Салық түсімдері бес айда 14,8%-ға азайды

17533

Халықты оқшаулау мен мұнай бағасының төмендеуі салықтық түсімдерге кері әсерін тигізіп отыр. 

Салық түсімдері бес айда 14,8%-ға азайды

Қазақстан қаржыгерлер қауымдастығы (ҚҚҚ) талдау орталығы 2020 жылдың алғашқы бес айында елдегі салық түсімдері 14,8%-ға төмендегенін мәлім етті. Ұлттық қор түсімдері 403 млрд теңгеге, республикалық бюджет түсімдері 667 млрд теңгеге азайған.

Қауымдастық сарапшыларының айтуынша, Covid-19 індетінің таралуына байланысты халықты оқшаулау шаралары мен мұнай бағасының төмендеуі салықтық түсімдерге кері әсерін тигізіп отыр. 2020 жылдың бес айының қорытындысы бойынша бюджетке түсетін салықтық түсімдер 4 354,1 млрд теңгені құрады. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 14,8%-ға аз. Ал республикалық бюджетке түсетін салық түсімдері 24,5%-ға төмендеп, жергілікті бюджет түсімдері 32,7%-ға өскен. Осы уақыт аралығында Ұлттық қорға құйылатын салық қаржысы 27,9%-ға төмендеген.

Салықтық түсімдер, млрд теңге

 

Шағын және орта бизнестен (ШОБ) алынатын корпоративтік табыс салығы (КТС) биылғы жылдың басынан бастап жергілікті бюджетке берілуінен жергілікті бюджеттің көлемі де өсуде. Бес айда жергілікті бюджетке ШОБ төлеген КТС 220,7 млрд теңгені құрады. Аталған салықты санамағанның өзінде жергілікті бюджет 9,5%-ға ұлғайған. Себебі әлеуметтік салық түсімдері 14,6%-ға, яғни 304,9 млрд теңгеге көбейген.

Сондай-ақ "тауарларға, жұмыстарға және қызметтерге салынатын ішкі салықтардан" түскен түсімдер 18,8%-ға, яғни 176 млрд теңгеге артуы да әсер етті. Өңірлер бойынша жергілікті бюджет кірістеріне көз жүгіртсек, барлық түсімдердің 20,9%-ы Алматы қаласына тиесілі. Алматы қаласында ШОБ төлейтін КТС көлемі бес айда 84,5 млрд теңге болды әрі бұл бүкіл елдегі салықтың осы түрінің 38,3%-ын құрап отыр.

Жергілікті бюджеттерге салықтық түсімдер, млрд теңге

 

Дегенмен республикалық бюджетке аударылатын салық 667,2 млрд теңгеге азайды, оның ішінде тек 220,7 млрд теңге ғана ШОБ өкілдерінің жергілікті бюджеттерге КТС төлеуіне байланысты. Сонымен қатар, республикалық бюджет кірістерінің төмендеуі "тауарларға, жұмыстарға және қызметтерге салынатын ішкі салықтардан" (150,7 млрд теңге) және "халықаралық сауда мен сыртқы операцияларға салынатын салықтардан" (264,6 млрд теңге) түсетін түсімдердің азаюына байланысты да орын алып отыр.

Республикалық бюджетке түсетін салықтық түсімдер, млрд теңге

Ұлттық қорға аударылатын салық түсімдері 2020 жылдың қаңтар-мамыр айларында 1 042,3 млрд теңгені құрады, бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 402,8 млрд теңгеге төмен. Пайдалы қазбаларды өндіруге салынатын салықты (ПҚӨС) қоспағанда төлемдердің барлық түрлері бойынша түсімдердің азайғаны байқалады. Атап айтқанда, КТС 202,9 млрд теңгеге кеміді, яғни 379,1 млрд теңгеге дейін төмендеген. Ал республиканың өнімді бөлудегі үлесі 369,4 млрд теңгеден 263,7 млрд теңгеге дейін азайған.

Ұлттық қорға салықтық түсімдер, млрд теңге

 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу