Каспий құбыр консорциумы (КҚК) Ресей мен Қазақстанға қатысы бар компания. Аталған құбыр арқылы еліміздің экспорттық мұнайының үштен екісі сыртқа тасымалданатын. Мұны өткен шақта жазып отыруымыздың өзіндік себебі де бар.
Атап айтқанда, наурыз-сәуір айларында Қара теңізде болған "дауылдан" Каспий құбыр желісі консорциумына тиесілі құбырға айтарлықтай зақым келді. Содан бері желі жұмысын толық көлемде жандандырған жоқ, деп жазды inbusiness.kz.
Сәтсіздіктер шырмалаңы мұнымен аяқталар емес. Кейін миллиардтаған рубльге экологиялық айыппұл салынды. Артынша мұнай құбырында Екінші дүниежүзілік соғыс кезіндегі миналар табылып, оларды залалсыздандыру керек болды. Енді міне РФ Премьер-министрінің орынбасары Виктория Абрамченконың тапсырмасы бойынша тексеріс жүргізіліп, Ресей соты Каспий құбыр консорциумының қызметін бір айға тоқтатты.
Дереу балама экспорт жолдарын дамыту керек
"DAMU Capital Management" ЖШС бас директоры Мұрат Қастаев көптеген жылдар бойы жұмыс істеп келе жатқан КҚК құбырының кенеттен экологиялық зардабы анықталғанына сенімсіздікпен қарайтынын ашып айтты.
"Бұның жалғыз себебі – Қазақстанның Украинадағы шиеленісте Ресейді тікелей қолдамағаны, ДНР мен ЛНР құрылымдарын мойындамауы деп санаймын. Біздің солтүстік көршіміз өзінің шынайы бет бейнесін көрсетті. Бұл "Ресейдің саясаты аясында жүрмесең, зардабын татып көр" дегенді меңзегендей болып отыр", – дейді экономист.
Мұрат Қастаевтың айтуынша, әрине, Ресей тарапы оны ешқашан мойындамайды.
"Техникалық, экологиялық, тағы басқа сылтаулар табыла береді. Сонда да Қазақстан Ресейдің айтқанымен жүруіне жол бермеуі керек. Себебі Қазақстан Ресейді толық қолдаса, Батыс санкцияларының "астында" қалуы мүмкін, ал санкциялар біздің шағын экономикамызды толық құлдыратары сөзсіз. Сондықтан Қазақстан Ресеймен қарым-қатынасты бұзбауға тырысып, көп векторлы сыртқы саясатты ұстанып, дереу балама экспорт жолдарын дамытуы керек. Каспий арқылы тасымалданатын БТД құбыры, Қазақстан-Қытай құбыры бойынша, Иран арқылы мұнай экспортын дамытып, Ресейге тәуелділігімізді төмендету маңызды. Бұл, әрине, оңай жұмыс емес, алайда 3-4 жыл ішінде әлбетте жүзеге асыруға болады", – дейді сарапшы.
Бұл жайт Қазақстан экономикасына қалай әсер етеді?
2021 жылдың қорытындысы бойынша қазақстандық мұнай экспорты 67,6 млн тоннаны құрады. КҚК мұнай құбыры жүйесі арқылы 53,71 млн тонна "қара алтын" жөнелтілді. Бұл Қазақстан экспорттайтын мұнайдың 80%-ы шамасында.
"Нақты КТК арқылы Қазақстан мұнайының 82%-ы экспортқа шығарылады. Сондықтан оны тек бір ай тоқтап тұрғаны жылдық көлемнің 1/12 үлесіне тең. Бұл шамамен айына 300 млн доллар шамасында деп болжаймын", – деп нақтылады экономист.
Мұнай сатқаннан тікелей түсетін қаржыдан бөлек құбырдың жұмыс істемеуі мұнай өндіру көлемін азайтады. Себебі құбырмен тасымалдау тоқтап, мұнай өндіретін компаниялардың қоймалары толып кетсе, онда өндірісті ең төменгі деңгейге дейін азайту керек. Өйткені ұңғымаларды толық тоқтату тым қиын және қымбатқа түседі.
"Мұнай өндіру төмендеген жағдайда, жұмысшыларды демалысқа жібереді, олардың жалақысы азаяды, яғни шығындары да азаяды, бұның салдарынан мұнайлы өңірдің саудасы, шағын және орта бизнестері зардап шегеді. Сонымен қатар мұнай өндіретін компаниялардың табысы азайса, мемлекеттік бюджетке төленетін салықтары да азаяды. Яғни тек мұнай тасымалының тоқтауы үлкен мультипликативтік шығын әкеледі, барлық тікелей және жанама шығындарды санағанда, КҚК құбырының тоқтауы Қазақстан экономикасына айына 500-600 млн доллар шамасында қатер әкеледі деп есептеймін", – деп қорытындылады Мұрат Қастаев.
Бұл мәселеге ел Үкіметі де алаңдаулы.
6 шілде ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов Каспий құбыр консорциумы қызметінің уақытша тоқтап қалуына байланысты жедел кеңес өткізді.
Кеңес барысында мұнай экспорты шектелуінің салдары мен мемлекеттік бюджеттің шығындарын азайтуға қатысты шаралар талқыланды. Талқылау қорытындысы бойынша Үкімет басшысы бірқатар тиісті тапсырма берді.
Құралай Құдайберген