Сайлау-2023: Ең көп мандатқа AMANAT партиясы ие болды

2254

27 наурыз күні Орталық сайлау комиссиясының отырысында ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттарын кезектен тыс сайлау қорытындысы жарияланды. 

Сайлау-2023: Ең көп мандатқа AMANAT партиясы ие болды Фото: inbusiness.kz

Оған сәйкес партиялық тізімдер бойынша "Ақ жол", AMANAT, "Ауыл" партиясы, ЖСДП, Қазақстан халық партиясы, Respublica өтті, деп жазады inbusiness.kz.

"Бүгін біз 2023 жылғы 19 наурызда өткен аумақтық сайлау комиссияларының хаттамалары негізінде ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттарын кезектен тыс сайлаудың түпкілікті қорытындыларын шығарамыз. Осылайша сайлаушылардың нақтыланған тізімдеріне сәйкес ҚР азаматтарының жалпы санынан 12 млн 35 мың 578 адамды құрады. ҚР Парламенті Мәжілісінің пропорционалды өкілдік жүйесі, яғни партиялық тізімдер бойынша сайланатын VIII сайланымының 69 депутатын сайлауда саяси партиялар үшін және "бәріне қарсы" 6 млн 366 мың 441 дауыс берілді. Жалпы республика бойынша сайлаушылардың дауыстары келесідей бөлінді.

ҚР Парламент Мәжілісінің депутаттарын партиялық тізімдер бойынша сайлау қорытындысы:

"Ақ жол" демократиялық партиясы – 535 139 (8,41%);
AMANAT партиясы – 3 431 510 (53,90%);
"Ауыл" партиясы – 693 938 (10,90 %);
Жалпыұлттық социал-демократиялық партия – 331 058 (5,20%);
"Байтақ" жасылдар партиясы – 146 431 (2,30%);
Қазақстан халық партиясы – 432 920 (6,80%);
Respublica партиясы – 547 154 (8,59%)", - деді ОСК төрағасы Нұрлан Әбдіров.

Оның сөзінше, "бәріне қарсы" бағанын 248 291 адам (3,90 пайыз) таңдады. 

"Осылайша партиялық тізімдер бойынша дауыс беру қорытындыларына қарай депутаттық мандаттарды бөлуге келесі 6 саяси партия жіберіледі: "Ақ жол", AMANAT, "Ауыл" партиясы, ЖСДП, Қазақстан халық партиясы, Respublica. Қазақстанның "Байтақ" жасылдар партиясы 5 пайыздық межені еңсермеуіне байланысты мандаттарды бөлуге қатыспайды. Сонымен дауыс берудің қорытындыларына қарай депутаттық мандатқа саяси партиялардың келесідей бөлінеді. Атап айтқанда, "Ақ жол" (6), AMANAT (40), "Ауыл" партиясы (8), ЖСДП (4), Қазақстан халық партиясы (5), Respublica (6)", - деп атап өтті Нұрлан Әбдіров.

Еске салайық, 19 наурызда Парламент Мәжілісі мен мәслихаттары депутаттарын кезектен тыс сайлау өтті. Сол күні сайлаудың алдын ала қорытындысы жарияланды. 20 наурыз күні Орталық сайлау комиссиясы ҚР Парламенті Мәжілісі сайлауының алдын ала нәтижелерін жариялады. Сонымен қатар бір мандатты жүйе бойынша депутат болғандардың тізімі де шыққан болатын. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу