Сана Анарқұлова: "Менің отаным Қазақстан!"

6219

Сана Анарқұлова – волейболдан Қазақстан Ұлттық құрамасының және Өскеменнің "Алтай" волейбол клубының ойыншысы, Халықаралық дәрежедегі спорт шебері, 2010 жылы Қытайдың Гуанжоу қаласында өткен Азия ойындарының қола жүлдегері.

Сана Анарқұлова: "Менің отаным Қазақстан!"

- Сіз Ресейде Соль-Илецкіде туылдыңыз. Қазақстанға қалай келдіңіз және неше жастан бастап волейболмен айналыса бастадыңыз?

Волейболмен 6-сыныптан бастап айналыса бастадым. Ол кезде біздің мектептің өз командасы бар болатын. Бастапқыда волейбол мен үшін дене шынықтыру сабағына қосымша болды. Ешқашан спортшы болам деп ойлаған емеспін. Бойым ұзын, арық болдым. Жиі ауырып қалатынмын. Шынығу үшін ата-анам мені спортқа беруді жөн санады. Содан маған волейбол ұнай бастады. Спортзалдың үйден алыс болғанына қарамастан волейболмен белсенді айналыса бастадым. 9-сыныпта халықаралық турнир өтіп, бізге Қазақстанның Ресеймен шекаралас қалаларынан командалар келді. Жарыс аяқталған соң маған бір командадан ұсыныс түсті. Ол кезде чемпионат дәрежесінде ойнайтын еді. Формалары да әдемі болатын. Команданың бапкері Куленке Губашев маған келіп "сен қазақ қызысың және Қазақстанда өнер көрсетуің керек" деді. Сонымен заттарымды жинап, кетіп қалдым. Қазір ол клуб "Грация.кз" деп аталады. Мен онда 4 жыл ойнадым. Осылайша Қазақстанға келдім.

- Ресейден кетерде өкініш, әлде бір күмән болмады ма? Қалай болғанда да ол сіздің туған жеріңіз. Әлде келісім-шарт болғандықтан біраз уақыттан кейін Соль-Илецкіге қайта кетем деп ойладыңыз ба?

Жоқ, ешқандай өкініш болған жоқ. Ата-анам Ресейде қалды және Қазақстанға оралу олардың жоспарында жоқ. Неге екенін білмеймін. Бірақ елге келемін деп ойлайтынмын.Тез үйренісіп кеттім. Менің отаным Қазақстан!

- Карантинде Қазақстанда қыздар волейболының жағдайы  қалай болып жатыр?

Қазіргі таңда барлық командалар карантинде. Жаттығу жасамайды. Бірақ спортшылар онлайн режимде жаттығып жүр деп ойлаймын. Әдетте жыл сайын осы уақытта бізде оқу-жаттығу жиындары өтетін. Бірақ елдегі жағдайға байланысты үйде отыруға мәжбүрміз. Толыққанды жұмысты бастау үшін карантиннің аяқталуын күтіп отырмыз.

- Чемпионаттың қашан жалғасатыны туралы қандай да бір ақпарат бар ма?

Қазақстан чемпионаты наурызда тоқтап қалған. Біз соңына дейін ойнап үлгермедік. Вирус басылған соң шілде айында қайта жалғастырамыз деп ойлағанбыз. Алайда, өзіңіз көріп отырғандай, жағдай жақсармады. Чемпиондықты Алматы облысының "Жетісу" командасы иеленді. Плей-офф пен финал ойналған жоқ. Төрт команданың әрқайсысы да жеңістен үміткер еді. Алайда турнирлік кестенің 1-орынында тұрған Жетісу командасы Чемпиондық атақты иеленді. "Алтай" 2-орынға ие болды.

- Келісім-шартың туралы айта кетсеңіз?
Келісім-шарт бізде бір жылға жасалады. Жақында тағы бір маусымға  ұзарттым.  Яғни бұл бесінші рет. "Алтай" клубы маған ұнайды.

- Халықаралық жарыстар жайлы айта кетсеңіз? Жарыстардың кестесі бар ма?
Коронавирусқа байланысты халықаралық жарыстарға да шектеу қойылды. Наурыз айында чемпионатты аяқтағанда бізге халықаралық сайыстардың кестесі бар екенін айтқан болатын. Жоспар бойынша  біз қыркүйек айында Азия Кубогіне Ұлттық құрамамен баруымыз керек еді. Алайда пандемияға байланысты кейінге қалды.

Қазір Алтайды Сербиядан келген маман Марко Гршич жаттықтырады. Оның бапкерлік әдістемесінің италиялық Луки Кьяппинимен салыстырғанда айырмашылығы бар ма?

Марко Гршич волейболдан Сербия Ұлттық құрамасында бас бапкердің көмекшісі қызметін атқарады. Оның әдістемесінің ерекшеліктері бар. Меніңше әр бапкердің өзінің әдістемесі, тактикасы бар. Қазіргі таңда сербтер воллейболдан Әлем чемпиондары және біз солардың методикасымен жаттығамыз.

- "Алтайдың" бірнеше резервтік командалары бар. Соған қарағанда Өскеменде волейбол жақсы дамыған сияқты...

Тіпті жақында "Алтай-5" командасы да ашылуы мүмкін. Жалпы Шығыс Қазақстан облысында волейболға жақсы қолдау көрсетеді. Мұны әуесқойлар командаларының көптігінен де байқауға болады.

- "Алтайда" Сербиядан шыққан Әлем Чемпионы Бояна Миленкович ойнайды. Онымен бір командада ойнаған қалай екен?

Бояна өте тәрбиелі қыз. Бірге ойнаған тамаша, әрине. Бірақ ол біздің командадан кетіп қалды. Енді оның орнына басқа легионер іздеу керек.

Бабыңызды қалай сақтайсыз? Жаттығулар қандай форматта өтіп жатыр?

Барлығымызда онлайн-жаттығу. Фитнес бапкерлер де бар. Олар күн сайын әрқайсымызға цикл-бағдарлама жібереді. Бес литрлік бөтелкелермен, ауыр сөмкелермен жаттығамыз. (Күліп). Бірақ допсыз жаттыққан қиын. Егер допсыз он күннен аса жаттықпасам доп маған төрбұрышты болып сезіледі. Бұл жеке ойым.

Шетелдік клубта ойнағыңыз келе ме?

Әрине, кез-келген спортшы сияқты менің де басқа клубта ойнағым келеді. Бірақ, қазіргі таңда мен үшін отбасым бірінші орында. Балам мені жаттығуға жібергісі келмейді. Ал егер бір жылға кетсем не болмақ? (Күліп.) Бұл өте қиын сұрақ. Барғым келеді. Алайда бара алмаймын.

- Волейболдан басқа немен айналысасыз? Қай салада жұмыс жасар едіңіз?

Күйеуіміз екеуіміздің жоспарларымыз бар. Бірақ әзірге ол туралы айтқым келмейді. (Күліп.)

Сұхбатыңызға рахмет!

Ермұхамед Мәулен


 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу