Сайлау алдындағы үгіт: Қандай шектеулер бар?

2135

19 наурызда Мәжіліс пен мәслихат депутаттарының кезектен тыс сайлауы өтеді. Бүгінде кандидаттарды тіркеу жүріп жатыр, ол 18 ақпан күні сағат 18.00-ге дейін жалғасады. 

Сайлау алдындағы үгіт: Қандай шектеулер бар?

Тіркеу науқаны аяқталғаннан кейін сайлау алдындағы үгіт басталады. Агитация жүргізу ережелері қандай? Сайлауалды үгітке кімдер қатыса алмайды?

Осы мәселе төңірегінде inbusiness.kz тілшісі ҚР Президенті жанындағы Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институтының аға сарапшысы Қуаныш Сайлаумен тілдескен болатын.

- Санаулы күндерден соң сайлау алдындағы үгіт науқаны басталады. Агитация жүргізу ережелері қандай?

Жалпы алғанда, сайлауалды үгіт нормаларын "ҚР Сайлау туралы" Заңның 5-тарауы реттейді. Үгіт жұмысы кандидаттарды тіркеу аяқталғаннан кейін басталады және сайлауға бір күн қалғанда аяқталады. Мемлекет азаматтарға, қоғамдық бiрлестiктерге заңға сәйкес белгілi бiр кандидатты, саяси партияны жақтап немесе қарсы шығып үгiт жүргiзу құқығына кепiлдiк бередi.

- Қандай шектеулер бар?

Үгіт-насихатқа қатысуға шектеуі бар тұлғаларды қарастырайық. Сайлауалды үгітке шетелдік немесе азаматтығы жоқ адамдар қатыса алмайды. Үгіт материалдарын:

  • мемлекеттік, жергілікті өзін-өзі басқару орган қызметкерлері;
  • әскери, қауіпсіздік, құқық қорғау орган қызметкерлері;
  • сайлау комиссияның мүшелері;
  • діни бірлестіктер;
  • жаңалықтар немесе талдау бағдарламаларының аясында телерадио ұйымдары кандидатпен байланысы бар журналистер, БАҚ  тарата алмайды.

Сонымен қатар, сайлауға қатысатын кандидаттар және БАҚ кандидаттың немесе саяси партияның ар-намысына, қадiр-қасиетiне және iскерлiк беделiне көрiнеу нұқсан келтiретiн үгiт материалдары жарияламауы керек. Бұл қазіргі кездегі өзекті мәселе, себебі онлайн-ресурстарда жалған ақпарат өте жылдам таратылады. Осы арада жасалған зерттеулерге негізделсек, Facebook желісінде 2016 жылғы АҚШ сайлау қарсаңында жалған жаңалықтар расталған мәліметке қарағанда әлдеқайда тез таратылды.

Сайлаушыларға тегiн немесе жеңiлдiк беріп тауар я болмаса қызмет ұсынуға, бағалы қағаздар беруге болмайды. Кандидаттар немесе партиялар лотерея, қайырымдылық акциялар немесе басқа да тәсіл арқылы ақша төлеу арқылы үгiт жүргізбегені жөн.

Ал, ең басты шектеу, бұл – "тыныштық күні". Сайлау өтетін күні және оның алдындағы күні үгітке тыйым салынған. Бұған ең басты себеп – бір ай бойы кандидаттардың бағдарламаларымен танысқан сайлаушыларға өз көзқарасын қалыптастыруға және жеке таңдау жасауға мүмкіндік беру. Оларға дауыс бергенде физикалық болсын, психологиялық болсын қысым көрсетілмеуі керек.

- Үгіт-насихат түрлеріне тоқталсаңыз.

Заңға сәйкес үгіт-насихаттың негізгі төрт категориясы бар:

  • БАҚ-та жарияланатын ақпарат;
  • халық қатысуымен өткізілетін жария іс-шаралар (жиналыстар, митингтер, шерулер, демонстрациялар, дебаттар);
  • баспа, дыбыс-бейне материалдары;
  • онлайн-платформаларда жарияланатын материалдар.

Үгіт-насихат материалдарын әзірлегенде екі басты қағида сақталуы керек – қолжетімділік және айқындық. Біріншіден, БАҚ құралдары кандидаттардың бәріне бірдей қолжетімді болуы тиіс. Осылайша сайлаушылар әр кандидаттың айтар сөзімен, сайлауалды бағдарламасымен таныса алады.

Екіншіден, үгіт материалдары міндетті түрде тиісінше белгіленуі керек, себебі қандай да бір материал сайлаушыны белгілі бір кандидат үшін дауыс беруге шақырса, сайлаушы оны білуге құқылы. Тапсырыс берген тұлға, тапсырысты орындаған ұйым және қаржыландыру көзі материалда белгіленуі керек. Сонымен қатар, биылдан бастап блогерлер мен онлайн-платформалар Орталық сайлау комиссиясына үгіт материалдарын жариялау кезінде коммерциялық ұсыныстарын жіберуі керек.

- Әлеуметтік желілерде кандидаттар немесе партияларға қатысты қоғамдық пікірге сауалнама жүргізуге кім құқылы? Сауалнама жүргізушіге қандай талаптар қойылады?

Қоғамдық пікірге сауал салуды заң бойынша тіркелген, қоғамдық пікірге сауал салуды жүргізу бойынша кемінде бес жыл тәжірибесі бар заңды тұлғалар құқылы. Олар тиісті құжаттардың көшірмелерін Орталық сайлау комиссиясына беріп, сауал алу ниеті туралы жазбаша түрде алдын ала хабарлайды. Хабарламада сауал салуды жүргізуге қатысатын және осы салада жұмыс тәжірибесі бар мамандар, сауалнама өтетін өңірлер және қолданылатын талдау әдістері туралы мәліметтер беріледі.

Қоғамдық пікір сауалнамасын, сайлау және сайлауға байланысты өзге де зерттеулерді, кандидаттарды не саяси партияларға берілетін дауыс болжамдарын сайлауға бес күн қалғанда жариялауға болмайды. Сайлау учаскесінде сайлау өтетін күні сауалнама жүргізуге тыйым салынады.

- Сұхбат бергеніңізге көп рақмет!

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу