Самарада мөр, Instagram-да сауда жасаған

4260

Флюрография мен №086/е медициналық анықтамасын 2500 теңгеге сатқан.

Самарада мөр, Instagram-да сауда жасаған

Нұр-Сұлтанның №7, 9, 10 қалалық емханалары және "Шипагер" отбасылық денсаулық орталығы мемлекеттік қызмет істері мен сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің "қара тізіміне" ілінді.

Агенттіктің мемлекеттік қызмет департаментінің директоры Ильдар Үйсімбаевтың мәлімдеуінше, жоғарыдағы медициналық мекемелер науқастарға қолдан қиындық туғызып, емханаларға тіркелу үшін қажет емес құжаттарды сұрауды және флюрография талап етуді әдетке айналдырған.

"Кепілді медициналық көмек алу үшін, яғни аумақтық дәрігер мен тар шеңберлі мамандардың қабылдауы, диагностика мен медициналық тексеру, балалар мен жүкті әйелдерге қамқорлық жасау, дәрігерді үйге шақыру және стационарға жолдама алу үшін тұрғындар медициналық ұйымға тіркелуге тиіс. Бұл үшін жеке куәлік көрсету жеткілікті. Медициналық ұйымға тіркелу және емдеуші дәрігердің қабылдауына бару үшін науқастарды 1500 теңге төлеп,  рентгенге түсуге мәжбүрленген. Негізі науқас медициналық ұйымға тіркелген және қолында емдеуші дәрігердің жолдамасы болса, рентгенге түсу ақысыз жүргізіледі", – деді департамент директоры.

Ильдар Үйсімбаевтың сөзінше, аталған медициналық ұйымдар 1 жұмыс күнінде аяқталуға тиіс тіркеу шарасын 3 жұмыс күніне созған.

"Артық құжат сұрау фактілері мен мемлекеттік қызмет көрсету мерзімінің бұзылуы және электронды кезектің болмауы азаматтардың наразылығын туғызды. Мұндай құқық бұзушылық Ақмола, Атырау, Батыс Қазақстан, Шығыс Қазақстан, Қарағанды, Қостанай, Маңғыстау, Павлодар, Солтүстік Қазақстан, Ақтөбе облыстарында да анықталды", – деді ол.

Ильдар Үйсімбаев жария еткендей, Қарағанды облысында флюрографиялық тексерістің жалған нәтижесі мен №086/е медициналық анықтамасы 2500 теңгеге сатылған.

"Мұндай фактілер Солтүстік Қазақстан, Павлодар, Ақтөбе, Ақмола, Батыс Қазақстан, Жамбыл, Атырау облыстарында, Алматы, Нұр-Сұлтан қалаларында да тіркелді. Мысалы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросы Батыс Қазақстан облыстық департаментінің қызметкерлері Орал қаласының №3 емханасында №086/е медициналық анықтамасын алуға жәрдемдесетін делдалдарды анықтады. Олар бұл құжатты Instagram әлеуметтік желісі арқылы 3500-4000 теңгеге сатқан. Республикалық жоғарғы техникалық колледжде фельдшер болып жұмыс істейтін азамат М. Төлеуғалиев материалдық жағдайын жақсарту үшін №086/е, №063 және жұмысқа уақытша қабілетсіздік анықтамасын қолдан жасап, сатып отырған. Ол №3 қалалық емхананың мөрі мен дәрігерлердің жеке мөрлерін Ресей Федерациясының Самара қаласында қолдан жасатқан. Бұл үшін М. Төлеуғалиев қылмыстық кодекстің 190-бабының 1-тармағы бойынша қылмыстық жауапкершілікке тартылды", – деп қорытты сөзін Ильдар Үйсімбаев.

Қанат Махамбет

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу