Сәкен Бибосынов бокстан әлем чемпионы атанды

1903

Сәкен Бибосынов алтыннан алқа тақса, тағы бір қазақстандық боксшы Серік Теміржанов күміс жүлдегер атанды.

Сәкен Бибосынов бокстан әлем чемпионы атанды

Белградта өткен әлем чемпионатында 51 келіге дейінгі салмақ дәрежесі бойынша финалда қазақстандық боксшы Сәкен Бибосынов америкалық Роско Хиллді 5:0 есебімен ойсырата ұтты. 24 жастағы Бибосынов үшін бұл әлем чемпионатындағы екінші медаль. 2017 жылы ол қола жүлдегер атанған болатын. Ал 9 қарашада 27 жасқа толатын қазақстандық боксшының қарсыласы Хилл алғаш рет халықаралық деңгейде өнер көрсетіп, әлем чемпионатының күміс жүлдегері атанды.

Сонымен қатар Серік Теміржанов әлем чемпионатының күміс жүлдегері атанды. Қазақстандық финалда Джамал Харвиден 0:5 есебімен жеңіліп қалды. Үш төреші америкалықтың пайдасына 29-28, екеуі 30-27 деп бағалады. 23 жастағы Теміржанов пен 18 жастағы Харви спорттық мансабында алғаш рет әлем чемпионатында өнер көрсетті. Қазақстандық боксшы биыл Олимпиадаға да барған болатын. Бірақ екінші айналымнан әрі аса алмады. Теміржанов Белградта рингке шыққан соңғы қазақстандық боксшы болды.

Осылайша бокстан Қазақстан құрамасы Белградтағы әлем чемпионатында тамаша өнер көрсетті. Біздің спортшылар 2 алтын, 2 күміс және 1 қола медаль иеленді. Финалдың бірінші күнінде боксшыларымыз тұғырдың үш сатысына да көтерілді. Қоржынға алтын, күміс және қола жүлде түсті. Бүгін жарыстың соңғы күнінде екі жігітіміз шаршы алаңға шығып, тағы да ел мерейін асқақтатты. Үздіктерге AIBA қомақты сыйақы – 100 мың, 50 мың, 25 мың АҚШ долларын тағайындап отыр. Сонымен қатар Қазақстан бокс федерациясының Президенті Кеңес Рақышев та боксшыларды назардан тыс қалдырмайды. Бұл туралы Қазақстан бокс федерациясының баспасөз қызметі хабарлады. Елге оралғаннан кейін, жеңімпазға 70 мың, күміс жүлдегерге 50 мың, қола жүлдегерге 30 мың АҚШ долларын береді.

Ермұхамед Мәулен

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу