Атап айтсақ, 425-бап бойынша санитарлық-эпидемиологиялық талаптар мен гигиеналық нормалар сақталмаған жағдайда салынатын айыппұл көлемі 13 есеге артатын болады.
Ал, бұл айыппұл кімдерге салынады?
Егер сіз шағын бизнес өкілі болсаңыз, айыппұл көлемі 600 мың теңге шамасында, орта бизнестегілер айыппұл үшін 800 мың теңге жобасында, алпауыт кәсіпорын иелері 4 млн теңгеден жоғары соманы төлейтін болмақ.
Кәсіпкерлер болса тазалыққа қарсы еместігін, тек аталмыш бапта нақтылықтың жоқтығына назар аудартады. Сонда бап не дейді? "425-бап. Халықтың санитарлық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы заңнама талаптарын, сондай-ақ гигиеналық нормативтердi бұзу.
1. Халықтың санитарлық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы нормативтік-құқықтық актілерді, сондай-ақ гигиеналық нормативтердi, техникалық регламенттерді абайсызда адамдардың жаппай ауруға шалдығуына немесе улануына әкеп соқпаған бұзушылық – жеке тұлғаларға – он, лауазымды адамдарға, шағын кәсіпкерлік субъектілеріне – жиырма, орта кәсіпкерлік субъектілеріне – қырық, ірі кәсіпкерлік субъектілеріне – бір жүз жиырма айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады".
Демек, улануға әкеп соқпайтын бұзушылықтарға не жататыны көрсетілмегендіктен, осы бапты желеу етіп, әр неге бір соқтығып, болар-болмас дүниеге айыппұл салумен қорқытып, соңы жең ұшынан жалғасқан жемқорлыққа апармасына кім кепіл?
Әрине, кішігірім тәртіп бұзушылық кезінде Әкімшілік құқық бұзушылық кодексінің 64-1 бабы бойынша айыппұл төлемейтін болады. Кәсіп иесі аталмыш кемшіліктерді қысқа мерзімде түзей алатын болса ескертумен шектелмек.
Осы орайда біз тек кәсіпкерлер мынаны есте ұстағаны жөн дер едік:
Кәсіпкерлер кодексі бойынша жоспарлы тексерістер тек қана жоғары эпидемиялық нысандарға белгіленген тәртіп бойынша жасалады.
Тексеруші орган тексерілетін мекемеге, нысанға кем дегенде отыз күнтізбелік күн бұрын жоспарлы тексерістің болатындығы жайлы хабарлама жіберуге тиіс.
Тексеруге тексеру парағында жазылған ҚР Денсаулық сақтау министрлігі мен ҚР Ұлттық экономика министрлігі бекіткен талаптар ғана кіреді.
Тексеріс нәтижесі жазылған актімен келіспесеңіз, олардан жоғары тұрған органға немесе сотқа шағымдана аласыз.
Айсұлтан Мұхамедияұлы