Қазақстандық боксшы Сәкен Бибосынов Азия чемпионатының жартылай финалына өтті. Ол 51 келіге дейінгі салмақта ширек финалда малайзиялық Гаюм Ариффинді 5:0 есебімен ұтты. Осы жетістігінің арқасында Бибосынов кем дегенде турнирдің қола жүлдесін алады.
Сәкен жартылай финалда 2021 жылғы әлем чемпионы жапониялық Томоя Цубоимен күш сынасады. 2021 жылы Цубои финалда қазақстандық Махмұд Сабырханды жеңіп, 54 келіге дейінгі салмақта әлем чемпионы атанды. Бибосынов 2021 жылы Белградта өткен әлем чемпионатында да алтын алды, бірақ ол 51 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде өнер көрсетті. Дәл осы салмақта Сәкен 10 қарашада Амманда 1/2 финалда Томояға қарсы кездесу өткізеді.
Ал қыздар арасында Аида Әбікеева Азия чемпионатының ширек финалдық жекпе-жегінде жеңіліс тапты. 63 келіге дейінгі салмақта жартылай финалда жапониялық Кито Майға есе жіберді.
Сондай-ақ 2016 жылғы әлем чемпионы Валентина Хальзованың жолы болмады. 75 келіге дейінгі салмақта ширек финалда үндістандық Ловлина Боргохаиннан 2:3 есебімен ұтылды. Осылайша, Қазақстан әйелдер құрамасының екінші боксшысы жеңіліс тапты.
2016 жылғы Олимпиаданың қола жүлдегері қазақстандық Дариға Шәкімова құрлықтық доданың жартылай финалына жолдама алды. 70 келі салмақта ширек финалда үндістандық Пуджадан басым түсті. Бұл табысының арқасында Шәкімова турнирдің кем дегенде қола жүлдесін алады.
Қазіргі уақытта Қазақстан құрамасынан жарыстың жартылай финалына сегіз боксшы жолдама алды: Сәкен Бибосынов (51 келі) – ерлер арасында, Жазира Орақбаева (52 келі), Жайна Шекербекова (54 келі), Карина Ибрагимова (57 келі), Мадина. Нұршаева (66 келі), Дариға Шәкімова (70 келі), Гүлсая Ержан (81 келі) және Ләззат Күнгейбаева (+81 келі) – әйелдер.
Бүгін, жексенбі, 6-қарашада Амманда Қазақстанның жеті боксшысы өнер көрсетеді. Астана уақытымен сағат 16:00-де басталатын күндізгі сессияны "қазақтың Ломаченкосы" лақап атымен танымал Махмұд Сабырхан (54 келі) ашады. Ол моңғолиялық Дорьнымбуу Ганболдпен жұдырықтасады. Шаршы алаңға шығатын бесінші жұпта Серік Теміржанов (57 келі) иорданиялық боксшы Юсеф Иашашпен жұдырықтасады. Күндізгі сессияның тоғызыншы жекпе-жегінде 60 келі салмақта Саматәлі Толтаев қырғызстандық Мирзохид Имамназаровпен кездеседі.
Кешкі сессия сағат 21:00-де басталады. Онда төрт қазақстандық боксшы өнер көрсетеді. Ел құрамасынан 48 келі салмақта Санжар Ташкенбай шаршы алаңға шығады. Ол қырғызстандық Мирлан Түрікбай ұлымен кездеседі. 11-ші жұпта Дулат Бекбауов (67 келі) Қырғызстанның тағы бір өкілі Жақсылық Талайбековпен күш сынасады. 13-ші жұпта 48 келідегі Алуа Балқыбекова тайландық Типсатча Йодваримен кездеседі. Кешкі сессияны Римма Волосенко (60 келі) жабады. Ол моңғолиялық Номин-Эрдэнэ Төгсжаргалмен жұдырықтасады.