Алдағы үш жылдың қаржылық бағыт-бағдарын айқындайтын құжат көптеген сарапшылардың бақылауында тұрғанын аңғару қиын емес, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Сол себепті бюджет жоспарына қатысты сыни пікірлер де жетерлік.
Мәселен, таяуда Halyk Finance басқарма төрағасының кеңесшісі, белгілі сарапшы Мұрат Темірханов Жоғары аудиторлық палатаның Парламентке ұсынған толық қорытындысы жұртшылыққа ашық жарияланбағанын айтты. Себебі аудиторлар дайындаған құжатта Үкіметтің бюджетті жоспарлауында қателіктер мен қатерлер барын жазылған.
Басты кемшілік ретінде макроэкономикалық көрсеткіштердің бұрмалануы көрсетілген. Аудиторлар Үкіметтің экономикалық өсімге қатысты болжамдары Ұлттық банк пен халықаралық қаржы институттарының бағалауымен сәйкес келмейтінін ескертіп отыр. Елдің экономикалық әлеуеті тым жоғары бағаланған, әсіреленген. Бұған қоса, аудиторлық есепте бір жылдың бюджет көрсеткіштері Әлеуметтік-экономикалық даму болжамдарында қайта-қайта қаралып, өзгере беретіні жазылған. Әсіресе бюджет шығыстары, Ұлттық қордан алынатын трансферттер мен мұнайға жатпайтын тапшылық бойынша алшақтық өте үлкен.
Есептегі ең назар аударар тұс – аудиторлар мен сарапшылар салық реформасы қазынаны толтыруға септігін тигізе алмағанын айтқан. 2026 жылға арналған салық түсімдері бастапқыда 18,9 трлн теңге болады деп жоспарланса, тамыз айында бұл бағалау 16,8 трлн теңгеге дейін азайды. Бұдан бөлек, салық түсімдерінің жалпы ішкі өнімдегі үлесі 2027 жылғы 10 пайыздан 2029 жылы 9,5 пайызға дейін төмендейді деп болжанған. Осылайша бюджеттің бүйірін қампайтады деген дәме құр сөз болып қалуы мүмкін.
Бұрынғыдай жетпейтін бюджетті Ұлттық қордан толтыру ісі де тоқтамайтын сыңайлы. Қаржы ережелерін бұзып, мұнай түсімдеріне қайта иек арту макроэкономикалық тұрақтылыққа нұқсан келтірмек. Соның кесірінен қымбатшылық артады, теңге бағамы құлайды. Ал зардабын бірінші кезекте халық тартады. Сынның қатарында сыртқы қарызды өтеуге кететін қаржының көптігі мен "Бәйтерек" холдингі жобаларының тиімсіздігі де айтылған.
Теңге дегеннен шығады, 2027 жылға арналған республикалық бюджетті қалыптастыру кезінде 1 АҚШ долларының бағамы 480 теңге деңгейінде белгіленген. Алайда ұлттық валютаның аздап нығаюының екіжақты әсер етеді екен. Егер орташа жылдық бағам 460 теңге болса, ауытқу шамамен 4 пайызды, 450 теңге болса – 6 пайыз, ал 440 теңге болса 8 пайызды құрайды.
Экономист Руслан Сұлтановтың айтуынша, бірнеше фактор қатар қалыптасқанда қатер артады. Мысалы, теңге бюджетте белгіленген бағамнан ұзақ уақыт бойы күштірек болып, импортқа байланысты түсімдер азайса, импорт көлемінің өсуі бағамдық әсерді өтей алмаса, ал бизнестің пайдасы мен ішкі сұраныс болжамнан төмен болса, бюджетке түсетін қысым да күшейеді.
"Валюта нарығы сандарға қарап жұмыс істемейді. Ең маңыздысы – ауытқудың қанша уақытқа созылатынын және оның бюджет кірістері мен шығыстарына әсерін бағалау. Егер теңге бағамы жыл сайын ауытқып тұрса, түсімдер мен шығыстар есебінен орны өтелмесе, республикалық бюджеттің жекелеген параметрлерін қайта қарау қажет болуы мүмкін", – дейді сарапшы.
Ал экономика ғылымының докторы Атамұрат Шәменов елдегі бюджет тапшылығы мәселесіне сәл басқаша қырынан қарайды. Оның сөзінше, проблемаға кәсіпкерлердің салық мәдениеті толық қалыптаспағанының да әсері бар. Бұған қоса, елде бизнестің үлесі тым аз.
– Ресми деректе елдің жалпы ішкі өнімінде кәсіпкерліктің үлесі 2024 жылы 36,5 пайыз болды делінген, 2025 жылдың қорытындысында 40,9 пайызға жетті. Өз басым осы статистикаға күмәнмен қараймын. Бірнеше жыл бұрын жеке отырып үңіліп, сандарды түгел шолып қарағанымда 18-20 пайыз шегінде екенін болжадым. Қазір де сол деңгейден біршама аса қойғанына сенімім аз. Дамыған елдерде бизнес жалпы ішкі өнімнің 60-70 пайызын құрайды. "Швед социализмімен" аты шыққан Швецияда кәсіпкерлер түгілі қарапайым азаматтар табысының 30 пайыздан астамын салық төлеуге жұмсайды. Ал кәсіпкерлері өз елінің алдындағы жауапкершілігін сезінеді, максималды деңгейде салық төлеуге қарсы емес, тек мемлекет жұмысын еркін атқаруға мүмкіндік берсе болғаны. Ал америкалықтар үшін салық төлемеу қылмыс секілді көрініс тапқан. Сондықтан бізде де салық мәдениетін жетілдіру қажет-ақ, – дейді сарапшы.
Дегенмен осы тұста екінші мәселе – халықтың табысы жол тосады. Ресми деректерде тоқсан сайын өсетін көрсеткішті экономист салалар бойынша жіктеген абзал екенін айтты. Бұған қоса, инфляция қарқыны да артқан табысты иектеп отырған секілді.
Әрине, біздікі сарапшылар тарапынан айтылған сынды жеткізу ғана. Бюджет жоспары әлі бекітілген жоқ, құжатқа қандай өзгеріс енетінін депутаттар талқылай жатар. Сол кезде тақырыпқа қайта оралуға негіз туады.