Салымшыларға сыйақы аударды

Фархат Әміренов Фархат Әміренов
10107

Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің 895 360 салымшысы 23 млрд теңге көлеміндегі мемлекеттік сыйақыға ие болды.

Салымшыларға сыйақы аударды

Банктің 160 780 клиенті 90 760 теңге көлеміндегі ең жоғарғы мемлекеттік сыйақыны олжалады. Бұл клиенттер – 2017 жылы өз шоттарына кем дегенде 453 800 теңге, яғни 200 айлық есептік көрсеткіш (АЕК) көлемінде қаражат жинаған жандар.

Еске сала кетейік, 20 пайыздық бонус бір жыл ішінде жиналған 200 АЕК-ке ғана есептеледі. Егер салымшының аударған сомасы аталған көрсеткіштен асып кетсе, онда 200 АЕК-тен артылған сома келесі жылдың есебіне енеді. Осылайша, аталған сомаға жаңа жылдың қорытындысы бойынша 20 пайыздық мемлекеттік сыйақы тағайындалады. Яғни, салымшылар қандай жағдай болмасын ұтылмайды.

"Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі – салымшылары мемлекеттік сыйақы алатын еліміздегі жалғыз банк. Жыл сайын аталған сыйақының көлемі артып келеді. Мәселен, банк өз жұмысын бастаған алғашқы жылда (банк 2003 жылы құрылды – ред.) оның көлемі 10 464 теңге болса, 2008 жылы 46 720 теңгеге дейін жетті. Ал 2018 жылдың қорытындысы бойынша банк клиенттері 96 200 теңге көлемінде ең жоғарғы мемлекеттік сыйақыға қол жеткізе алады", – дейді Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің басқарма төрайымы Ләззат Ибрагимова. 

2018 жылдың қорытындысы бойынша ең жоғарғы мемлекеттік сыйақыны ие болу үшін салымшылар ай сайын 40 000 теңгеден аударып отыруы қажет.

Егер банк клиенті жыл сайын бұдан да көп ақша жинап, депозит табыстылығын арттырамын десе, отбасы мүшелерінің атына бірнеше салым ашуына болады. Осылайша, оның бәріне бірдей сома салып тұруы шарт. Мұндай жағдайда мемлекеттік сыйақы әр шотқа аударылмақ. Ал тұрғын үй займын алуға қажетті қаражат жиналғанда, депозиттерді біріктіріп, баспана сатып алуға мүмкіндік бар. Банктің мұндай мүмкіндігі "Отбасылық пакет" деп аталады. 

2017 жылдың қорытындысы бойынша 5 мың салымшыға мемлекеттік сыйақы бұйырмады. Себебі, олардың шоттарына екінші деңгейлі банктердің талабы бойынша шектеу қойылған. Яғни, шектеу қойылған шоттардың иелері басқа банктердегі қарыздарын дер кезінде қайтара алмаған. Қазір Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі осы бағытта ауқымды жұмыс атқарып жатыр. Бұл ретте Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі өз салымшыларының мүддесін қорғауға асық. Нақтырақ айтсақ, егер банктің клиенттері  өзге ұйымдардағы тұтынушылық несиелерінің төлемін кешіктірсе де, екінші деңгейлі банктердің шектеу талаптарын тұрғын үй құрылыс жинақтарына қолдануға тыйым салуды ұсынып отыр.

Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі салымшыларына қатысты тағы бір жаңалық бар. 2018 жылдың қорытындысы бойынша мемлекеттік сыйақы 2019 жылдың алғашқы күндері түседі деп жоспарланып отыр. Қазір осы бағытта бизнес-процестер жетілдіріліп, нормативтік құжаттар бойынша жұмыстар жүргізілуде.

Фархат Әміренов

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу