Сарапшы: "Бізге мемлекеттік қолдау мен қоқыс реформасы қажет"

Қазақстан қаптамашылар қауымдастығы республикадағы барлық ПЭТ-қалдықтарын қайта өңдеу жұмыстарын қолға алуға дайын.  

Сарапшы: "Бізге мемлекеттік қолдау мен қоқыс реформасы қажет"

Елімізде жылына шамамен 90 мың тонна пластик қалдықтары өндірілсе, оның 3,1 мың тоннасы ғана (3,5%) қайта өңделеді. Қоқыс полигондарында жыл сайын шамамен 4,5-5 млн тонна қатты тұрмыстық қалдық түзіледі.

Осы мәселені Қазақстан қаптамашылар қауымдастығы көтерді. Арнайы ұйымдастырылған брифингте ұйымның басқарма төрағасы Батырбек Әубәкіров қалдықтарды өңдеу экологияға ғана емес, экономикаға да қолдау болатынын жеткізді, деп хабарлайды inbusiness.kz.

Экология министрлігінің деректері бойынша Қазақстанда жылына шамамен 90 мың тонна пластик қалдықтары өндіріледі, оның 3,1 мың тоннасы ғана (3,5%) қайта өңделеді. Жыл сайын полигондарда шамамен 4,5-5 млн тонна қатты тұрмыстық қалдық жиналады.

"Қазақстан қаптамашылар қауымдастығы ПЭТ-қалдықтарды қайта өңдеушілердің 90%-ын біріктіре отырып, барлық ПЭТ-қалдықтарды қайта өңдеу бойынша жұмысты мойындарына алуға дайын", – деді қауымдастық басшысы.  

Бұл ретте ол Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінен Қазақстанда ПЭТ-қалдықтарды қайта өңдеу саласын дамытуға жәрдемдесуді сұрады. 

"Біздің қауымдастықта ПЭТ-қалдықтарды өңдеу мен оның қуаттылығына арттыруға  дайын 14-ке жуық зауыт бар, осылайша ел бюджетіне түсетін түсімдердің ұлғаюына және жұмыссыздық деңгейінің төмендеуіне ықпал ете аламыз. Қазақстанның қаптамашылар қауымдастығы президент пен үкіметтен барлық облыс әкімдіктеріне Қазақстандағы қайталама шикізатты қайта өңдеушілермен белсенді ынтымақтастық орнатуға және осы жұмысты KPI-ге енгізуді , яғни,  осы бағыттағы әрбір облыс әкімінің жұмысын бағалауды сұраймыз. Біз мұны өз бетімізше жасауға тырыстық, бірақ қазіргі уақытта әкімдіктер біздің өтініштерімізді елемей отыр", – деді Батырбек Әубәкіров.

Қауымдастық өкілдерінің пікірінше, ПЭТ-қалдықтарын, макулатураны, шыныны, яғни, қайталама шикізатты сатып алуда қазақстандық қайта өңдеушілер басымдыққа ие болуға тиіс. 

"Әкімдіктер қоқыс полигондарына иелік етеді және бұл жұмысты жолға қою да осы лауазымды тұлғаларын қолында. Бұл салық және  халықты жұмыспен қамту жағынан пайдалы. Мәселен, 2021 жылы біздің кәсіпорындар салық түрінде бюджетке 2 млрд теңгеден аса сома аударды. Сондай-ақ, осы арқылы экспортқа бағдарланған өнім жасауға болады. Бірақ бұл үшін мемлекеттік қолдау мен қоқыс реформасы қажет", – дейді қауымдастық басшысы. 

Айта кететіні, елімізде ПЭТ шикізатының экспорты өсуде. Бұл жерде ПЭТ деп отырғанымыз – полиэтилентерефталат, яғни, термопластикалық полимер. Ол бөтелке, киім, жиһаз және т.б. заттар өндірісі үшін қолданылады. 

Қазақстан 2020 жылы шетелге 114,9 мың АҚШ доллары сомасына 924,7 тонна ПЭТ экспорттаса, 2021 жылы бұл көрсеткіш 461,2 мың АҚШ доллары сомасына 1 518,4 тоннаны құрады. Бұл алдыңғы жылдан тиісінше 164,2%-ға және 1,5 есеге артық.

Ал биылғы жылдың 3 айында ПЭТ шикізатының экспорты 461,2 мың АҚШ доллары сомасына 632,6 тоннаны құрады.

Экспорттың негізгі көлемі сыйымдылығы 2 литрден аспайтын бөтелкелерге келеді. Барлық дерлік шикізат Ресей Федерациясына экспортталады.

Алайда сарапшылар Қазақстан Республикасының аумағынан полиэтилентерефталат қалдықтарын сырт елге әкетуге тыйым салу керек деп есептейді. 

Мысалы, Өзбекстан 2013 жылдан бері ПЭТ қалдықтары мен қайта өңделген материалдарды экспорттауға тыйым салған. Бұл тыйым өзбек өңдеушілерін қажетті шикізатпен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Себебі аталған қалдықтарды құрылыс материалдарын (геотекстиль, геокомпозит, геомембран және т.б.) өндіруде, тоқыма өнеркәсібіне арналған штапельді талшықтар жасауға, ПЭТ контейнерлерін құрастыруға, сонымен қатар оны флекс түрінде шетелге экспорттауға болады. Осы арқылы қалдықтарды сырт елге тиынға сатпай, қомақты қаржы табуға болады. 

Бүгінде елімізде ПЭТ қалдықтарын өңдеп, өндірісте қолданатын 12-ге жуық кәсіпорын бар. Қазір олар 25%-30% жүктемемен ғана жұмыс істеуде. Мұның бір себебі – пластик қалдықтарының аздығы. 

Құралай Құдайберген

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу