалту орталығының құрылымы, стратегиясы және маңызы туралы баяндалды. Бұл орталық биыл қараша айында ашылады деп жоспарланған. Емдеу мекемесінің стационары 60 төсек-орынға шақталған, емханасы тәулігіне 250 адамды қабылдайды. Аталған жобаға инвесторлардың салымы 3 млрд теңгеден асады. Пайдалануға берілгеннен кейін медициналық мекеме еліміздің батыс өңіріндегі балалар мен ересектерге жоғары мамандандырылған амбулаториялық және стационарлық офтальмологиялық көмек көрсетумен айналысады.

Елбасы елді баспанамен қамтуға зор маңыз беруде. Бақытжан Сағынтаев Ақтөбе облысында жылдам тұрғызылатын тұрғын үйлер өндірісіне назар аударды. "Үй құрылысы комбинаты" ЖШС үй құрылысы комбинатына барды.

Нысанды аралау барысында премьер өндірістік желілерді аралап, үй құрылысына қажетті панельдер мен құрастырылымдар өндірудің технологиялық үдерісі туралы баяндаманы тыңдады. Сонымен қатар Бақытжан Сағынтаевқа ҮҚК технологиясы бойынша тұрғызылған жеке тұрғын үй макетін таныстырды.

Айта кету керек осындай кәсіпорындар өңірде "Нұрлы жер" жаңа тұрғын үй құрылысы бағдарламасын іске асыруда маңызды рөл атқарады. Комбинат ірі панельді құрылыстың арнайы технологиясы бойынша аражабын тақталарын, қабырға панельдерін, үй асты қоймаларын, баспалдақ аралықтарын шығарады. Сонымен қоса мұнда бұйымдар толығымен даяр болып шығады.

Биыл комбинаттың көмегімен Бақытжан Сағынтаев бұған дейін барып қайтқан "Нұр Ақтөбе" тұрғын үй алабында несиеге берілетін аз қабатты бірқатар тұрғын үй құрылысын жүргізу жоспарланған. Қазіргі таңда кәсіпорында аталған үйлердің құрылысына қажетті өнімді шығару жұмыстары жүргізілуде. 

Барлығы "Нұрлы жер" бағдарламасы бойынша Ақтөбе облысында 2017 жылы 500-ден кем емес аз қабатты тұрғын үй салу жоспарланып отыр, бұл тұрғын үй кезегінде тұрған 700-ден астам отбасыны қолайлы баспанамен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Бақытжан Сағынтаев мінген кортеж Ақтөбе облысының ірі көлік-логистика орталықтарының біріне бағыт алды. Жылына 70 мың тоннаға дейін жүк қабылдап, өңдеуге қауқарлы Ақтөбе көлік-логистика орталығын аралау барысында премьер орталық жұмысының тетігімен, азық-түлік өнімдерін сақтау жағдайлары мен қаптау цехының жұмыстарымен толығырақ танысты. Бұдан өзге, Бақытжан Сағынтаевқа ел президентінің жолдауында берілген тапсырмаларды ескере отырып, облыстың логистикалық әлеуетін дамытудың, жүк және жолаушылар ағынын ұлғайтудың жоспарлары мен көрсеткіштері туралы ақпарат берілді.

Ақтөбедегі көлік-логистика орталығы – бұл Батыс Қазақстан өңірлерін қамтитын, "А" санатты дайын өнімдерді өткізу қоймасы. Мұнда цифрлық технологиялардың көмегімен тауарларды бақылаудың барлық тізбегі компьютерлендірілген, бұдан өзге мұнда бакалея өнімдерінің (қант, күріш және жармалар) 40 позициясын қаптайтын цех желісі мен тауарды тиеп, түсіріп алатын теміржол тармағы бар. Барлығы КЛО жылына 70 мың тоннаға дейін жүк қабылдап, өңдейтін болады.

Еске сала кетейік, мемлекет басшысы жаңа Еуразиялық логистикалық инфрақұрылымның дамуын еліміз үшін таяу келешектегі маңызды басымдықтардың бірі ретінде белгіледі. Осы орайда ҚР үкіметі жүк транзитінің еркіндігін қамтамасыз ету, көлік дәліздерін құрып, жаңғырту, сонымен қоса сервис деңгейін арттыру мен әкімшілік кедергілерді жою бойынша кешенді жұмыстар атқаруда.

Кестесі аса тығыз сапары аясында үкімет басшысы өңірдегі ірі өнеркәсіптік кәсіпорындардың өкілдерімен өндірісті технологиялық жаңғырту мәселелері бойынша кездесуге де уақыт тапты.

Кеңес барысында Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаев пен өңірдегі ірі кәсіпорындардың өкілдері сөз сөйледі, олардың ішінде "ERG" Директорлар кеңесінің төрағасы А.Машкевич, "СНПС Ақтөбемұнайгаз" АҚ бас директорының бірінші орынбасары Т.Есенғұлов, "Ақтөбе рельс-арқалық зауыты" ЖШС технология және сапа жөніндегі директоры М.Ибрагимов, "Ақтөбе мыс компаниясы" ЖШС бас директорының бірінші орынбасары А.Топчиев, "Айс+" ЖШС директоры Қ.Ищанов, "АltynEx company" АҚ бас директоры О.Түзелбаев, "Каспий плюс" ЖШС коммерциялық директоры С.Жабаев бар.

Кездесуге қатысушылар премьер-министрге өз кәсіпорындарын жаңғырту бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар мен жаңа технологиялардың енгізілуі туралы айтып берді. Баяндамаларды тыңдаған соң Бақытжан Сағынтаев дәстүрлі секторлар мен қызмет көрсету саласының тоғысында туындайтын жаңа индустрияларды кеңінен тарату мәселесін әкімдіктің ерекше назарына алу қажеттігін айтты.

Сонымен қатар ол елбасы өзінің жолдауында әкімдіктер жұмысының тиімділігін құрылған жұмыс орындарының санымен бағалауды белгілеп бергенін еске салды.

Өз сөзінде Бақытжан Сағынтаев мемлекет басшысы жолдауында экономиканы үдемелі технологиялық жаңғыртуды еліміз үшін жақын болашақтағы басты басымдықтарының бірі ретінде айқындағанын атап өтті. Атап айтқанда, үкімет алдында сандық технологияларды және "Индустрия 4.0" төртінші индустриалдық төңкерістің элементтерін қолданумен құрылатын жаңа индустрияларды кеңінен тарату міндеті қойылғанын атап өтті.

Бақытжан Сағынтаев үкімет бұл жұмысты жүргізу үшін қажетті жағдайларды жасауға кірісіп кеткенін баса айтты. Дәлірек айтқанда, биылғы жылдың соңына дейін 2025 жылға дейін өнеркәсіп секторларын технологиялық жаңғырту бойынша кешенді шаралар қабылданатын болады, онда тиісті құралдар мен тетіктер қамтылады.

Премьер-министр облыс басшылығына облыста жаппай, әсіресе, отбасылық кәсіпкерлікті дамыту бойынша шаралар кешенін қалыптастыруды жылдамдатуды тапсырды.  

Сондай-ақ Бақытжан Сағынтаев мемлекеттік әкімшілендіруді қайта реттеу, жеңілдету, әлеуметтік экономиканы ырықтандыру, жаппай кәсіпкерлікті дамыту жеке секторда жаңа жұмыс орындарын ашу үшін маңызды ынталандыру түріне айналуы тиіс екенін, шетел инвестицияларын тарту үшін "Қазақинвест" компаниясы құрылғанын және инвестицияларды тартуға ерекше көңіл бөлу керектігін айтты.

Үкімет жетекшісі Ақтөбе рельс-арқалық зауытының технологиялық ерекшеліктерімен танысуға да ынта-ықылас танытты. Нысанды аралау барысында Бақытжан Әбдірұлына өндірістің ерекшеліктері туралы ақпарат беріліп, дайын өнім үлгілері көрсетілді. Айта кету керек, зауытта "Siemens VIA Metals Techologies" атты жаңа технология қолданылады, аталмыш технология мұнда шығарылатын рельстерді жоғары жылдамдықтағы қозғалыс желілерінде және жүк жүктемесі жоғары желілерде пайдалануға мүмкіндік береді.

Зауыт өнімдері "Алматы-1 – Шу" темір жол желісінің екінші жолдарын салу кезінде, сонымен қатар салынып жатқан Құрық портының паромдық кешенінің жобаларына апаратын жолдарда және Астана вокзал кешенінде пайдаланылады. Жалпы Қазақстанның магистральді теміржол желісін жаңғырту үшін "ҚТЖ" ҰК" АҚ мен "АРБЗ" ЖШС арасындағы рельс сатып алу туралы ұзақ мерзімді келісімшарт аясында 2022 жылға дейін 600 мың тоннадан астам рельсті жеткізу жоспарлануда.

Сондай-ақ, ішкі нарықты молықтырудан өзге, Ақтөбе өндірушілері рельс өнімдерін Өзбекстанға, Тәжікстанға, Беларусь, Грузия, Түркіменстанға, Ресей Федерациясына, Эстонияға және Иранға экспорттайды.

ҚР президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың "Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік" атты Жолдауында аталған тапсырмаларға сәйкес, еліміздегі индустрияландыру жұмыстары Ақтөбе рельс-арқалық зауыты секілді жоғарғы экспорттық әлеуеті бар, бәсекеге қабілетті өндірістерді дамытуға басымдық бере отырып, жалғастырылатын болады.

Бақытжан Сағынтаевқа облыста сонымен бірге, Ақтөбе ферроқорытпа зауытының өнімдері мен жобалары да таныстырылды.

Зауытты аралау кезінде ҚР премьер-министрі өндірістің жұмысы мен кәсіпорынның бұдан кейінгі жоспарларымен танысты. Сонымен қатар

Бақытжан Сағынтаев зауытта жұмыс істеп тұрған пештерді көріп, дайын өнім тиелетін бөлімде болды.

Айта кету керек, зауыт пен тау-кен байыту комбинатында шикізатты өндіру, оны өңдеу және металл дайындауға дейінгі толық циклді жұмыстар жүргізіледі. АФЗ жылына шамамен 300 мың тонна ферроқорытпа шығарады.

Нысанды аралау қорытындысы бойынша Бақытжан Сағынтаев облыстың ірі өнеркәсіптік кәсіпорындары елбасы жолдауында белгілеген тапсырмаларын жүзеге асыруға өз үлесін қосу үшін барлық қажетті мүмкіндіктері бар екенін атап өтті. Атап айтқанда, өндіріске төртінші өнеркәсіптік төңкеріс элементтерін, оның ішінде, автоматтандыруды, роботтандыру, "үлкен көлемді деректермен алмасу" және тағы басқаларын ендіре алады.

Үкімет басшысының өңірлік сапарлары мен "ревизиясы" ары қарай жалғасын табады.

Бақыт Көмекбайұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу