Санжар Боқаев: Билік утилизациялық алымда әлеуметтік әділетсіздік бар екенін түсінді

4679

Утилизациялық алыммен жеке компания емес, мемлекеттік ұйым айналысуы керек. "ӨКМ Операторы" ЖШС (Өндірушілердің кеңейтілген міндеттемелері операторы) қызметіне тыйым салып, утилизациялық алым мөлшерін қайта қарау қажет. 

Санжар Боқаев: Билік утилизациялық алымда әлеуметтік әділетсіздік бар екенін түсінді

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Парламент Мәжілісі отырысындағы кешегі мәлімдемесі көпшіліктің көкейіндегісін тап басты, деп хабарлайды inbusiness.kz.

Мәселенің ақ-қарасы утилизациялық алымға қарсы құрылған қоғамдық қозғалыстың белсендісі Санжар Боқаевпен сұхбат барысында анықталды.

– Мемлекет басшысының тапсырмасы мәселенің оң шешілуіне ықпал етеді деп үміттенеміз. Утилизациялық алым – әділетсіз. Біріншіден, оның мөлшерлемесі тым жоғары. Еуропадағы орташа көрсеткіштен 25 есе көп. Өмір сүру деңгейіміздің әлдеқайда төмен екеніне қарамастан, біз утилизациялық алымға еуропалықтардан 25 есе артық шығындалуға мәжбүрміз. Екіншіден, азаматтар ақшаны жеке компанияға төлеп отыр. Біз бұған наразылық білдірдік. Утилизациялық алым мөлшерлемесін төмендетуді және ақшаны ел бюджетіне аударуды талап еттік. Бұл – дұрыс әрі қисынды қадам болар еді. Себебі ақша жекеменшікке емес, мемлекетке түседі. Үшіншіден, компания 5 жыл ішінде 2 млрд долларға жуық утилизациялық алым жинады, алайда қаражатқа қатысты есеп бермеді.

– "ӨКМ Операторы" ЖШС қызметі кімдерге пайдалы болды?

– Утилизациялық алымның жоғары мөлшерлемесі елге әкелінетін автокөліктердің санын қысқартты. Салдарынан жаңа автокөліктің тапшылығы туындады. Соңғы 5 жылда ескі автокөліктердің саны 100 мыңға жуық өсті. Компанияның қызметі олигархтарға тиімді болды. Сонымен қатар "ӨКМ Операторы" ЖШС қызметі отандық автокөліктің жалған өндірушілеріне пайда әкелді. Өздерін отандық автокөлік өндіруші деп атайтындар халықты алдап жүр. Олар автокөлік шығармайды, құрастырады. Машинаның доңғалағы мен есігін орнатып, оны отандық автокөлік деп сатады. Бұл іспен "Сарыарқа АвтоӨндіріс" ЖШС, "Астана Моторс" сынды компаниялар айналысып отыр.

– Президенттің шешімі отандық автоөнеркәсіпке қалай әсер етуі мүмкін?

– Автоөнеркәсіп үшін қандай да бір теріс салдар болады деп ойламаймын. Мемлекет басшысы тиімсіз болса да, отандық автоөнеркәсіпке  қолдау көрсетілетінін атап өтті. Біз жылдар бойы отандық автоөнеркәсіпке мемлекеттік қолдау көрсету жүйесі оң нәтиже бермей жатқанын дәлелдеп келеміз. Себебі отандық автоөндірушілерге нақты талап қойылмайды. Автоөнеркәсіп ішкі локализация жоқ болса да, адвалорлық есептеу әдісін қолданады, Шын мәнісінде көрсеткіш 5-10%-ды ғана құрайды, бірақ олар 35-50% деген ақпарат береді.

– Қалай ойлайсыз, олигархтардың мүддесіне қызмет ететін тағы қандай компанияларды тарату қажет?

– Квазимемлекеттік секторда халықтың ақшасын алып отырған жасанды ұйымдар көп. Ұлттық компаниялардың қызметіне талдау жасау қажет.

"Бас" компаниялар мен "Еншілес" компаниялар басқару құрылымын күрделендіріп жіберді. Тиімсіз және шенеуніктердің жиендері мен туыстарын жұмысқа орналастыру үшін құрылған аралық ұйымдардан құтылу керек. Бізде әлдекімді қандай да бір мекемеге басшы етіп тағайындау үшін ашылған компаниялар да болған. "Самұрық-Қазына" ұлттық әл-ауқат қорын бақылауға алып, оның ішінде халыққа газ, су, электр энергиясын жеткізуді қамтамасыз ететін жергілікті кеңселерді тексерген дұрыс. Қандай компанияларды тарату қажеттігі осыдан соң белгілі болады.

– Елімізде болған соңғы оқиғалар утилизациялық алымға қатысты шешім қабылдауға ықпал етті ме?

– Билік утилизациялық алымда әлеуметтік әділетсіздік бар екенін түсінді. Утилизациялық алым мәселесін біз ғана емес, деструктивті күштер де қозғауы мүмкін еді. Бұлай болғанда әлеуметтік шиеленіс ушығып кетер еді. Билік тиісінше әрекет етті деп ойлаймын. Себебі утилизациялық алымда миллиондаған азаматтың мүддесі бар. Соңғы оқиғалардың утилизациялық алымға қатысты шешімнің қабылдануына ықпал еткені сөзсіз.

Сұхбаттасқан Айбын Асқарұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу