Салық органында қандай қулық бар?

16109

Салықшылар "қояндарға" кезектен тыс қызмет көрсетеді. 

Салық органында қандай қулық бар?

Елордада кәсіпкерлер мен жергілікті мемлекеттік орган өкілдері кездесті. 

Айта кетейік, биыл мұндай шара Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен еліміздің барлық аймағында өткізіліп жатыр. 

Жиынға билік өкілдерінің делегациясын қала әкімінің орынбасары Малика Бектұрова, ал кәсіпкерлер делегациясын Ирак Елекеев бастап келді. 

Кәсіпкерлер салған жерден салық органдарының өкілдеріне шағымданды. 

Кәсіпкерлер қарыздары болмаса да, салықшылар шоттарын бұғаттап тастайтынын, салық есебін тапсыратын күні бағдарлама істемей қалатынын және мүлік салығын дұрыс есептемейтінін алға тартты. 
Нұр-Сұлтан қаласы мемлекеттік кірістер комитеті төрағасының орынбасары Тәукен Ошақбаевтың айтуынша, салық органдарының өкілдері міндеттерін мінсіз атқаруға тырысады. Алайда салық төлеушілер салық есебін өткізуге ең соңғы күні кіріседі. Адамның көп болуы салдарынан ақпараттық жүйе істен шығады. 
Бұл жауап кәсіпкерлерді қанағаттандырған жоқ. Олардың сөзінше, қазіргі  цифрландыру қарқынымен бұл сұрақты әп-сәтте шешуге болады.

Салық органдары өкілдері бұл пікірмен келіспеді.Олар техника адамның қалауын үздіксіз орындай бермейтінін алға тартты. 

Заңгер Болат Келдібеков салық органының ғимаратында адамдар бірінің үстіне бірі шығып жататынын, ұзын-сонар кезектен көз ашылмайтынын, есепшоттары бұғатталған кәсіпкерлер шығынға батып, салық органында уайым шегіп тұратынын айтты. 

"Салық органында мынандай қулық бар: салықшылар әлдекімдердің мәселесін кезектен тыс, кеңселерде шешеді. Яғни салықшылар "қояндарға" кезектен тыс қызмет көрсетеді. Ал талон алған адамдар сағаттап, кезегін күтіп тұрады. Осы мәселені шешу керек", – деді заңгер.

Малика Бектұрова жеке кездесу ұйымдастырып, оған министрліктің деректер базасын цифрландыруға жауап беретін қаржы вице-министрін шақыруды ұсынды. 

"Кері байланыс қажет. Тараптарды кездестірейік, сөйлестірейік, байланыстырайық, кездесу өткізейік. Мәселені осылай шешейік", – деді ол.

Басқосу барысында бизнестің ғана емес, түйіні тарқамай жүрген басқа да мәселелердің беті ашылды. Қазақстанға импорттық тауарлардың тексерусіз өтетіні, бөтен адамдардың меншігіндегі жер телімдеріне өзге біреулердің үй салып алатыны сияқты заңсыздықтар жіпке тізілді. 

Нұр-Сұлтан қалалық тауарлар мен қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің басшысы Садуақас Байғабыловтың сөзінше, тұрғындардың басым бөлігі рұқсат етілмеген уақытта қатты музыка қойылатынына және жөндеу жұмыстары жүргізілетініне шағымданады. Ол кәсіпкерлерге, оның ішінде караоке клубтары мен мейрамхана иелеріне осы саладағы құқықтық талаптарды кез келген уақытта түсіндіріп беруді уәде етті. 

Сөз арасында ол санитарлық талаптарды сақтамаған кәсіпкерлерге айыппұл салынатынын, әкімшілік жауапкершілік арқаламас үшін кәсіп иелері тазалыққа ерекше мән беруге тиіс екенін айтты. 
Жиын соңында Ирак Елекеев бүгінгі таңда кәсіпкерлер құқығын қорғау кеңесі көбінесе салық, санэпидемстанция, сонымен қатар сәулет, қала құрылысы және жер қатынастары саласының өкілдерімен текетіреске түсіп қалатынын жеткізді. 

"Барлық мәселені шешуге болады. Ең бастысы мүдде қақтығысы мен түсініспеушілікке жол бермеу керек", – деді Ирак Елекеев.

Қанат Махамбет 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу