51 келіге дейінгі салмақ дәрежесі бойынша Сәкеннің қарсыласы 2016 жылы Рио-де-Жанейрода өткен Олимпиада ойындарында алтын алған өзбек Хасанбой Дусматов болды. Жекпе-жекте төрешілердің бірауыздан шығарған шешімімен Бибосынов жеңіске жетті.
Осылайша, қазақстандық боксшы 1/8 финалға шықты. Ал Өзбекстан құрамасының бір ойыншысы үшін әлем чемпионаты аяқталды. 51 келіге дейінгі салмақта 1/8 финалда 2020 жылғы Олимпиада ойындарының қола жүлдегері Сәкен қырғызстандық Азат Үсеналиевті жеңген үндістандық Дипакпен кездеседі. 1/8 кезеңдегі қазақстандықтың жекпе-жегі 1 қарашада өтеді.
Сонымен қатар Белградта өтіп жатқан бокстан әлем чемпионатын қазақстандық боксшы Нұрқанат Раис та жеңіспен бастады. 21 жастағы Раис (75 келіге дейін) Черногориядан келген Стефан Савковичке қарсы кездесуде ұпай саны бойынша жеңіске жетті. Ал екінші айналымда оның қарсыласы молдовалық Влад Гаврилич болады.
Осылайша, әлем чемпионатына барған боксшыларымыздың төртеуі келесі кезеңге өтті.