Санкциялар шығындарды шектеуге мәжбүрлейді

Гүлбаршын Сабаева Гүлбаршын Сабаева
3399

Қазақстан Ресейдің ЕАЭО-дағы басты серіктесі болғандықтан, отандық сарапшылар теңгенің долларға шаққандағы бағамының күрт өзгеруін осы санкциялармен байланыстырады. 

Санкциялар шығындарды шектеуге мәжбүрлейді

Жуырда премьер-министр Бақытжан Сағынтаевты қабылдаған мемлекет басшысы: "Жылды жақсы нәтижелермен қорытындылау үшін бәріңізді ұйымшылдықпен жұмыс істеуге шақырамын. Тәуекелді тұстар да жоқ емес. Энергия тасымалдаушыларымызға, шикізат өнімдеріне деген бағаның өзгерісі. Бәлкім, батыстың Ресейге қатысты санкциялары әсер етер. Осыны ескеру қажет", – деді.

Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов ел үкіметі Ресейге қатысты санциялар салдарынан болатын жаңа толқуларға дайын, бірақ асыра сілтеудің қажеті жоқ дейді.

Ұлттық банк пен қаржы министрлігі мұны төтенше жағдай деп есептемейді екен. Санкция мұнай, метал бағасының өзгеруі, көрші елдердегі экономиканың әлсіреген кезіндегі жағдай сияқты ғана әсер етеді-мыс. Десек те, Қазақстан экономикасы көрші елдің экономикасына тәуелді. Оны Ұлттық экономика министрі де сезіп отыр. Экономикаға тек мұнай нарығы ғана әсер етпейді. Ауыл шаруашылығы өнімдерінің экспорты, сауда қатынасы да ел экономикасын қалыптастыратын негізгі фактор екені үкіметтің экономикалық блогына белгілі.

"Бәрінде де есеп болуы керек. Прагматикалық көзқарас барлық жерде, экономикада және халықаралық қатынастарда талап етіледі. Біз қандай инновациялар алсақ, назарды да сонда аудару қажет. Прагматизм шаруашылықты ұқыпты жүргізу, халық ақшаларын үнемдеу, оларды адамдар игілігіне пайдалану дегенді білдіреді" – деген болатын Нұрсұлтан Назарбаев.

Мемлекетіміздің қаржыға мұншалықты тиянақтылық танытып жатқаны айтпаса да түсінікті. Соңғы жылдары сыртқы қарызымызды есептемегеннің өзінде, әлемдік деңгейде талай жиындар ұйымдастырылды. Бюджет қаржысы оңды-солды жұмсалды. Азиада кезінде бөлінген 9 млрд 800 млн теңге мақсатсыз жұмсалған. Күні кеше ғана баспасөз беттерінде ЭКСПО көрмесіне жұмсалған қаржының тек 10%-ы ғана қайтарылады деген пікірлер айтылды. Еліміздің сыртқы қарызы 135 млрд АҚШ долларын құрайды. Бұл туралы ҚР Ұлттық банкі жыл басында мәлімдеп қойған еді. Аталмыш көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 10 млрд АҚШ долларына артқан. Мәселен, 2012 жылдың басында еліміздің сыртқы қарызы 125,2 млрд АҚШ долларын құраса, сол жылдың қыркүйек айында 134,9 млрд АҚШ долларына бір-ақ жеткен. Сыртқы қарызымыздың шамадан тыс көбейіп, ішкі жалпы өнімнің 70%-ын құрап отырғанын ешкім жоққа шығара алмайды. Бұл, шын мәнінде, алаңдауға тұрарлық мәселе.

Қазір Ресей экономикалық соғыс жағдайында. Ал соғыс шығыннан басқа пайда әкелмейді. Осындай ой айтқан экономика ғылымының докторы, профессор Тоқтар Есіркепов алдағы уақытта еліміздің экономикалық өсімінде белгілі бір тежелістің болатындығын алға тартып отыр.

"Себебі біз Ресейге 1 АҚШ долларының тауарын беріп, 4 доллардың тауарын сатып алады екенбіз. Санкция қысымы күшейсе, Ресей ең алдымен өзінің жағдайын ойлайды, ішкі нарықтың сұранысын қанағаттандыруға тырысады. RICS елдерінің де жағдайы мәз емес. Көрші Қытайдың экономикасында да өсім байқалмайды", – дейді Тоқтар Есіркепов.

 Мұндай жағдайда Ресей жағынан келетін импорт азайып, инфляция өседі. Ал саясаттанушы Уәлихан Төлешов бұл арада санкция емес, Ресей саясатының бізге белгісіз тұстары қауіпті екенін айтады. Экспортымыздың 74%-ы – көмірсутегі мен минералдық ресурстар. Сондықтан біз үшін, ең қиын жағдай - халықаралық нарықтағы мұнай бағасының құлауы. Себебі бұл салада біз Ресеймен бір кемедеміз.

Уәлихан Төлешовтің пікірінше, биыл үкімет белгілеген өсім жоспарлаған мөлшерден төмен болады. Мұнай бағасы тұрақты сақталса да, ел экономикасының өсімі 6 емес, 5 пайыз боп қалады. Демек, біз алдағы уақытта барынша үнемдеу саясатына көшеміз. Үнемдеу саясаты елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың сөзімен айтқанда, жаңа идеялар мен ұсыныстарды қоя тұрып, бастаған жұмысымызды аяғына дейін жеткізу.

Сонымен біздің үкіметке қаржыны үнемдеп, қарыздан құтылудың амалын жасаудан өзге жол жоқ. Сарапшылардың пікірінше, қарыздан құтылу ұзақ уақытқа созылады. Президент атап өткендей, тәуекелді тұстар да жоқ емес. Ол – энергия тасымалдаушыларға, шикізат өнімдеріне қатысты бағаның өзгерісі. Жаңа санкция бойынша енді компанияларға ресейлік газ тасымалдау құбырларын салуға, жөндеуге яки инвестиция құюға, құны 5 млн долларға жететін қызмет көрсетуге тыйым салынды.

Ресейлік саясаттанушы Константин Гаазе "бұл шектеу Ресейдің Еуропадағы газ бизнесін әлсіретіп, экспорт түсімдері мен оның нарығын мүмкіндігінше тарылтады" дейді. Экономист Жарас Ахметов санкция тек Ресей билігіне емес, орыстардың үлесі 30%-дан асатын барлық компанияға қойылғанын алға тартып отыр. Ресейліктер Қазақстанды құрал ретінде пайдалануы мүмкін деген қауіп те жоқ емес. Егер АҚШ билігінде ресейлік компаниялардағы қазақстандық үлеске қатысты сенімсіздік пайда болса, Қазақстанға да санкция қойылуы әбден мүмкін. Сарапшылар "Каспий құбыр консорциумы санкцияға ілініп кетуі мүмкін" дегенді айта бастады.

"Консорциумда Ресейдің үлесі бар. Біз жақтан "ҚазМұнайГаз" еншілік етеді. Консорциум 30 млн-нан 64 млн тоннаға дейін мұнай айдауды жоспарлап отыр. Шектеу қойылса, бұл мақсатқа жету-жетпеу күмәнді", – дейді экономист Жарас Ахметов.

Егер шикiзат көздері мен қазба байлықтарымыз шетелдiк инвесторларға сатылмай, өз қолымызда болғанда, мемлекет сыртқы қарызын он жыл iшiнде өтеп бере алады екен.

"Қазақстанның шикізат көздерінің 90%-ға жуығы шетелдік инвесторлардың қолында. Сыртқы қарызымыз 1999 жылы 7-8 млрд доллардан басталып, 2003 жылы 15-16 млрд долларға дейін өскен. Ал 2010 жылы 111 млрд доллар болса, қазіргі таңда 135 млрд АҚШ долларға жетті. Бұл мемлекеттік деңгейде "дабыл" қағарлық мәселе", – дейді экономист Тоқтар Есіркепов.

Сөз етіп отырған мәселе бізде ғана емес, өзге елдер үшін де өзекті. Өткен аптада РФ мемлекеттік думасында халықаралық форумдарға, шенеуніктерінің шетелдегі іс-сапарларына жұмсалатын басы артық шығындарға тыйым салатын арнайы құжатқа қол қойылды. Енді мемлекеттік шенеуніктердің іс-сапарлары ғана емес, корпоративтік шығындары да бірорталықтандырылған арнайы құрылымдардың бақылауында болмақ. Одан бөлек, іссапар шығындарының көлемі жалпыға бірдей бекітілген сома негізінде білгіленеді. Жалғыз Ресей ғана емес, көршілес өзбек, қырғыз елі де бюджет шығынын барынша үнемдеу саясатын қолға алды. Үнемдеу саясаты бізден емес, батыстан басталғанға ұқсайды.

Ұлыбритания үкіметі қатаң үнемдеу арқылы 2018-2019 жылдары тапшылықсыз бюджетке шыққысы келетіндерін ашық айтты. Бұл туралы Ұлыбритания қаржы министрі Джордж Осборн мырза желтоқсанның басында ашық мәлімдеген болатын. Шығынды азайта отырып, экономиканың өсуіне осылай қолдау көрсетпек, сонымен қатар сырттан қарыз алуды да қысқартпақ. Ұлыбританияның мемлекеттік қарызының деңгейі 2017 жылы ішкі жалпы өнімнің 80%-ын құрайды екен. Үкіметтің мемлекеттік қарызының таза көлемі ағымдағы қаржы жылында 110 млрд фунт стерлингтен сәл ғана асатын деңгейде белгіленген. Ал келесі жылы Ұлыбритания үкіметі 96 млрд фунт қарыз алып, одан арғы жылдары оның көлемі жыл сайын 20-25 млрд-қа қысқара түспек. Биылдың өзінде үкімет көлденең шығындардың көлемін азайтып, оған төленетін қаржыны 1 млрд фунтқа дейін қиып тастап отыр. Бұл талап алдағы екі жылда да жүзеге асырылып, британдық үкімет үш жылда тағы 3 млрд фунт стерлинг үнемдемек.

Британдық үкімет бюджетті үнемдеу әлеуметтік салаларды соқпай өтеді деп уәде беріп отыр. Керісінше, аталған салаларға бөлінетін қаржы көлемі ұлғая түспек. Тіпті бастауыш сынып оқушыларына берілетін тегін тамақтың сапасы мен құнарлылығына аса мән берілмек. Ел үкімет мектеп жасынан асқан жастарды жұмыс істеуге мәжбүрлемек. Себебі ағылшындар "ана жұмыс ұнамайды, оған көңіл-қошым жоқ" – деп, мемлекет тарапынан берілетін жәрдемақы алып жүре беретін көрінеді. Осыған мәжбүрлеуіміз керек деп шешім шығарып отырған үкімет нәтижесінде жұмыссыздық көлемін 7%-ға түсіреміз деп үміттенуде. Үкімет 2040 жылы тұрғындарға 69 жасқа дейін жұмыс істетпек. Осындай жауапкершілікті мойнына алып, аталған шараларды қолға алуы Ұлыбритания экономикасының тығырыққа тіреліп тұрғанын байқатады.

Осыдан сәл ғана бұрын мемлекеттің қаржы министрлігіндегілер зейнет жасын тек 2046 жылы ғана 68-ге жеткізу керек деген ой айтқан еді. "2020 жылы зейнет жасы 66 жас болып белгіленеді. Одан арғысын көре жатармыз" деген Қаржы министрінің пікірін аяқасты жоққа шығарған үкімет өздерінің бұл қадамға баруға мәжбүр болып тұрғанын ашық айтпаса да, қолға алған шаралары арқылы білдіріп отыр. "Біздің мақсатымыз – үйдің төбесін жаңбыр жаумай тұрып, жөндеуден өткізу. Өйткені біз мемлекет қарызын ұлғайта алмаймыз", – деген қаржы министрі зейнет жасын өсіру арқылы 400 млрд фунт үнемдейтіндерін де жасырмайды.

Санкциялар "текетіресі" шығындарды шектеуге мәжбүрлеп, "тәбетті" тежеуді қажет ететінін әлем біліп отыр. Әлем басымдық беріп отырған үнемдеу саясаты "Қоя жесең қой қалады, қоймай жесең нең қалады" деген мақалдың мәнін ашып тұрғандай.

Сондықтан Қазақстанда жыл соңына дейін шығындарды шектейтін заң қабылдануға тиіс.

"Сенат төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев кезінде халықаралық форумдарға жұмсалатын шығынды шектеу туралы мәселені көтерген. Бірақ оған назар аударылмады. Енді мәселені мемлекеттік деңгейде заңдастыру ғана қалды. Заң сауатты әзірленіп, оның тетіктері барлық саланы қамтитын болса, үнемдеу туралы пікірлер заңдық сипатқа ие болады", – дейді саясаттанушы Досым Сәтпаев.   

Гүлбаршын Сабаева

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу