Сақтандыру дауы шешіліп, түрік бұғаздарынан қазақ танкерлері қайта өте бастады

1872

Анкараның мәлімдеуінше, 26 кеменің 19-ы тиісті құжаттарын көрсетіп, сапарларын әрі қарай жалғастырды.  

Сақтандыру дауы шешіліп, түрік бұғаздарынан қазақ танкерлері қайта өте бастады

Қара теңіз жағалауындағы ресейлік порттардан мұнай экспортын тоқтатып тастаған сақтандыру дауы шешілді. "Файниэншл таймс" газетінің хабарлауынша, қанағаттанарлық құжат көрсеткеннен кейін түрік бұғаздарынан 19 кеме өткен. 

Өткен аптада Батыстың Мәскеуге қарсы санкцияларына байланысты Түркия сақтандыру құжаттарын жаңадан растауды талап етті. Сол үшін Босфор мен Дарданеллы бұғаздары маңында талай танкер тұралап қалды.

Айта кетсек, желтоқсанның 5-де Еуропа одағы мен "Үлкен жетіліктің" Ресей мұнайының бағасын 60 доллардан асырмау туралы келісімдері өз күшіне енді. 

Алайда, батыстық сақтандырушылар танкерлердің аталған бағамен өтетініне кепілдік бере алмады. Сондықтан Түркия мұнай тиелген кемелердің өз бұғаздарынан өтуіне бір аптадан астам уақыт бойы тыйым салды. Дау ушыққан сәтте, іске Америка Құрама Штаттары мен Ұлыбритания араласып, Анкарамен келіссөз жүргізуге мәжбүр болған. 

Түрік бұғаздары - әлемдегі ең қарбалалас кеме жолдары. Және де  Ресей мен Қазақстаннан экспортталатын шикі мұнайдың көбі дәл осы бұғаздардан өтеді. 

Түркияның теңіз әкімшілігінің мәлімдеуінше, 26 танкердің "сақтандыруды растау туралы хатты көрсеткен" 19-ы сейсенбідегі жағдай бойынша бұғаздардан өткізілген.

"Түрік бұғаздарын қорғау мақсатында әріптестерімізбен жүргізілген келіссөздер нәтижесінде теңіздегі сауда әдеттегідей жалғасатынына қуаныштымыз", деп жазылған Анкара таратқан мәлімдемеде.

Қорғау және шығындарды өтеу жөніндегі халықаралық топқа кіретін Norway’ Gard клубы да өз сайтында танкерлерді Босфор мен Дарданеллдан өткізу мәселесінің шешілгенін растады.

Зардап шеккен кемелердің көпшілігі - Қазақстаннан мұнай тасымалдаушылар. Олар G7-нің мұнай нарығына араласуының кездейсоқ құрбанына айналса керек.

Қазақстанда Chevron, ExxonMobil сияқты компаниялар өндіретін мұнай құбырмен Ресейдің Қара теңіз жағалауындағы порттарына экспортталады. Және де сол шикізат Түркия бұғаздары арқылы Жерорта теңізіне бару үшін танкерлерге тиеледі.

Қазақ мұнайына батыстың Ресейге жариялаған санкциялары жүрмейді. Сондықтан, желтоқсанның 8-де АҚШ Қаржы министрі Джаннет Йеллен қазақстандық танкерлерге жаңа процедуралардың еш қатысы жоқ екенін ескертуді жөн көрген. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу