Сәкен Бибосынов жартылай финалға шықты

1236

Сәкен Бибосынов кем дегенде Олимпиаданың қола жүлдесін алды.

Сәкен Бибосынов жартылай финалға шықты

Сәкен Бибосынов испаниялық Габриэль Эскобарды бірінші раундта нокдаунға жіберіп, 3: 2 есебімен жеңіске жетті. Осылайша Сәкен Бибосынов кем дегенде Олимпиаданың қола жүлдесін алды.

Айта кетейік, 25 жастағы Эскобар 2018 жылғы Еуропа чемпионы және 2019 жылғы Еуропа ойындарының жеңімпазы. Ал 24 жастағы Бибосыновтың осы күнге дейін жеткен басты жетістігі 2019 жылғы әлем чемпионатының қола жүлдесі. Финалға шығу үшін Бибосынов британиялық Джалал Яфаймен (2018 жылғы Еуропа чемпионатының финалисі, 2019 жылғы Еуропа ойындарының қола жүлдегері) 5 тамызда сағат 14:48-де кездеседі.

Ал тағы бір жартылай финалда жапониялық Реми Танака мен филиппиндік Карло Паалам 14: 30-да кездеседі. Рио-2016 Олимпиадасының чемпионы және Токио олимпиадасындағы алтын жүлдеге басты фаворит өзбек боксшысы Шохибиддин Зоиров ширек финалда Пааламадан сенсациялық түрде 0: 4 ұтылды.

Бұдан бөлек бүгін Токионың боз кілеміне шыққан Нұрсұлтан Тұрсынов алғашқы кездесуінде-ақ ұтылды. Оның қарсыласы германиялық Денис Кудла болды. Белдесу 4:1 есебімен Денистің пайдасына шешілді. Осылайша грек-рим күресінен Олимпиадаға қатысқан үш қазақстандық спортшы да - Мейрамбек Айнағұлов (60 келі), Демеу Жадраев (77 келі), Нұрсұлтан Тұрсынов (87 келі) бірінші айналымнан  әрі аса алмады.

Құзға өрмелеуден Ришат Хайбуллин алғашқы сайысты 6.19 секундта аяқтап, іріктеуде үздік үш спортшы қатарына ілікті.  Француз Басса Мавем - 5,45 уақыт көрсеткішімен бірінші, ал жапониялық Томоа Нарасаки - 5,94 уақыт көрсеткішімен 2-нәтиже көрсетті. Алайда екінші сайыста Ришат 6.90 нәтиже көрсетті. Ол финиште қателік жіберді. Нәтижесінде Хайбуллин 2020-жылғы Олимпиадаға іріктеудегі үш жаттығудың бірінші жаттығуында төртінші болды.

Олимпиадалық рекорд орнатқан француз Басса Мавем алтын жүлде алды - 5,45. Жапониялық Томоа Нарасаки (5,94) екінші, тағы бір француз Микаэль Мавем (5,95) үшінші орынға ие болды. Ал 4-нәтиже көрсеткен қазақстандық Ришат Хайбуллин көпсайыс бойынша екінші жаттығуда - боулдерингте өнер көрсетеді.

Ермұхамед Мәулен

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу