"Карантиндік шектеу шаралары және оларды кезең-кезеңімен жеңілдету туралы" Қазақстан Республикасының Бас мемлекеттік санитариялық дәрігерінің 2020 жылғы 15 тамыздағы № 48 қаулысына өзгерістер мен толықтырулар енгізілді.
Құжатта әдеттейгідей "тыйым салынсын", "шектеу енгізілсін" деген тіркес көп. Бірақ бұл жолы бірнеше саланың жұмысын жандандыруға рұқсат етілген.
Мұндағы басты өзгеріс мәдени нысандардың қызметіне қатысты. Яғни, театрлар қызметін жандандыруға рұқсат етілгенімен кинотеатрлар қызметіне шектеу қойылған. Тек далада кино көрсетілімін ұйымдастыруға болады.
"Ойын-сауық орындарының (караоке, бильярд, компьютерлік клубтар, түнгі клубтар, боулинг орталықтары, жабық үй-жайлардағы балалардың ойын алаңдары мен аттракциондар, батуттар және басқалары), кинотеатрлардың (ашық ауадағы кинотеатрларды қоспағанда), букмекерлік кеңселердің қызметіне тыйым салынады", – деп басталған қаулыда ары қарай маска режимін, әлеуметтік қашықтықты сақтай отырып, ашық ауадағы кинотеатрлардың қызметіне рұқсат етілген. Еліміздің бірқатар өңірінде күн суытып, күн райы құбыла бастағанын ескерсек, бұл саладағы кәсіп иелері аса қуана қоймайтыны анық.
Қаулыдағы келесі өзгеріс театрлардың қызметін жандандыруға қатысты. Алайда залды 50%-ға ғана толтыруға болады әрі жалпы адам саны 50-ден аспауы тиіс. Бастысы мәдени субъект басшылығы infokazakhstan.kz порталында тіркеле отырып, маска режимін, әлеуметтік қашықтықты және ҚР БМСД-нің № 43 қаулысының талаптарын сақтауы керек.
Бұған қоса далада және ғимараттың ішінде қызмет көрсететін қоғамдық тамақтану орындарына келушілер санын 30-дан 50 адамға көбейтуге болатыны жазылған.
Өзгерістер қатарында сауда-ойын-сауық орталықтарында орналасқан қоғамдық тамақтану объектілерінің қызметі де бар. Мұндай нысандар енді ұжымдық іс-шараларды өткізбей, 50-ден аспайтын адамға қызмет көрсете алады. Бастысы санитарлық қаулы талаптары сақталуы керек.
Сонымен қатар балалардың түзету кабинеттерінің, балалар мен ересектерге арналған білім беру орталықтарының қызметіне рұқсат етілді. Сабаққа алдын ала жазылу бойынша 15 адамнан аспайтын топ болып қатысуға болады.
Сондай-ақ, мемлекеттік органдардың, квазимемлекеттік сектор органдарының, ұлттық кампаниялардың, өзге де ұйымдардың, сондай-ақ кәсіпкерлік субъектілерінің қызметіне рұқсат етілді. Бұл ретте қызметкерлердің кемінде 50%-ы қашықтықтан жұмыс істеуі керек әрі штаттық кестеде 30-дан астам қызметкер болуға тиіс.
Құралай Құдайберген
Біздің Telegram каналымызға жазылыңыздар!