Салықшылар ел Президенті Тоқаевқа ұжымдық шағыммен жүгінді

21272

Мемкірістер органы мен медсақтандыру қорындағылардың нақты қанша жалақы алатыны анықталды, деп жазады Inbusiness.kz.  

Салықшылар ел Президенті Тоқаевқа ұжымдық шағыммен жүгінді

Елде мемкірістер органының шамамен он мыңға жуық қызметкері бар. Олар 2020 жыл қорытындысында ел қазынасына 6 триллион 914 млрд теңге салықтық түсiмдердің, сондай-ақ шамамен 300 млрд теңгедей салықтық емес түсiмдердің түсуін қамтамасыз етті. Яғни, алдынан ақша дариясы ағып өтуде. Ал қолдарына тиетіні тым мардымсыз көрінеді.

БҚО бойынша салық департаментінің қызметкерлері Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевқа ашық хат жолдап, жанына маза бермей жүрген арыз-мұңдарын айтты. Жанға батқан жайт адамды батыл етеді деген.

"Құрметті Қасым-Жомарт Кемелұлы! Біз – Батыс Қазақстан облысы бойынша Мемлекеттік кірістер органдарының қызметкерлеріміз. Біз Қаржы министрлігінің қазіргі еңбек көлеміне өте наразымыз. Бұған көңіліміз толмайтынын айтқымыз келеді", – дейді олар.

Жалпы, мемкірістер комитетінің қызметкерлері бүгінде кең ауқымды функцияларды орындайды: бюджеттің кіріс бөлігін толтыру, кәсіпкерлердің, жеке тұлғалардың қарызын және әлеуметтік төлемдер бойынша берешекті азайту, оңалту және банкроттау, ірі-ұсақ салық төлеушілерді әкімшілендіру, салықтық тексерулер жүргізу, ҚҚС-ті әкімшілендіру, электронды шот-фактура саласын қашықтан бақылау, кедендік бақылау, экспорттық бақылау – бәрі соларға жүктелген.

Салық жинаушылар Президенттің былтырғы жолдауында мемлекеттік аппараттың штат санын 2020 жылы – 10%-ға, ал 2021 жылы – 15% қысқарту есебінен үнемделген қаржыға мемқызметшілердің еңбекақысы 2021 жылғы 1 шілдеде ұлғайтылатыны жария етілгенін қаперге салды. Бір жыл өтті, қалғандардың жалақысы елеулі көбеймеген көрінеді.

Бұған қоса, Үкімет басшысы Асқар Мамин биылғы 10 шілдедегі Үкімет отырысында 82 мың мемлекеттік қызметшінің еңбекақысы көтерілетінін мәлімдеді. Соның ішінде 1 шілдеден бастап, жергілікті атқарушы органдар қызметшілерінің еңбекақысы – 1,9 есеге, 2022 жылдың 1 қаңтарынан бастап орталық меморгандар қызметшілерінің еңбекақысы – 30%-ға, 2024 жылға дейін жыл сайын тағы 30%-ға өсетіні хабарланды.

Барлық дерлік салықшы кредит алуға мәжбүр

Бірақ мемкірістер органының қызметкерлері жалақыларының ұлттық компаниядағылармен теңескенін қалайды. Олар "Мемлекеттік қызмет туралы" заңында мәнi бiрдей жұмыстарды орындағаны үшiн тең еңбекақы төленуге тиістігі көрсетілгеніне назар аудартты. 

Ал "Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы" заңына сәйкес, меморгандар мен квазимемлекеттік сектор бір санатқа – "сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылдың субъектілеріне" жатқызылған. Демек, бірдей жауапкершілік арқалап, мемлекетке бірдей еңбек ететін болса, неге квазисектордағылар мемқызметшілерден артық алуы керек?

"Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорымен салыстыратын болсақ, ӘМСҚ төрағасы ай сайын 1,5 миллион теңге жалақы алады, ал қызметкерлерінің орташа жалақысы – 290 мың теңгеден басталады. Қордың өңірлердегі филиалдары директорының орташа жалақысы – 450 мың теңге. Ал аумақтағы ӘМСҚ қызметкерлерінің орташа жалақысы – 200 мың теңге. Бұл – сыйақыларын немесе бонустарын есептемегендегі тек еңбекақысы ғана", – делінген салықшылардың хатында.

Елдегі әрбір азаматтың қанша табыс табатынын бұл орган қызметкерлері жақсы біледі. Оның үстіне мемқызметшілер мен квазисектор өкілдерінің табыс декларациясы да солардың қолынан өтетіні мәлім. Сондықтан бұл деректерге күмәндану қиын. 

Ал салықшылардың өздері қанша табады?

"Мемлекеттік кірістер органдарының аумақтық қызметкерлерінің еңбекақылары келесідей: аудандық мемкірістер органдарының жетекші маманы – 100 мың теңге дейін (оның ішінде 82 мың теңгесі – таза еңбекақы, 17 мың теңгесі – компенсация), бас маманы – 120 мың теңге (101 мың теңге – таза еңбекақы, 22 мың теңге – өтемақы), бөлім басшысы – 117 мың теңге (компенсация жоқ), аудандық мемкірістер басқармасы басшысы – 150 мың теңге", – делінген хатта.

