Бұл туралы AMANAT Фракциясы мүшесі Ерлан Саиров мәлім етті, деп жазады inbusiness.kz.
Мәжілісмен Премьер-Министр Әлихан Смайылов пен Бас Прокурор Берік Асыловқа депутаттық сауал жолдады.
"Самрұқ-Қазына" Ұлттық әл-ауқат қорының қызметкерлері халықтың емес, өздерінің әл-ауқатын арттыруға аянбай еңбек етуде деуге болады. "Самрұқ-Қазынаның" еншілес "Самрұқ-Қазына Бизнес Сервис" компаниясының басшылығы кәсіпорынның тапқан пайдасынан екі есе көп бонус алған. Кәсіпорын басшысы бір жылда 74,9 млн теңге, басшылық 274 млн теңге бонус жазып алған. Өз кезегінде, "Самрұқ-Қазына Бизнес Сервис" компаниясының еншілес кәсіпорны болып табылатын "КАЗ КЛОУД" компаниясының да басшылығына жомарттығында шек жоқ.
Біріншіден, тең құрылтайшы болып табылатын "Қазақтелеком" өзінің үлесін, жеке серіктестікке беріп жіберген. "Бұл үлес неге, қалай берілді, мемлекетке залал жоқ па?" - деп сұрады депутат.
Екіншіден, осы "КАЗ КЛОУД" компаниясының менеджменті, компанияның таза пайдасы 61 млн теңге бола тұра, премия ретінде бір жылда 336 млн теңге алған.
"Қазақтелеком" Басқармасының мүшелері жалпы 422 млн теңге премия алған. Әрбір мүшесіне 105 млн теңгеден келеді. Біздің қарапайым халқымыз бір үзім нанға жарымай жүргенде, бұл неткен асқандық? "Самрұқ-Қазына" Ұлттық әл-ауқат қорының қызметкерлері, еншілес кәсіпорындары өздерінің басшыларына бонус, сыйақы жазып алуға ғана қызмет ете ме?" - дейді Саиров.
Сондықтан AMANAT Фракциясы "Самрұқ-Қазына" Ұлттық әл-ауқат қорының атына заты сәйкес келуі керек деп есептейді.
Сондықтан олар Премьер-Министр мен Бас Прокурордан төмендегі үш мәселеге назар аударуды сұрады:
1. "Самрұқ-Қазынаның" өз менеджментіне "асыра сілтеп" премия жазу саясатының заңға сәйкестігін анықтап, бұл ашкөздікті тоқтату;
2. "Самрұқ-Қазынада" құжынаған еншілес кәсіпорындардың қажеттігін анықтау;
3. "Самрұқ-Қазынаның" қаржы саясатының ашықтығын қамтамасыз ететін тетіктер жасау қажет.