Құнды қағаздар нарығындағы салықтық мәселелерге арналған баспасөз мәслихатының қатысушылары осындай пікірде, деп хабарлайды inbusiness.kz.
Қазақстандық миноритарлық акционерлер қауымдастығының (QAMS) атқарушы директоры Данияр Темірбаевтың айтуынша, биылғы жылдың сәуірінде жеке инвесторлар банктік транзакциялардың 10%-ы мөлшерінде табыс салығын төлеуі қажеттігі туралы хабарлама алған.
Мұндай хабарламалар кассалық тексеру нәтижелері бойынша 50 000 АҚШ долларынан астам сомаға шетел валютасында аударымдар жасаған, оның ішінде жеке брокерлік шоттары бойынша транзакциялар жүргізген ел азаматтарына жіберілді.
Құзырлы органдардан хабарламаларды табысын дер кезінде декларациялаған брокерлердің де клиенттері алған.
"Салық төлеушіні алдын ала ешқандай себепсіз кіріс алған және оны декларацияламаған тұлға ретінде таныған кезде салықтық әкімшілендірудің "аппараттық" тәсілі ішкі капитал нарығының инвестициялық тартымдылығын айтарлықтай төмендетеді. Оның үстіне капиталды шетелге шығаруға итермелейді", – деп есептейді Қазақстандық миноритарлық акционерлер қауымдастығының басшысы.
"BCC Invest" АҚ басқарма төрағасының орынбасары Александр Дрониннің айтуынша, бұған дейін жеке инвесторларға мұндай шара қолданылмаған және қазіргі әрекеттердің өзі салаға еш тиімсіз.
"Дәл осындай хабарландырулар "көлеңкелі" қаржы айналымына итермелейді десек те болады. Өйткені Қазақстандағы шоттары арасындағы айналым/аударымдардан 10% төлеу туралы талапты заңды немесе қисынды деп атауға болмайды", – деп атап өтті спикер.
Өз кезегінде "Salyqtez" заңгерлік компаниясының басқарушы серіктесі, Салық консультанттары палатасының мүшесі Айдар Масатбаев, хабарламада салық органдары жеке тұлғаларға бір заң бұзушылықты көрсетеді, бірақ жеме-жемге келгенде олар мүлде басқа құжаттарды ұсынуды талап ететінін алға тартып отыр.
"Неліктен барлығы бірден тәртіп бұзушы ретінде тіркелгені мүлдем түсініксіз. Салық кодексінде салық тәуекелі төмен төлеушілерге заң бұзушылықтарды жою туралы хабарламалар жіберу қарастырылған. Бірақ мұнда барлық жеке тұлғаларды орташа дәрежелі салық төлеуші ретінде тіркей салған. Сонымен қатар, азаматтардың өз шоты ішіндегі аударымдары камералық бақылауға алынды. Әрі көптеген хабарламаларда "салықты төмендетіп көрсетудің жоғары ықтималдығы (!) анықталғанына байланысты" деп көрсетілген. Мұны қалай түсінуге болады?", – дейді сарапшы.
Қазақстандық миноритарлық акционерлер қауымдастығы басқарушы кеңесінің мүшесі Дмитрий Сочин Қазақстанның CRS жүйесіне қосылуына байланысты сыртқы нарықтардағы бағалы қағаздармен операциялар бойынша салық сомалары дұрыс есетпелмеуі мүмкін.
"CRS ақпарат алмасу жүйесі кезең соңындағы шоттардың қалдықтары, сондай-ақ бір жылдағы бүкіл шот бойынша айналым туралы мәліметтерді ұсынады. Осы тәсіл шетелдік шоттар бойынша қолданылуы мүмкін", – дейді қауымдастық өкілі.
Еске сала кетсек, Қазақстанда жалпыға бірдей декларацияны енгізу кезең-кезеңімен жүзеге асырылады. Олар:
- 2021 жылғы 1 қаңтардан бастап – мемлекеттік қызметшілер мен олардың жұбайлары, сондай-ақ оларға теңестірілген адамдар және олардың жұбайлары;
- 2023 жылғы 1 қаңтардан бастап – қазыналық кәсіпорындардың қызметкерлері мен олардың жұбайлары;
- 2024 жылғы 1 қаңтардан бастап – заңды тұлғалардың басшылары мен құрылтайшылары мен олардың жұбайлары және жеке кәсіпкерлер мен олардың жұбайлары;
- 2025 жылғы 1 қаңтардан бастап – халықтың қалған санаттары.
Құралай Құдайберген