"Самұрық-Қазына" ұлттық әл-ауқат қоры 2008 жылы құрылған болатын. Сингапурдың Temasek Holdings сияқты шетелдік табысты егемен қорлардың үлгісіне негізделген оған қазақстандық дағдарысқа қарсы саясаттың стратегиялық институтына және ұзақмерзімді экономикалық өсімнің драйверіне айналу міндеті жүктелді.
Бұл үмітті ақтады ма? Қаржы министрлігі 2025 жылғы Қазақстанның ең ірі салық төлеушілерінің тізімін жариялады. Оның көшбасшы "жиырмалығына" қордан тек "ҚазМұнайГаздың" еншілес кәсіпорындары мен "Қазақтелеком" ғана кіре алды. Қалғанының бәрі – жекеменшік компаниялар мен жеке қолындағы банк.
Бұл ретте Қазақстанның бүкіл қазынасының және республика ЖІӨ-сінің 50%-ға дейінгісі осы бір ғана қордың қолында шоғырланған. Жалпы, бұдан бұрын депутаттар Премьерден бұл қорды таратуды да сұраған болатын. Соған қол жеткізе алғанда елде шағын және орта бизнестің өркендеуіне ұланғайыр өріс ашылып, экономика мен ел гүлдене жөнелер ме еді?!
"Шынында, іс жүзінде "Самұрық-Қазынаның" қызметі қоғам тарапынан қолдау мен сенім туғызбайды. Сарапшылар оның экономикалық тиімділігіне шүбәланады, жұмысы ашық емес, есептілігі де нашар. Оның үстіне біз 2008 жылдан бері осы қордың бөлімшелерінің, кәсіпорындарының өз үстемдігі мен артықшылығын пайдаланып, нарықтық экономикаға араласып, бизнеске кедергі жасап келе жатқанына куә болудамыз. Бизнесті қолдауға да ықпалы шамалы. Бірыңғай мемлекеттік сатып алулардың электронды базасының 2023 жылға арналған дерегінше, "Самұрық-Қазына" компаниялары тобының барлық сатып алуының 60%-дан астамы бір көзден сатып алынады", – дейді Мәжіліс депутаты Әділ Жұбанов.
Ол ұқсас ахуал "Бәйтерек" АҚ сияқты еншілес құрылымдарында да қалыптасқанын мәлімдеді: ұлттық басқарушы холдингтің бұл көрсеткіші шамамен 50%-ды құрайды екен.
Мәжілісменнің байламынша, мұндай жағдай нарықтық экономика қағидаттарына сәйкес келмейді және сыбайлас жемқорлық үшін алғышарттар жасайды. Әрі әртүрлі салалардың монополиялануына соқтырды. Уақытылы сыртқы аудиттің жоқтығы жүйелі тиімсіздікке және басқарудың стагнациясына соқтырғаны ашық айтылды.
Таяуда төменгі палатаның бір топ депутатының Үкімет басшысына жолдаған хатында сингапурлық Temasek Holdings моделін қазақстандық өмірге бейімдеу талабы жарға жығылғаны туралы тұжырым келтірілген.
Өйткені Transparency International ұйымының 2024 жылғы коррупцияға қатысты жаһандық рейтингінде әлемде 3-ші орын алған Сингапурде арам ниетті шенеуніктерге адым аштырмайды, бюджетті талауға бастырмайды. Ал, одан айырмашылығы сол, депутат Жұбановтың назар аудартуынша, Қазақстан жемқорлар жайлаған мемлекеттер қатарында: дүниежүзі бойынша 88-ші орында тұр.
Қалай болғанда, қалаулылар да, сарапшылар да Президенттің алдағы жолдауынан ұлттық компаниялар мен квазимемлекеттік секторларға қатысты жаңа реформа шараларын күтіп отыр.
"Бұл қордың "ҚазМұнайГаз" АҚ, "Қазақстан темiр жолы" АҚ, "KEGOC" АҚ сияқты басты активтерінің рентабелділігіне жүргізілген талдау оларда қаржылық көрсеткіштердің құлдырағанын және борыштық жүктемесінің ұлғайғанын паш етті. Қор компаниялары тобының халыққа жария трансформациялану стратегиясы жоқ. Басқарудағы және сатып алулардағы жүйелі теңгерімсіздікті жоймай, бұл қор ары қарай да экономикалық дамудың драйвері емес, тежеуіші болып қала береді. Осыған байланысты біз жай ғана квазимемлекеттік ықпал етудің орталығына айналып кеткен "Самұрық-Қазынаны" түбегейлі институционалдық қайта жүктеуді сұраймыз!", – деді депутат Жұбанов бастаған мәжілісмендер тобы. Олар:
• "Самұрық-Қазынаның" барлық бейілді емес активтерін тартып алып, оларды нарықтық шарттармен бәсекелі ортаға шығаруды,
• Қордың бір көзден сатып алудан кезең-кезеңмен толық бас тартуын,
• Қоғамдық бақылаумен жүзеге асырылатын электронды, мөлдір тендерлік жүйені енгізуін,
• Директорлар кеңесінің құрамын жаңартуын және оған халықаралық деңгейдегі тәуелсіз кәсіби мамандарды тартуды,
• Қорды қазіргі форматта қалдырмауды және оның құрамындағы кәсіпорындарды салалық министрліктердің тікелей басқаруына тапсыруды талап етті.
Бұған қатысты Үкімет басшысы Олжас Бектенов депутаттарға өз ұстанымын білдірді. Оның дерегінше, бүгінде "Самұрық-Қазына" ұлттық әл-ауқат қорының жиынтықты активтері 41,1 триллион теңгені құрайды.
Қордың тобындағы компаниялар жалпы сомасы 53 триллион теңгеден асатын шамамен 130 инвестициялық жобаны жүзеге асыруда. Жобалар мұнай-газ, энергетика, тау-кен өндірісі, көлік, коммуникация және басқа салаларды қамтиды.
"Атап өтетін жайт, Президенттің 2022 жылғы тапсырмасын орындау мақсатында бұл қорды бұған дейін 2 кезеңмен реформалау жүзеге асырылған болатын. Бірінші кезеңде қордың штаттық саны екі еседей қысқартылды. Шетелдегі өкілдіктері жойылды. Корпоративтік және кадрлық саясаты қайта қаралды. Екінші кезеңде портфельдік компаниялары мен әлеуметтік серіктестігінің тиімділігін арттыру жұмысы жүргізілді. Шығындары оңтайландырылды", – деді Бектенов.
Бұған қоса, директорлар кеңесінің құрамы өзектілендіріліп, тәуелсіз директорлардың үлесі 60%-ға дейін жеткізілген. Қазіргі кезде "Самұрық-Қазынаның" директорлар кеңесінің (ДК) құрамы келесідей:
• Бектенов Олжас Абайұлы, ДК төрағасы, Премьер-министр,
• Шарлапаев Қанат Бисимбайұлы, ДК мүшесі, ҚР Президентінің экономикалық мәселелер жөніндегі көмекшісі,
• Жақыпов Нұрлан Қаршығаұлы, "Самұрық-Қазына" басқарма төрағасы,
• Вонг Хэн Файн, қордың тәуелсіз директоры,
• Жәмішев Болат Бидахметұлы, тәуелсіз директоры,
• Сутера Лука, тәуелсіз директоры,
• Мұхаммед Жәмил әл-Рамахи, тәуелсіз директоры.
Үкімет басшысы қордың активтерін жекенің қолына тапсыру жалғасатынын жеткізді. Үлкен оптимизация науқаны 2026 жылы басталады деп жоспарланған.
"Жекешелендіру жөніндегі ұлттық кеңсенің жұмысы аясында қордың компаниялар тобын демонополизациялау жүргізілуде: "Самұрық-Қазына" компанияларының саны бұрынғы 600-ден бүгінде 300-ге дейін азайтылды. Нақтылағанда, оның ішінде "ҚазМұнайГаз", "Тау-Кен Самұрық", "Қазақтелеком" және басқасының активтері бар. Сондай-ақ "Қазақстан темір жолы", "QazaqGaz" сияқты ұлттық компанияларының акцияларын ІРО-ға шығару жоспарланып отыр", – делінген Премьер-министрдің жауабында.
Ол қордың тендерлері бір көзден сатып алуды кезең-кезеңмен қысқарту арқылы тәртіпке келтірілетініне сендірді. Бүгінде қордың компаниялар тобы 3,6 триллион теңгенің тендерін өткізіп, келісімшарттар бекітіпті. Соның ішінде "елішілік құндылықтың" (бұрынғыша – жергілікті мазмұнның) жалпы үлесі – 82,5%.
Бектеновтың мәліметінше, бір көзден сатып алуда басым үлесті – 56%-ын холдингішілік сатып алулар иеленеді. Бұл өндірісті және тауарлар, қызметтер мен жұмыстардың жеткізілімін үздіксіз қамтамасыз ету үшін қажет көрінеді.
Мысалы, мұнай-газ саласында барлаудан бастап, өнімді тасымалдау мен сақтауға дейінгі бүкіл процесс холдинг ішінде жүзеге асырылады. Бұл жұмыстар сырттан ешкімге – жеке кәсіпкерлерге сеніп тапсырылмайды. Салыстырсақ, АҚШ-та, өзге дамыған елдерде тіпті құпия әскери өнімдерді тасымалдауды, сол сияқты қару-жарақ өндірісін де жеке мердігерлер орындайды.
Ал, Қазақстанда мұнай өндіру үшін – "ҚазМұнайГаз" ұлттық компаниясы, қара алтынды құбырлармен тасымалдау үшін – "ҚазТрансОйл" АҚ құрылған. Мұнай өнімдерін теміржолмен тасымалдаумен тек "Қазақстан темір жолы" ұлттық компаниясы айналысады. Сонда отандық бизнеске еш сенім жоқ болғаны ма?
Депутаттарды қапаландыратыны – осындай "майшелпек" салаларды тұтасымен монополияландырғанымен, қор компаниялары ел бюджетін толтыруда көш басындағы тұғырларды тұтас толтырып тұрған жоқ. Қаржы министрлігінің дерегінше, 2024 жыл қорытындысында салық төлеп, ел қазынасын толтыруда келесі 10 компания ғана озды:
1. "Теңізшевройл" ЖШС – 3 трлн 55 млрд 959 млн теңге;
2. Қарашығанақ Петролиум Оперейтинг Б.В. – 1 трлн 145 млрд 615 млн теңге;
3. "Маңғыстаумұнайгаз" АҚ – 304 млрд 530 млн теңге;
4. "Қазақстан Халық Банкі" АҚ – 259 млрд 72 млн теңге;
5. "Азиатский Газопровод" ЖШС – 224 млрд 891 млн теңге;
6. "KAZ Minerals Aktogay" ЖШС – 212 млрд 15 млн теңге;
7. Қашағанды игеруші North Caspian Operating Company – 210 млрд 781 млн теңге;
8. "Өзенмұнайгаз" АҚ – 182 млрд 509 млн теңге;
9. "ПетроҚазақстан Ойл Продактс" ЖШС – 178 млрд 785 млн теңге;
10. "Филип Моррис Қазақстан" ЖШС – 167 млрд 848 млн теңге.
Өз кезегінде, Үкімет басшысы "Самұрық-Қазына" қорын отандық шағын және орта бизнеске жақынырақ ету үшін ұлттық заңнама өзгертілетінін хабарлады.
"Осыған орай Қаржы министрлігі "Квазимемлекеттік сектордың жекелеген субъектілерінің сатып алуы туралы" заңынан осы қорға қатысты артықшылықтарды қысқарту мәселесін пысықтап жатыр. Бұл тәсілді жүзеге асыру кезінде ықтимал тәуекелдер ескеріледі. Соның ішінде стратегиялық инвестициялық жобалардың дағдаруына, шетелдік инвестицияларды тартуда қиындық тудыруына жол бермеу қажет", – деді Олжас Бектенов.
Бұдан бөлек, таяуда Жоғары аудиторлық палата қордың қызметіне мемлекеттік аудит жүргізді. Оны қорытындылау биылғы жылдың ІІІ-тоқсанына жоспарланған, содан соң нәтижелері Парламенттің қарауына енгізіледі. Премьер-министр аудит қорытындысы бойынша қосымша тұжырымдар жасауға, қор қызметін ары қарай жетілдіру бойынша рекомендациялар түзуге уәде етті.
Әділдік үшін бүгінде "Самұрық-Қазынаның" экономикаға өз үлесін қосып отырғанын да атап өткен жөн. Басқарма төрағасы Нұрлан Жақыповтың мәліметінше, қор экономиканың басым салаларын қамтитын ірі инвестжобаларды жүзеге асыруда. Тамыз соңында тағы 6 жобаны қосу арқылы мұндай жобалар тізбесі 52-ге дейін кеңейтілді. Бүгінде 24 жоба бойынша құрылыс-монтаждау жұмыстары жүргізілуде, 4 жоба іске қосылды. 11 жоба инвестиция алдындағы кезеңде, 11 жоба жобалау кезеңінде тұр. Ірі жобалар бойынша жергілікті қамту үлесі – 273 млрд теңгені құрады.