Қазақстанның әр өңірінен 150-ден астам оқушы мен студент Python бағдарламалау негіздерін тегін оқып, үлкен деректерді талдау әлеміне шому мүмкіндігіне ие болды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Осы оқу жылының ерекшелігі жоба географиясының кеңеюі болды: сабақтар алғаш рет Атырау мен Қостанайда офлайн-форматта өтті. Курстар оқушылар арасында жоғары қызығушылық тудырды, бұл бағыттың өзектілігі мен өңірлерде қолжетімді IT-білім беру қажеттілігін растайды.
Бірнеше ай бойы қатысушылар үй тапсырмаларын орындап, аралық тесттерден өтті. Ақырғы емтихан курстың соңғы кезеңі болды - оның қорытындысы бойынша тыңдаушылардың көпшілігі оқуды сәтті аяқтағаны туралы сертификаттар алды. Өте жақсы нәтиже көрсеткен үздік үш оқушы фирмалық сыйлықтармен - Galaxy A смартфондарымен және Samsung рюкзактарымен марапатталды.
Финалға шыққан Аружан Сыздықова өз әсерімен бөлісті:
"Samsung Innovation Campus командасына Python бағдарламалау бойынша тегін курстан өту мүмкіндігі үшін шынайы алғысымды білдіремін. Бұл жай ғана курс емес – бұл жас ұрпақтың дамуына қосқан орасан үлес, мен оның бір бөлігі болғаныма өте қуаныштымын", – деді емтихан қорытындысы бойынша бірінші орын алған Аружан.
Оның айтуынша, жобаға қатысу техникалық дағдыларды жетілдіріп қана қоймай, өз күшіне сенуге де көмектесті.
"Мұндай бастамалар қаржылық мүмкіндіктерге қарамастан дамуға және жарқын болашақ құруға мүмкіндік береді", – деп қосты ол.
Samsung Electronics-те атап өткендей, "Python және Big Data негіздері" курсы – жалғыз бағыт емес. Сонымен қатар, Java және мобильді әзірлеу бойынша тегін оқыту жалғасуда. Жақын арада тыңдаушылар соңғы айларда жұмыс істеген соңғы жобаларын таныстырады. Жобалар жастардың цифрлық шешiмдерге жаңа және креативтi көзқарасын бiлдiретiн стандарттан тыс болады.
Бұдан басқа, сәуір айының соңына дейін технологиялардың көмегімен әлемді өзгертуге ұмтылатын оқушылар үшін тағы бір Samsung білім беру бастамасы – Solve For Tomorrow стартаптар конкурсына өтінімдер қабылдау жалғасуда. Конкурстың өткен маусымдарында ұсынылған көптеген жобалар әлеуетті инвесторлар мен әлеуметтік әріптестердің назарын аударды.
Жобаның маңызы туралы айта келе, AYALA қайырымдылық қорының негізін қалаушы және президенті Айдан Сүлейменова:
"Біз "Кәсіптік бағдарлау" жобасы аясында Samsung компаниясымен 7 жылдан бері ынтымақтасып келеміз және Samsung Innovation Campus пен Solve for Tomorrow сияқты бастамаларды қолдайтынымызды мақтан тұтамыз. Бүкіл ел бойынша оқушылар үшін тегін IT-білім беру - бұл Қазақстанның зияткерлік әлеуеті мен орнықты болашағына тікелей үлес. Біз мұндай жобалар жастардың, әсіресе, ІТ-білімге қолжетімділік шектеулі өңірлердегі жастардың әлеуетін ашуға көмектеседі деп сенеміз", – деп атап өтті.
Samsung Innovation Campus курстарына қабылдау шарттарымен samsung-campus.kz сайтында танысуға болады, ал Solve For Tomorrow конкурсы туралы толық ақпаратты solvefortomorrow.kz платформасынан алуға болады.