Меморган қызметкерлері қазіргі қымбатшылық кезеңінде осы азғантай жалақының қандай тұрмыстық-отбасылық шығындарға жұмсалатынын нақты жазып көрсетіпті. Нәтижесінде, адал салықшы қолында артық тиын-тебен де қалмайтын жағдайға жеткен екен.

Сонымен, салықшылар жалақысы былайша шығындалады:

коммуналдық шығындарға – 30 000 теңге (газ, электр қуаты, су, интернетті қоса алғанда);
1 баласының балабақшасына – 15 000 теңге,
тұтынушылық несие – 40 000 теңге (бүгінде органдағы әрбір дерлік мемлекеттік қызметшіде кредит бар),
азық-түлікке – 40 000 теңге;
отбасылық шығындар – 20 000 мың теңге (жыл мезгіліне қарай киім, аяқ киім сатып алу).

"Бұл еңбекақы 3 адамнан ғана тұратын шағын отбасының бір ай өмір сүруіне де жеткіліксіз! Бұрын жетіспейтін еді, енді азық-түліктің қымбатшылығы, коммуналдық тарифтерінің көтерілуі тіптен мұқтаж жағдайға жеткізуде. Мемлекеттік кірістер органдарының қызметкерлері 100-150 мың теңгеге 5 күн ғана өмір сүреді. Содан кейін ол керек-жарақ, киім-кешек сатып ала алмайды. Тұрғын үй, көлік және басқасын сатып алу – арман. Өйткені бұл жалақыға өмір сүруге мүмкіндік жоқ. Амалсыз, бәріміз несие алуға мәжбүрміз. Мемкірістер органдарында да көп балалы ата-аналар қызмет атқарады. Кейбірінің ұл-қызы ақылы негізде жоғарғы оқуда оқуы мүмкін", – дейді хатты ұсынған Александр Ежатнов. 

Жағдайы жаман қызметкер жемқорлыққа бейім

Оның хабарлауынша, МКК қызметкерлеріне әлгінде айтылған кең қызметтері үшін кейде рейтинг көрсеткішінің нәтижесі бойынша 18–22 мың теңге сыйақы беріледі. Ал ерен еңбегімен ерекшеленіп, қосымша жүктеме қызмет атқарғаны үшін 1 қызметкерге 35–42 мың теңге көлемінде үстеме ақы төленуі мүмкін.

"Шынын айтқанда, бұл көтермелеу төлемдері еңбекке тұрмайды. Қазіргі уақытта меморгандарда қызмет атқаратын қызметшілердің еңбекақылары әртүрлі деңгейде белгіленген. Мысалы, Әділет министрлігінің, Нұр-Сұлтан мен Манғыстау облысы әкімдіктерінің, Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің қызметкерлері 2018 жылдан бастап көтеріңкі, яғни 3–4 есе артық еңбекақы және бонус алады. Бонусының мөлшері кемінде 4 жалақыға тең, жоғарғы шегі 8 жалақыға дейін барады. Олардың қатарына жергілікті атқарушы органдар да қосылды", – дейді А.Ежатнов.

Жалпы, мемкірістер органдары қызметкерлерінің еңбекақылары жыл сайын 2024 жылға дейін 30–40 мың теңгеге көбейеді, ал салықшылар өзгелері 8 жалақы көлемінде бонус алып жатқандықтан, мұны азсынады және әділетсіздік санайды.

Салық органдарының қызметкерлері мәртебелерінің түсіп кеткеніне де қамығады. Олар өз хатында шетелде осы салаға ерекше мән берілетінін еске салды. Мысалы, Еуропа елдерінде, тіпті аймақтағы Ресейде, Украинада, Беларусьте, Қырғызстанда, Әзербайжан мен Өзбекстанда салық қызметкерлерінің бірыңғай формасы, сыныптық шені және арнайы атақтары бар. Мәртебелері құқық қорғау және арнайы органдардың дәрежелерімен теңестірілген. Ал Қазақстанда олар иықтарындағы погондарынан да айырылып қалды.

"Еңбек ет те міндет ет деген қағиданы ұстансақ, аса қадірлі Қасым-Жомарт Кемелұлы, мемлекеттік қызметшілердің еңбекақысының өсу мәселесін қайтадан қарастыру, мемлекеттік кірістер органдары қызметшілерінің еңбекақыларын 4 есеге өсіру талап етіледі. Соның өсуіне ықпал етуіңізді сұраймыз", – делінген шағымда.

Айта кету керек, дәл осы мәселені биылғы ақпанда Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев көтерген болатын. Ол Ресейдің фискалдық органдары қазақстандық әріптестерінен 3,5 есе көп жалақы алатынын мәлімдеді. Бас қаржыгердің байламынша, жалақының төмендігі, қызметкерлерінің әлеуметтік қорғалмауы кесірінен мемкірістер органы коррупцияға бейім болып тұр. Салдарынан, 2019 жылы осы органның 34, ал 2020 жылы 25 қызметкері жемқорлығы үшін ұсталған.

Сондай-ақ қызметінен қуылған қызметкерлерінің саны артуда. 2017 жылы – 950, 2018 жылы – 1 038, 2019 жылы – 1 273, 2020 жылы – 1 658 жұмыскер мемкірістер органынан аласталды. Яғни, орта есеппен 30 пайызға артып отыр.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу