Арқаға қыс түссе сарандықтардың басына "қара бұлт" үйіріледі. Себебі қала тұрғындары бірнеше жылдан бері аязы ақырып тұратын тас қаланың емес, суығы ауру шақырып тұратын баспананың суығынан зардап шегіп отыр.
Тап қазір Саран қаласындағы көпқабатты үйлердегі жылу температурасы күндіз – 12-13, түнде – 8 градусты көрсетіп жүр.
"Адам сияқты өмір сүруден қалдық, өлместің күнін кешіп отырыз. Үш балам бірінен соң бірі ауырып жатыр. Ақшамызды дәріге жұмсап жатырмыз. Үйді жылыту үшін электр құрылғыларын қосамыз, соның салдарынан жылуға төлейтін ақшадан бөлек тоққа ай сайын 15 мың төлеп жатырмыз", – деді Саран қаласының тұрғыны Александра Козлова.
Үйде отырып қатып қалмас үшін тұрғындар бір бөлмеге тығылады екен. Екатерина Когиль есімді азаматша түнде балаларын ұйықтатардың алдында төсек орын жабдығын электр құрылғымен алдын ала жылытып алатынын айтты.
Саран қаласында 273 көпқабатты тұрғын үй бар. Бұл үйлерді кеңестік кезден бері келе жатқан 20 шағын жылыту қазандығы жылытады. Қалалық тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы мамандарының мәліметінше, қазір 100-ге жуық тұрғын үй жылумен тиісінше қамтылмай отыр.
Атқамінерлер жылу қазандықтарының барлығы ескіргенін, жыл сайын жөндегенмен пайда болмай тұрғанын алға тартуда.
"Біз қолдан келгеннің барлығын жасап жатырмыз. Бұл орталықтандырылған жылу орталығы емес, қолмен жағатын жылу қазандығы. Құрылғылар ескірген, дұрыстап от жағатын адам табу да қиын. Күзде бізге президенттен өкіл келді. Сол кезде мен оған барлығының көзінше айтқанмын, Саран биылғы қыстан әрең шығатын шығар, ал келесі жылы жағдай өте қиын болады деп. Жағдай шынымен қиындап кетті, – деді жылу қазандығының қожайыны Владимир Чернышев.
Ал баспанасында бас сауғалап жүрген жұрт жылу қазандығының иелерін жазғырады.
"Жыл сайын қазандықтарды қалпында ұстап тұру үшін жөндеу жұмыстары жасалады. Даладағы суы 30 градустан асқан кезде жылу қазандықтары 90 градус шамасында жылу беруі керек. Бірақ бізде бұлай болмайды. Бұған құрылғылардың ескіруімен қатар адами факторда әсер етіп жатыр", – деді Саран қаласының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімі бастығының орынбасары Ербол Самекин.
Саран қаласында осыдан 3 жыл бұрын орталықтандырылған жылу жүйесі өз жұмысын бастау керек еді. Алайда құрылыс жұмыстары 90%-ға аяқталып қалған жылу жүйесі күні бүгінге дейін іске қосылған жоқ. Өйткені құрылыс шенеуніктер мен мердігердің соттасуы салдарынан тоқтап қалған. Жылуға жарымай жаураған жұрттың дауынан шаршаған шенеуніктер 2020 жылға қарай Саранда орталықтандырылған жылу жүйесі іске қосылар деп үміттенеді. Ал оған дейін суық сарандықтардың сүйегіне сіңе беретін сыңайлы.
Арайлым Еркебаева, Қарағанды