Бұл жерде әңгіме көрші Ресейде енгізіліп жатқан жаңа тәжірибе жөнінде болып отыр.
Ресейлік "РИА Новости" ақпарат агенттігінің хабарлауынша, бұдан былай пәтердің, ғимараттың ішін жинастырмай, лас ұстап, былыққа батырғандарға 500 мың рубльге дейін айыппұл салына бастайды. Олардан түскен қаржы алым ретінде бюджетке құйылады.
ҚР Ұлттық банкінің бағамы бойынша 1 рубль 5,26 теңгеге тең. Демек, жаңа айыппұл түрінің ең жоғарғы көлемі 2 630 000 теңгеге парапар болады. Бұл ең жоғарғы айыппұл заңды тұлғаларға салынады.
Ал, жеке тұлғалардың айыппұлы 25 мың рубльге (131 500 теңгеге) жетпек.
Ақпаратты РФ Парламенті растады. Мемдуманың Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық комитеті төрағасының орынбасары ЖКХ Сергей Колунов Ресейде тұрғын үйлерде және қоғамдық орынжайларда санитарлық талаптарды бұзғаны үшін айыппұл мөлшері күрт арттырылатынын мәлімдеді.
Оның айтуынша, айыппұл мөлшері қолданыстағыдан 10 есе (!) ұлғайтылып отыр. Оның түсіндіруінше, өз үйіне қарамайтын, күтім жасамайтын салақ адамдар сол арқылы көршілеріне зиян келтіреді, атжалман, тышқан, қандала және басқа да жәндіктердің қаптауына жағдай жасайды.
Ал, бұл зиянкестер, кеміргіштер ауыр жұқпалы аурулар таратады. Сондықтан ресейлік депутат Парламенттің төменгі палатасында РФ әкімшілік кодексіне өзгерістер енгізетін тиісті заң жобасы әзірленгенін жеткізді.
Заңда "салақ" деген ауызекі ұғымды қолдануға болмайтыны белгілі. Ол заң жүзінде басқаша тұжырымдалған. Орыстілді The Moscow Times заңнан үзінді келтірді.
Құжаттың түсіндірме жазбасында: "тұрғын үйді және қоғамдық орынжайларды, ғимараттарды, құрылыстарды, көлікті пайдалануға қойылған санитарлық-эпидемиологиялық талаптарды сақтамағаны үшін, сондай-ақ тұрғын үй орынжайларын пайдалану ережелерін сақтамағаны үшін жеке және лауазымды тұлғаларға, сонымен қатар кәсіпкерлерге жазаны он есе қатайту" ұсынылғаны көрсетілген.
Қазіргі кезде солтүстік көршіде қарапайым адамдар үй шаруасына құнтсыз қараса, баспанасын былықтырып жіберсе, 500-ден 2 500 рубльге дейін айыппұл төлейді.
"Мұндай мардымсыз жаза заңға, тәртіпке қайшы әрекеттердің алдын алу, жолын кесу үшін жеткіліксіз. Біз тазалыққа ұқыпсыз қарайтын адамдардың құрбаны болуы мүмкін өзге азаматтардың мүдделерін қорғауға тиіспіз. Өйткені үйін көң-қоқырға толтырып, қоқыс жинайтын заң бұзушылардың кесірінен сол тұрғын үйдегі басқа пәтерлердің, жылжымайтын мүліктің нарықтық құны құлдырайды. Жалға беру бағасы қатты арзандайды. Мұның бәрі заңға бағынатын азаматтарға қасірет, тауқымет әкеледі", – деді Мемдума депутаты Колунов.
Депутаттың нақтылауынша, жаңа заң бойынша жеке тұлғаларға арналған айыппұлдар көлемі 25 мың рубльге дейін, ал, заңды тұлғалар үшін – 500 мың рубльге дейін артады.
Ресейлік депутаттардың айтуынша, заңды әзірлеуге "халықтан түсіп жатқан шағымдар" себепкер болыпты. Олар "Роспотребнадзор" басшысы Анна Поповаға кеңес-ұсыныстарын жолдады.
Құжатта айтылғандай, Әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы кодекске енгізіліп жатқан осы түзетулер заңға бағынатын азаматтардың құқықтарын қорғауға септеседі және аталған бұзушылықтар санын азайтады.
Осының алдында РФ Әділет министрлігі де өзге заң бұзушылықтар үшін айыппұлдар бірнеше есеге өсірілетінін жариялады. Ведомство бұл бастамасына инфляция ықпал еткенін түсіндірді: бұрын бекітілген айыппұл сомалары 2003 жылдан бері түзетілмеген екен.
Салыстыра кетсек, Қазақстанда барлық айыппұлдар айлық есептік көрсеткішке телінген. Тиісінше, жыл сайын АЕК мөлшері жоғарылатылғанда, айыппұлдар да тоқтаусыз көтеріледі.
Ресейде "айыппұл көтерілісі" экономика салаларына қатысты қылмыстардың 36 құрамын да қамтиды.
Мысалы, жалған ақшаның немесе құнды қағаздардың заңсыз айналысы (Қылмыстық кодекстің 186-бабы) үшін айыппұл көлемі қазіргі 1 миллионнан 5 миллион рубльге дейін ұлғайтылмақ.
Заңсыз кәсіпкерлікпен айналысқаны (171-бабы) үшін жаза 300 мыңнан 1,5 миллион рубльге жеткізіледі. Алаяқтық (159-бабы) үшін жаза 300 мыңнан 500 мың рубльге дейін ауырлайды.
Көрінеу қылмыстық жолмен табылған мүлікті сатып алу немесе өткізу (Қылмыстық кодекстің 175-бабы) үшін айыппұл мөлшері 80 мыңнан 400 мың рубльге дейін көбейтіледі. Авторлық және сабақтас құқықтарды бұзу (146-бабы) қолданыстағы 200 және 500 мың рубль орнына енді 1 және 2,5 миллион рубль айыппұлмен жазаланады.
Бұл ретте Ресей үкіметі РФ тұрғындарынан және бизнесмендерден биылғы және алдағы үш жыл ішінде жиналуға тиіс айыппұлдар жоспарын да күрт көтерді. Бұл тапшылығы алапат ауқымға жеткен ресейлік бюджетті толтыру үшін жасалғаны ашық айтылды.
Өйткені The Moscow Times жазуынша, бүгінде Ресейдің федералдық бюджетінің шығыс бөлігіндегі әрбір үшінші рубль Украинаға қарсы қарулы қақтығысты жалғастыруға бағытталады.
2025–2027 жылдары федералдық қазына айыппұлдар түрінде 592,7 миллиард рубль (3,11 триллион теңгедей) өндіріп алуды жоспарлап қойды. Соған қарағанда нағыз "Штрафстанның" қай ел екені анықталғандай.
Айта кету керек, Қазақстанда "салақ салығы" немесе үйді былықтырғаны үшін айыппұл-алым алу қарастырылмаған.
Тек Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 434-бабының 4-тармағында: "Ғимараттарды, өзге де құрылысжайларды, тұрғын үй-жайларды, ортақ пайдаланылатын орындарды, көліктегі және өзге де қоғамдық орындардағы мүлікті қорлау" (осквернение) үшін – 50 АЕК (биыл 196 600 теңге) айыппұл салу не 5-тен 20 тәулікке дейінгі мерзімге әкімшілік қамаққа алу қарастырылған.
Бірақ бұл тек қоғамдық орындарға ғана қатысты. Жеке үйлерге қатысы жоқ.