Samsung Балқаш ЖЭС құрылысына қатысты жобаға қайта оралуы мүмкін

Куралай Абылгазина Куралай Абылгазина
3352

Оңтүстік Корея басшылығы жобаға қызығушылық танытып отыр.

Samsung Балқаш ЖЭС құрылысына қатысты жобаға қайта оралуы мүмкін

Бүгін Астанада өткен Қазақстан-Корея іскерлік кеңес өкілдері жаңартылатын энергияға баса назар аударып, Балқаш ЖЭС-тің мәртебесі туралы әңгімеден қашқақтады. Екі ел президенті 2012 жылы іске қосуға  келіскен бірлескен жоба әлі басталған жоқ. Былтыр Samsung C&T Corp және Samsung Engineering Co Ltd оңтүстік кореялық компания жобадан шығуға ниет білдірген еді. 2016 жылдың 31 тамызында "Балқаш ЖЭС" АҚ жобадағы Samsung C&T Corporation (50% + 1 акция) үлесін қазақстандық тараптың сатып алу талабы туралы опционды орындауға хабарлама алды.  Сондай-ақ Samsung Engineering Co Ltd компаниясы да ЖЭС құрылысына қатысты EPC келісімшартты бұзды.

Аbctv.kz-ке сұхбат берген Қазақстан-Корея іскерлік кеңесінің тең төрағасы Сан-Хо Шин корейлік тарапты жоба әлі қызықтыратынын жеткізді.  Ол үшін тиімді шарттар ұсынылу керек екен, бірақ шарттардың қандай болуы керектігін ашып айтудан бас тартты.

"Кореялықтар бұл жобаны өз қолдарына алғысы келеді, олар оның іске асуы үшін көп жұмыс жасады. Мәселе кореялықтарда емес. Егер қазақстандық тарап жақсы шарт ұсынатын болса, онда Samsung бұл жобаға қуана-қуана оралады", – деп ол жобаның қазіргі мәртебесіне тоқталып өтті де – Корея Республикасының президенті кореялық бизнесмендердің бұл жобаға қатысқанын қатты қалап отыр", –деді.

2016 жылдың қазан айынан бастап "Самұрық-Қазына" АҚ және үкімет оңтүстіккореялық тараппен келіссөз жасап жатыр. "Самұрық-Қазына" ұлттық әл ауқат қоры Samsung C&T Corporation-мен бірлескен жоба алдағы уақытта бірнеше фактор негізінде іске асатынына сенімді. Бұл 2016 жылдың шоғырландырылған қаражылық есебінде көрсетілген.

"Қазақстан үкіметі 2018 жылдан бастап 2039 жылға дейінгі аралықта жобаны іске асыруды қолдау үшін тарифтік қабылдау арқылы жабдықтарды түрлендіру электр қуатының дайындығы бойынша қызмет көрсетудің келешектегі бағасын доллармен белгілеп қойды", – деп көрсетілген есепте.

Осылайша қор басшылығы  доллармен белгіленген тариф бойынша электр энергияны сатып алудың ұзақмерзімді келісімшарт шарты салынған қаражатты қайтарып алуға жететін ақша ағынын қамтамасыз етеді.

Егер кореялық тарап опционның іске асуын таңдайтын болса, онда "Самұрық-Қазына" қоры Samsung C&T компаниясынан Балқаш ЖЭС акцияларын сатып алу үшін 192,5 млн доллар төлеу керек болады деп көрсетілген есепте. Сонымен бірге жобаға салынған инвестициялардың құнсыздану қаупі бар.

Маусым айында энергетика вице-министрі Бақытжан Жақсалиев abctv.kz-ке қазақстандық тарап серіктестеріне бірқатар ұсынысты дайындап қойғанын айтқан еді.

"Жобаны іске асыруға қатысты барлық мәселе әлі шешіліп болған жоқ. Бүгінгі күні кореялық консорциум алдындағы міндеттеріміз әлі белгіленбеген жоқ. Қазір біз өзіміздің ұсынымызды жасадық, ол кореялық консорциум талқылап жатыр", – деп қорытындылады Бақытжан Жақсалиев.

Аbctv.kz-тің келіссөздерге жақын ақпараты дереккөзінің айтуынша, Астанада Балқаш ЖЭС-тың қазіргі мәртебесіне қатысты кездесу болады деп жоспарланған.

"Келесі аптада жобаға қатысты тараптардың кездесуі өтеді, сол кезде компанияның тағдыры шешілетін болады", – деді ақпарат беруші дереккөзі.

2012 жылдың қыркүйек айында Қазақстан және Оңтүстік Корея президенті Балқаш ЖЭС-тың алғашқы модулі құрылысын бастауға келісім берген болатын.  Қуаты 1320 МВт болатын алғашқы станция құрылысының құны  2,3 млрд доллар болды. ЖЭС құрылысы жобасының жалпы құны 4,5 млрд доллар деп бағаланып отыр.

Жоба басталмас бұрын 2012 жылдың сәуір айында "Самұрық-Энергия" АҚ оңтүстік кореялық Samsung Corporation консорциумы мен  KEPCO (Korea Electric Power Corporation) компаниясына  "Балқаш ЖЭС" АҚ акциясының 75% пакеті мен минус бір акциясын сатқан, оның жалпы құны 51,2 млн доллар болған. Ал 2016 жылдың сәуір айында "Самұрық-Энергия" АҚ "Балқаш ЖЭС" акционерлік қоғамындағы үлесін 50% және минус бір акцияға дейін арттыратынын мәлімдеді.

Гүлназ Ермағанбетова, Куралай Абылгазина
 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу