Сарапшы "БҒМ-ге ақпараттық шабуылды" жоққа шығарды

7934

Жұқсыз саланың жағдайы ешкімге жақпай тұр. 

Сарапшы "БҒМ-ге ақпараттық шабуылды" жоққа шығарды

Осы аптаның сейсенбісінде "жаңа" Үкіметтің кеңейтілген отырысына Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың өзі қатысып, министрлерге жаңа міндеттер жүктегені мәлім. Мемлекет басшысы сапасыз білім беретін ЖОО-ларды жабу ісінің тым созбалаңға салынғанын сынай келе, сонымен бірге "Білім және ғылым министрлігіне қарсы ақпараттық науқан жүріп жатыр" деп мәлімдеді.

Бұл тұжырым қоғамда қызу пікірталас туғызды. "KSC" стратегиялық коммуникациялар агенттігінің SEO-басшысы, имиджмейкер Нұркен Халықберген ешқандай ақпараттық шабуылсыз-ақ БҒМ өз абыройын өзі түсіріп жүргеніне назар аудартады.

"Елімізде білім беру саласының жағдайы сын көтермейді десем, аздық етеді, ол – апатты жағдайда. Басқа түгіл, Президенттің өзі оқулықтар сапасының нашарлығын, ұлттың бәсекеге қабілеттілігінің төмендегенін айтты. Сондай-ақ Қ.Тоқаев қазақстандық оқушылардың сауат деңгейі құлдырағанын, қала мен ауыл арасында білім алуда теңсіздік барын растады. Бұл БҒМ-ға қарсы ақпараттық қысымның нәтижесі емес. Бұл – БҒМ шенеуніктері жұмысының тікелей нәтижесі! Дұрысын айтқанда, білім шенеуніктерінің шабан, оралымсыз қимылының, түбегейлі жаңаруға және нағыз реформаларға дайын болмауының, замана талаптары мен сын-тегеуріндерін елемеуінің және өз ісіне салғырт қарауының салдары", – дейді Н.Халықберген.

Ол мысалы, қашықтан білім беру Қазақстанда тек 2021 жылғы қаңтарда ғана заң жүзінде рәсімделгенін еске салды. Ал қашықтан оқыту мәселелері мен келешегі әлемде он жылдан бері белсенді талқыланып, әр елде нақты шаралар қабылдануда.

"Біздің елімізде де сарапшылар бұл мәселені бұрыннан көтеріп келеді. Алайда БҒМ өзінің 2015 жылғы бұйрығымен дистанциялық оқытуға тосқауыл қойып тастады. Білім саласына арналған дөңгелек үстел басында, министрлік басшылығы алдында осы фактіні келтіргенбіз, бірақ еш реакция болмады. Тіпті былтыр жаһанды пандемия жайлап, отандық жоғарғы және орта білім төтенше жағдайда онлайн форматқа көшкенде, шенеуніктер әбжіл әрі жедел қимылдау орнына әлемде әдетке айналған білім берудің осы бір формасын заңдастыруды бір жылға созды. Сонда саладағы икемді және тиімді басқару туралы қалай сөз қозғауға болады?" – дейді сарапшы.  

Оның байламынша, бұрындары БҒМ-ның "цифрлық шешімдер мен цифрландыру" деп келгені шынында "қағаз жүзінде ғана инновация мен прогресс сияқты болып көрінетін тиімсіз, тіпті зиянды жобаларға республикалық бюджеттің миллиардтарын шығындау болып шықты". Мұндағы жасырын сырлардың бетін пандемия ашты. Нәтижесінде, қазақстандық білім Google Classroom, Zoom, WhatsApp-қа тәуелді болды. БҒМ-ге тағы шығын шығарып, шұғыл телесабақтар түсіруге тура келді.

"Ал бюджетті сорған қаптаған ІТ-жүйелер, электронды оқулықтар, әртүрлі интерактивті тақталар және басқа да псевдобастамалар шынында бюджетті игеру үшін қажет болған. Бәлкім, "олар білім сапасын арттыруға ықпал етті" дер. Онда халықаралық рейтингтердегі Қазақстанның орны неге жақсарып шыға келмеді? Салада ұсынылған көптеген бастама мен жоба ел бюджетіне түсетін жүктемені ауырлатуға ғана бағытталған. Оның астарында білім саласына кіріккен әлдебір құрылымдардың табысын арттыру жатыр", – дейді Нұркен Халықберген.

Ол Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігі 280 адамға арналған инфекциялық госпиталды салу кезінде 3,9 миллиард теңгенің ұрлануына қатысты істі тергеп жатқанын еске салды.

"Енді Үкімет елде жаңадан 800 мектеп салынатынын жариялады. Оның 200-і биыл тұрғызылады екен. Мен мысалы, олардың құрылысы кезінде қыруар ақша ұрлана ма деп қорқамын. Әрине, ел қаржысын жымқырған шенеуніктерді тауып, жазалауға болар. Ал мектеп құрылысы бітпесе, немесе дұрыс салынбаса, бұл балаларымыздың болашағын ұрлау деген сөз ғой. Осы саладағы білімді және болашақ мүмкіндіктерді ұрлаумен қалай күресуге болады?!" – дейді имиджмейкер.

"ҰБТ педагогті қорлап бітті"

"ҚазКСР Ағарту ісінің үздігі", педагог Сергей Қауызбаев саланың емес, ұстаздардың имиджіне алаңдайды. Ол мұғалімдер атынан бұрынғы министрге де жазғанын айтады, бірақ нақты жауап ала алмапты.

"Бір жағымсыз жайт бар. Жақында мен де Ұлттық біліктілік тестілеуін (ҰБТ) тапсырдым. Бірден айтайын, жоғары бал жинадым. Бірақ қуаныш сезіміне бөленбедім. Неге? Өйткені бір мезгілде 50 шақты адам тапсырдық. Бұл ретте атақтары бар құрметті ұстаздар салаға жаңа келген жас педагогтермен теңестірілдік. Тест тапсырту арқылы бізді толқып, қобалжуға мәжбүрледі, бұл қорлайды әрі намысқа тиеді екен. Жасымыз келгенін, жетістіктеріміздің молдығын да ескермеді. ҰБТ-ға келмей қалған, жастар алдында мазақ боламын ба деп қорқып, көзі жасқа толған, министрліктің бұл ісін сынаған әріптестерімнің жағдайы жаныма батады. Мен олармен "жаңа сайланған Парламенттен салаға қатысты жаңа заң қабылдауды талап етеміз!" деп келістім. Әйтпесе, беделіміз еденнен төмен түсіп кетті", – дейді С.Қауызбаев.

Оның байламынша, заңда марапаттары мен жетістіктері көп, 30 жылдан артық еңбек еткен ұстаздарды жәбірлемей, жас баладай әбігерге салмай, тест тапсырудан босатқан жөн дейді. 

Айта кету керек, БҒМ басшысы Асхат Аймағамбетов педагогтердің осы сауалына өз блогы арқылы жауап берді.

"Қолданыстағы "Педагог мәртебесі туралы" заңына сәйкес, педагог өзінің кәсіби шеберлігін, зерттеушілік, интеллектуалдық және шығармашылық деңгейін ұдайы, үздіксіз жетілдіріп тұруға міндетті. Сондай-ақ 5 жылда кем дегенде 1 рет біліктілік категориясы деңгейін арттырып, растап тұруға тиіс. Ал мұғалімдерге арналған ҰБТ педагогтердің кәсіби біліктілігін анықтау мақсатында өткізіледі. Бұл – аттестаттаудың бірінші кезеңі. Ендеше жұмыс өтілі мен тәжірибесіне қарамастан, барлық педагог үшін ол міндетті!" – деп шорт кесті министр.

Жанат Ардақ


Atameken Business Telegram каналына жазылып, маңызды ақпараттардан бірінші болып құлағдар болыңыз ! 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу