Санжар Тәшкенбай бокстан әлем чемпионы атанды

1992

Әлем чемпионатының жалпы жүлде қоры 5,2 млн. АҚШ долларын құрайды.

Санжар Тәшкенбай бокстан әлем чемпионы атанды Фото: IBA

Қазақстандық боксшы Санжар Тәшкенбай Ташкентте (Өзбекстан) өтіп жатқан әлем чемпионатының финалында өнер көрсетті. Ол 48 келіге дейінгі салмақта грузиялық Сахил Алахвердовимен кездесті. Тәшкенбай үш раундты да сенімді түрде өткізді. Нәтижесінде төрешілер бірауыздан жеңісті Санжарға берді. Осылайша қазақстандық боксшы Ташкентте өткен әлем чемпионатындағы алғашқы алтын жүлдегер атанды.

Сондай-ақ Дулат Бекбауов әлем чемпионатындағы финалдық кездесуін өткізді. 67 келіге дейінгі салмақта қазақстандық былғары қолғап шебері өзбекстандық Асадхужа Муйдинхужаевпен кездесті. Жекпе-жек қорытындысы бойынша Бекбауовтың қарсыласы жеңіске жетіп, өз командасына әлем чемпионатының алғашқы алтынын әкелді. Ал Дулат әлем чемпионатының күміс жүлдегері атанды.

Бүгін, 14 мамыр күні тағы үш қазақ боксшысы әлем чемпионатының алтынын сарапқа салады. 54 келіге дейінгі салмақта өнер көрсететін Махмуд Сабырхан өзбекстандық Ойбек Джураевқа қарсы шығады. Төртінші жұпта 71 келіге дейінгі салмақта Қазақстан мен Өзбекстан құрамасының капитаны Асланбек Шымбергенов пен Саиджамшид Джафаровтың жекпе-жегі өтеді. Ал 80 келіге дейінгі салмақта Нұрбек Оралбай Қытайдан келген этникалық қазақ Тоқтарбек Таңатқанмен кездеседі.

Айта кетейік, Халықаралық бокс қауымдастығы (IBA) алтын медаль иегеріне 200 000 АҚШ долларын, екінші орын алған боксшыға 100 000 және екі қола жүлдегердің әрқайсысына 50 000 АҚШ долларынан береді. Бұдан бөлек Қазақстан бокс федерациясының президенті Кеңес Рақышев әлем чемпионатының жеңімпаздарына өз қаражатынан 100 мың АҚШ долларынан сыйақы береді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу