"Жетісу" командасының бас бапкері Самат Смақов "Қайрат" футбол клубының қақпашысы Шерхан Қалмырзаға қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Жас голкипер Шерхан Қалмырза "Қайрат" пен "Реал Мадрид" арасындағы матчтан соң желіде танымалдыққа ие болды.
"Аға буын ретінде онымен әрдайым сөйлесуге тырысамын. Шынтуайтқа келгенде, мен оған баспасөзбен сөйлеспеуге, тек клубтың прессасымен байланыста болуға кеңес бердім. Ол бар болғаны 18 жаста. Бір ғана мысал келтірейін. Еркебұлан Сейдахмет "Уфаға" ауысқанда, оны өзіміз жоқ қылып жібердік. "Еркебұлан дәретханаға барды", "Еркебұлан кока-кола сатып алды" деп жаздық. Осындай қысым жасалмауы тиіс. Бұл Шерханға ғана қатысты емес. Азамат (Тұяқбаев), Дастан (Сәтпаев) та бар", – деді Самат Смақов.
Оның айтуынша, жас спортшыларды ұлықтап, әспеттеу дұрыс емес.
Шерхан Қалмырза ең танымал қазақстандық футболшы атанды. Instagram желісінде оның парақшасына 377 мың адам жазылған.