Сайлаудан кейін Қазақ-АҚШ қатынасынан не күтеміз?

3692

8 қазан күні АҚШ-та 58-інші президент сайлауы өтеді. Сарапшылардың ортақ пікірінше, бұл сайлау бұрынғылардан өзгешелеу. 

Сайлаудан кейін Қазақ-АҚШ қатынасынан не күтеміз?

Бұрын демократтар мен республикашылдардың сайлауалды пікірталастарының соңғы раундтарында үміткерлердің бірі оза шауып, президенттің кім болатыны туралы күні бұрын біржақты пікір қалыптасса, бұл жолы әлі күнге дейін Хиллари Клинтон мен Дональд Трамптың мүмкіндіктері тең бағаланып отыр.

Клинтонды фаворит деушілер

Демократтардың мүддесін діттеуші Хиллари Клинтонның басты жақтастары ретінде бүгінге дейін елдегі либерал көзқарастағы көпшілік, соның ішінде азиялық америкалықтар, мексикалықтар мен қара нәсілді америкалықтар аталып келді. Оған себеп те жоқ емес.

Демократтардың республикалықтардан басты ерекшелігі де нәсілдік әралуандыққа ерекше назар аударуында. Екіншіден, қазірде америкалық орта тап өкілдерінің басым көпшілігінің бүйрегі Клинтонға бұрып тұр.

Өйткені, үміткердің сайлауалды бағдарламасының бір бөлігі елдегі ең бай 1% азаматқа салынатын салық көлемін арттырып, орта тап өкілдеріне салмақты азайтуға бағытталған. 2007-2009 жылдардағы қаржылық дағдарыс кезінде пайда болған 99%+1% термині таптық теңсіздіктің бірден-бір көрінісі еді.

АҚШ-тағы байлықтың басым көпшілігі ең бай 1% азаматтың үлесіне келетіні ғасырлар бойы АҚШ-тың "Мүмкіндіктер мекені" аталып келуін жоққа шығарған болатын. Осылайша, халықтың таптық теңсіздікке деген наразылығын демократ Хиллари Клинтон өз мүддесіне тиімді пайдаланбақшы.

Екінші жағынан, АҚШ-тың ең ірі ақпарат құралдары да Хиллари Клинтон жағына шыққаны айтылып жатыр. Бір ғана мысал. Өткен айдың басында CNN мен New York Times басылымдары ресми түрде Дональд Трамптың сайлауалды саясатын сынап, халықты ашықтан-ашық Хиллари Клинтонға дауыс беруге шақырды.

Бүгінге дейін сыртқы саясатта бейбіт туын ұстап келген демократтардың кейпін бұл жолы үміткер Хиллари Клинтонның аздап өзгерткені де жұмбақ емес.

"Мемлекеттік хатшы кезінен агрессиясымен есте қалған Хилари ханымның бұл жолы да Ресеймен арада бейбітшілік ұстанымынан гөрі агрессияға көп басымдылық беретіні байқалады. Путин билігіне бірнеше рет сын айтқан Клинтон таққа келсе, батыс пен Ресей арасындағы ахуал шиеленісіп кетуі ғажап емес", – деп мәлімдейді американдық қоғамдық пікірді зерттейтін Гэллап институтының сарапшылары.

Өткен аптадағы сайлауалды пікірталастың қорытындысы бойынша Хилари Клинтон Дональд Трамптан 5 саты жоғары аяқтап, сайлау қарсаңында көшбасшылық орнын сақтап қалды.

Трамптың түбегейлі жоспары

Соңғы сәтке дейін даусыз көшбасшының анықталмай келуіне бұл жолғы сайлауға үміткер ретінде бір саясаткер, бір ірі кәсіпкердің түсуі себеп  болуы да ғажап емес. Жалпы, Дональд Трампты саясатта тәжірибесі жоқ деушілер қателеседі. Алдыңғы сайлауда Дональд Трамптың республикалық партия атынан үміткер болып, бірақ партия атынан финалға шыға алмай қалғанын біреу білсе, біреу білмейді.

Дональд Трамптың таққа отыруы билікті лоббиліктен құтқарады деп ресми мәлімдеген республикалық партия мультимиллионердің Ақ үй тізгінін қолына алу мүмкіндігіне күмән келтірмейді.

Лобби демекші, өткен сенбі күні британдық BBC басылымы Клинтон қорының бір кезде Қатар үкіметінен 1 млн доллар қайырымдылық қаржысын алғанын мәлімдеді. Бұл қаржыны Қатар үкіметі Клинтонның мемлекеттік қызметте қалуы үшін аударғанын Хиллари ханымның өзі де мойындайтынын жазды.

Жалпы, Трамптың сайлауалды бағдарламасынан АҚШ экономикасын түбегейлі өзгертетін бірнеше бабы бары байқалады. Соның бірсыпырасы көпшіліктің қарсылығына ұшыраса, бірқатарын экономистер қолдап жатты. Енді бірі тіпті күлкіге айналды.

Бірінші кезекте АҚШ экономикасын дағдарыстан шығарамын деп ант-су ішкен Дональд Трамп алдымен Қытайдағы Apple зауыттарын елге көшіремін деп бекініп отыр. Оның айтуынша, АҚШ компаниялары сыртта өндіріс ашу арқылы қазынаға түсетін қыруар қаражатты далаға шашады.

Миллиардердің бұл пікірін Нобель сыйлығының лауреаты Джозеф Стиглиц "абсурд" деп бағалады. Экономистің пікірінше, трансұлттық компаниялардың АҚШ-та өндіріс жасауы бірінші кезекте компания өнімдерін кемінде 5-6 есеге қымбаттатып жібереді. Өйткені, Қытай мен Вьетнамда сағатына 1-2 доллар жалақы төленсе, Құрама Штаттарда ең төменгі жалақы 8 доллардан басталады.

Дегенмен де, республикалық партия үміткерінің сайлауалды бағдарламасындағы салық саясатында көпшіліктің көкейіне қонымды жерлер де жоқ емес. Біріншіден, Дональд Трамптың жоспарынша, орта тап өкілдерінің салықтарын азайту керек. Екіншіден, байларға салынатын салық олардың капиталына емес, қанша азаматты жұмыспен қамтығанына қарай салынбақшы. Сарапшылардың айтуынша, АҚШ-та соңғы 2 жылда қарқынды өсіп келе жатқан жаппай жұмыссыздықпен күресте Трамптың осы жоспары ұтымды шара болар еді.

Клинтон мен Трамп Қазақ-Америка қатынасына қандай өзгеріс әкелуі мүмкін?

Қазақстан-АҚШ қатынасы, соның ішінде сауда-экономикалық байланыстың қос үміткердің бірінің мемлекет басшылығына келуінен қандай өзгеріс күтуіміз керектігі туралы сарапшылар алуан түрлі пікірде. Қазақстандағы АҚШ елшілігі бұл мәселеге қатысты күн бұрын болжам жасамайтынын мәлімдесе, Дональд Трамптың таққа келуі АҚШ-тағы билік жүйесіне айтарлықтай өзгеріс енгізеді деп санайтындар да баршылық.

"Жақсы бизнесменнің әрқашан да жақсы саясаткер бола бермейтінін ескеру керек. Дональд Трамп қазіргі сайлауда белгілі бір деңгейде аутсайдер. Соңғы бірнеше жылда Құрама Штаттарды билеген Буш пен Клинтон әулетінің ықпалы жанында Дональд Трампты "халық ішінен шыққан" үміткер ретінде бағалауға болады. Сайлауалды бағдарламасында республикашыл үміткер салық саясатына қатысты бірқатар тосын жоспарын жария етеді. Соның ішінде ірі кәсіпорындарға салықты азайту үміткердің тек қана "бизнес үшін" жұмыс істейтінін көрсеткендей", – дейді тәуелсіз сарапшы Жазира Дүйсенбекова.

Екіншіден, Жазира Дүйсенбекованың айтуынша, Трамп президент болса, АҚШ пен Қазақстан қатынасының қалайша өрбитінін болжау қиын, дегенмен сайлауалды бағдарламасында Дональд Трамп сыртқы саясатта барынша бейбіт саясат ұстанатынын жариялаған еді.

Ал тәуелсіз саясаттанушы Әділ Нұрмақов Дональд Трамптың сыртқы саясатта ашық қақтығысқа барып қалуы мүмкін екенін де теріске шығармайды.

"Әрине, сайлауалды бағдарламасында Дональд Трамп сырт мемлекеттермен, соның ішінде Ресеймен қарым-қатынасын жақсартатын ойын білдірді. Дегенмен, Ресейдің Сириядағы соғыс операцияларына АҚШ-тың төзуі қиын болады. Осы тұрғыда егер Трамп Ресеймен ашық текетіреске баратын болса, Ұжымдық Қауіпсіздік Шарты Ұйымы аясында Ресей Қазақстаннан бастап ұйымға мүше мемелекеттердің барлығынан әскери одақтастық күтеді. Әрине, мұндай жағдай өрби қоюы екіталай. Бірақ, Қазақстан мен АҚШ қатынасы алдымен АҚШ-Ресей байланысына тікелей тәуелді екені жасырын емес", – дейді саясаткер.

"Сауда-экономикалық байланысқа келсек, – дейді Жазира Дүйсенбекова, – Дональд Трамп бірінші кезекте елдің экономикалық өсуін қамтамасыз ету үшін америкалық өнеркәсіпті ел ішіне көшіруге ден қоймақшы. Осы тұрғыда шет елдердегі ірі кәсіпорындарды АҚШ-қа көшіріп, елдің бір кездегі өнеркәсіптік қуатын қалпына келтіруді мұрат етеді".

Сарапшылардың пікірін қорытындыласақ, республикалық партия үміткері шетелдік кәсіпорындарға инвестиция сала отырып, америкалық бизнестің ықпалын шетелдерде арттыруға асықпайтын сыңайлы.

Ол адай таяуда Financial Times басылымы Дональд Трамптың күмәнді қаржы операцияларына қатысы барын мәлімдеді. Атап айтқанда, Алматының бұрынғы әкімі Виктор Храпуновтың ұрлаған қаражатының Дональд Трампқа қарайтын қаржы ұйымдарының біріне жасырғанын дәлелдейтін құжаттар жарияланды. Financial Times мәліметіне сәйкес, Дональд Трамптың бұдан да басқа заңсыз қаржы айналымына, соның ішінде ТМД мемлекеттерінде қаржы қылмысына қатысы бар тұлғалармен тікелей істес болуы да мүмкін.

Бауыржан Мұқанов

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу